180 киіз үй, ерекше рекордтар және ұлттық ойындар. Қазақ халқы Абай тойын қалай өткізді

Ұлы ақынның Шымкент қаласындағы ескерткішіне қойылған гүл шоқтары. Фото: narkesken.kz
Ұлы ақынның Шымкент қаласындағы ескерткішіне қойылған гүл шоқтары. Фото: narkesken.kz
1–10 тамыз аралығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мәдени іс-шаралардың онкүндігі өтті.

1-10 тамыз аралығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған онкүндік өтті. Жер-жерде хакімнің өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі іс-шаралар өтті. Театр қойылымы, ақындар айтысы, ғылыми конференция, көрмелер мен концерттер әр күннің шырайын келтірді. Informburo.kz Абай тойының ел есінде қалатын талай қызыққа толы сәттерін баяндайды.

Рекорд орнатқан ойын

Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай тойы аясында Семейде "Абай QUIZ" республикалық зияткерлік ойыны өтті. Оған еліміздің 10 өңірінен 180 команда, яғни 1 080 ойыншы жиналды. 4,7 миллион теңгелік жүлде қоры сарапқа салынды. 

Бас жүлде астаналық "Brainstorm" командасына бұйырды. 2-орын – "Алматы Микс", 3-орын – семейлік "Тұрақсыз тіркестер" тобының үлесіне тиді. 

Ұйымдастырушылар бұл шараны ең көп ойыншы қатысқан интеллектуалды ойын ретінде Қазақстан рекордтар кітабына ұсынбақ. 

180 жылдыққа – 180 киіз үй

Фото: Абай облысының әкімдігі

Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Қарауылда 180 киіз үй тігілді.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Ақынның туған жеріне Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация келді. Олардың қатарында парламент депутаттары, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, халық жазушысы Төлен Әбдік, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бар.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Сахнада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Онда Абай мұрасының әмбебап құндылығы мен аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендету басымдық екені айтылды.

@dddudiii #АбайТойы #Қарауыл #Қарауылтөбе #Абай180 #МәуленӘшімбаев #СенатТөрағасы #БерікУәли #АбайОблысыныңӘкімі ♬ оригинальный звук - Duman K.

10 көлік, 90 жылқы таратылды

Фото: Абай облысының әкімдігі

Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтойда "Жеті қазына" ұлттық спорт фестивалі ел есінде ерекше қалмақ. Демеушілер мерейтойдың бас жүлде жеңімпаздарына – 10 автокөлік, қалған жеңімпаздарған 90 жылқы сыйлады.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Фестиваль алаңында бір күнде жорға жарысы, 16 шақырымдық топ бәйге мен 25 шақырымдық аламан бәйге, қазақ күресінің "Түйе палуан" және "Өгіз палуан" бәсекелері, ультрамарафон, тоғызқұмалақ ойыны өтіп, көрерменнің арқасын қоздырды.

@dddudiii #АбайТойы #Абай180 #Қарауыл #АбайОблысы #АбайАуданы #Бәйге #Аламан #Топ #Жорға ♬ оригинальный звук - Duman K.

Топ бәйге мен аламанда Алматы облысы мен Павлодардың жүйріктері, жорғада қырғыз сәйгүлігі үздік шықты.

Қазақ күресінен "Түйе палуан" атағын маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов, ал "Өгіз палуанды" алматылық Жігер Еркінұлы иеленді.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Ең төзімді спортшы атағы батысқазақстандық Баубек Ильясовқа бұйырды. Ол Семейден Қарауылға дейінгі 180 шақырымдық ультрамарафонды 19 сағат 9 минутта жүгіріп өтті. Абайдың сүйікті ойыны тоғызқұмалақта шымкенттік Ғалымжан Темірбаев ешкімге дес бермеді.

Рубик кубигінен Абай бейнесі құрастырылды

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордадағы MEGA Silk Way орталығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ерекше арт-инсталляция қойылды. Ұлы ақынның портреті 3000 рубик текшесінен құрастырылып, небәрі бес сағат ішінде жиналды. Биіктігі – 3 метр, ені 2 метр болатын бұл туындыны спидкубер жастар құрастырып шыққан.

Жобаны ұйымдастырған Әлихан Ертұрсынның айтуынша, рубик текшесі логика мен шығармашылықты тоғыстырған өнер нысанына айналды. 

180 "Абай жолы" романы таратылды

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістандықтар Абайдың 180 жылдығына орай 180 "Абай жолы" романының топтамасын басып шығарып, жастар мен тұрғындарға таратты.

Абай есімді нәрестелерге – домбыра

Фото: azattyq-ruhy.kz

Абайдың 180 жылдығы Ақтөбеде ерекше сәттермен есте қалды. Дәл мерейтой күні өңірде 35 сәби дүниеге келіп, олардың екеуіне ұлы ойшылдың құрметіне Абай есімі берілді. Бірінші Абай таңғы сағат 5:15-те, ал екіншісі – Абай Абайбекұлы – екі сағаттан кейін, 7:00-де өмірге келген. Тағы бір қызығы, екеуі де – ата-анасының тұңғышы.

Жас аналар Айзана мен Ақгүлді қуанышымен құттықтау үшін қала әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев перзентханаға барып, шаһар басшысының атынан домбыра сыйлады. 

"Абай елі" стелласы ашылды

Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай ауданындағы Қарауылтөбеде "Абай елі" стелласы ашылды. Стелланың авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев. Бұл орын енді ауыл қонақтары үшін Қарауылдың көркем көрінісін биіктен тамашалайтын жаңа тартымды нүктеге айналмақ.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Стелла төрт тұғырдан тұрады: қауырсын қалам – "Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы" ұстанымының символы; қалқан – ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерлердің айбыны; домбыра – Абайдың жаны мен әнінің өзегі; ақбесік – ұлыларды тудырған қасиетті бесік. Ескерткіштің ең биігі – ғаламшар мен оны айнала қалықтаған қарлығаш, тыныштық пен тұрақтылықтың белгісі.

Әр облыстан – бір сый

Фото: Абай облысының әкімдігі

Мерейтой аясында "Абайға құрмет" акциясы басталды. Әр өңір Абай облысына бір нысан салып береді. Маңғыстау облысы – Достық үйін, Шымкент қаласы – шығармашылық орталық, Түркістан облысы – көрме орталығын, Астана – келешек мектебін, Ақтөбе облысы – жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы – үстел теннисі орталығын салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы қаладағы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандырып бермек.

Сонымен қатар меценаттардың көмегімен "Абай-Шәкәрім" кесенесінің жанынан 60 гектар аумақта "Этно ауыл Жидебай" бой көтереді.

Концерттер мен әдеби іс-шаралар

Фото: Абай облысының әкімдігі

Жалпы алғанда ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына ел бойынша 5 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында "Абай академиясы" атты энциклопедиялық порталдың таныстырылуы, зағип жандар мен нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың ашылуы, "Адамзаттың Абайы" республикалық ақындар айтысы, "Құнанбай" көркем фильмінің көрсетілімі, "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" халықаралық ақындар фестивалі, "Асыл сөзді іздесең Абайды оқы" республикалық жыр мүшәйрасы, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Мұхтар Әуезовтің "Абай" спектаклі, Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымындағы концерт, "Абай оқулары" республикалық байқауы және тағы басқа ауқымды іс-шаралар өтті.

Серіктестер жаңалықтары