
Жыл сайын бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығы беріледі. Бұл сыйлық 1901 жылдан бастап 104 рет табысталды. 2024 жылы Нобельді Хиросима мен Нагасакиде атом бомбасынан зардап шеккен адамдар өмірі туралы баяндау арқылы әлем елдерін ядролық қарудан бас тартуға шақырған Nihon Hidankyo қозғалысы иеленді.
Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығы соғыс пен қақтығысты тоқтатуға, ядролық қарусыздандыруға, халықаралық қатынастарды нығайтуға үлес қосқан мемлекет басшысыларына да берілген. Олардың қатарында АҚШ президенттері Теодор Рузвельт, Вудро Вильсон, Джимми Картер, Барак Обама, КСРО президенті Михаил Горбочев, ОАР президенті Нелсон Мандела, Германия канцлері Вилли Брандт сияқты саясаткерлер бар.
Осы орайда Информбюро тілшісі бейбітшілік саласында Нобель сыйлығына ие болған мемлекет басшылары туралы шолу әзірледі.
Теодор Рузвельт
1906 жылы "Бейбітшілік" сыйлығы АҚШ-тың 25-президенті Теодор Рузвельтке табысталды. Оған Ресей-Жапония соғысын (1904–1905) тоқтатудағы делдалдық рөлі үшін берілді. Ол екі ел делегациясын АҚШ-тың Портсмут қаласында келіссөз жүргізуге шақырып, бейбіт келісімге қол қоюға ықпал етті.
Ресей мен Жапония Маньчжурия мен Корея үшін соғысты. Рузвельт бейбітшілікті сақтаумен қатар, АҚШ-тың халықаралық аренадағы беделін күшейтті.
Теодор Рузвельт "Бейбітшілік" сыйлығын алған алғашқы америкалық әрі мемлекет басшысы атанды. Ол марапаттау рәсіміне келмей, орнына сыйлықты елші және Норвегиядағы өкілетті министр Герберт Пирс алды.
Огюст Мари Франсуа Беернарт
Бельгия премьер-министрі Огюст Мари Франсуа Беернарт 1909 жылы Пол Анри д’Эстурнель де Констанмен бірге Нобель сыйлығына ие болды. Оған бұл марапат халықаралық арбитраж және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу идеясын насихаттағаны үшін берілді. Беернарт Гаага бейбіт конференцияларына қатысып, халықаралық сот құру бастамасын қолдады.
XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында халықаралық қақтығыстарды сот арқылы шешу тың идея еді. Бельгия премьер-министрі кезінде бейбіт дипломатияны дамытты.
Вудро Вильсон
1919 жылы Вудро Вильсонға Нобель сыйлығы бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейбітшілік орнатуға қосқан үлесі және Ұлттар Лигасын құрудағы рөлі үшін берілді. 1918 жылы ол соғыстан кейінгі әлемді бейбіт және әділ етуге бағытталған "14 тармақ" атты жоспарын жариялады. Бұл тармақтарда ашық дипломатия, қаруды қысқарту, ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы, теңіз еркіндігі сияқты принциптер қамтылды.
Вильсон осы идеялар негізінде Ұлттар Лигасын құру бастамасын көтерді. Бұл ұйым қазіргі БҰҰ-ның іргетасы еді. Алайда АҚШ Конгресі Вильсонның бастамасын қолдамай, елдің өзі Ұлттар Лигасына мүше болмады. Осы шешім Вильсонның беделіне әсер етсе де, оның бейбітшілік жолындағы халықаралық ықпалын Нобель комитеті мойындады.
Карл Ялмар Брантинг
1921 жылы Швеция премьер-министрі Карл Ялмар Брантингке Нобель сыйлығы берілді. Ол бұл марапатты Кристиан Ланге, Фредерик Байермен бөлісті. Брантингке халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және Ұлттар Лигасын қолдауға қосқан үлесі үшін берілді.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде бейбітшілік орнату үшін Ұлттар Лигасы құрылды. Ол Швецияны Ұлттар Лигасының белсенді мүшесі етті. Қарусыздану және бейбіт келіссөздерді қолдады. Карл Ялмар Брантинг Ұлттар Лигасының белсенді жақтаушысы, бейбітшілік саясатын ұстанған социал-демократиялық көшбасшы болды.
Лестер Боулс Пирсон
1957 жылы Канада сыртқы істер министрі Лестер Боулс Пирсон Нобель сыйлығына ие болды. Оған бұл марапат БҰҰ бітімгерлік күштерін құрудағы рөлі үшін берілді.
1956 жылы Суэц дағдарысы кезінде Мысыр, Израиль, Ұлыбритания және Франция арасында қақтығыс болды. Сол кезде Лестер Боулс Пирсон бірінші БҰҰ бітімгерлік күштерін (UNEF) ұйымдастырды. Қақтығысты әскери жолмен емес, халықаралық бақылаумен шешті.
БҰҰ-ның алғашқы бейбітшілік миссиясын ұйымдастырып, қақтығысты ушықтырмай тоқтатқаны үшін Нобель сыйлығын алған саясаткер 1963-1968 жылдары Канада премьер-министрі болды.
Вилли Брандт
1971 жылы Батыс Германия канцлері Вилли Брандтқа Шығыс пен Батыс Германия арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған Ostpolitik саясаты үшін Нобель сыйлығын иеленді. Ол Кеңес Одағымен, Польшамен бейбіт келісімдер жасап, қырғиқабақ соғыс кезінде Еуропадағы шиеленісті азайтуға күш салды.
Қырғиқабақ соғыс кезінде Германия екіге бөлінді. Вилли Брандтың өзі Варшаваға барып, ескерткіш алдында тізе бүгіп, Польша халқынан тарихи кешірім сұрады. 1980-жылдарға дейін ішкі және сыртқы саясатта белсенді қызмет етті.
Эйсаку Сато
1974 жылы Жапония премьер-министрі Эйсаку Сато Шон МакБрайдпен бірге Нобель сыйлығына ие болды. Оларға ядролық қаруды таратпау және Азиядағы бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін бейбітшілік сыйлығы берілді.
Эйсаку Сато ядролық қаруды таратпау туралы шартты (NPT) қолдап, Жапонияның "үш ядролық қағиданы" енгізді. Бұл қағида бойынша ядролық қару жасамау, оны иеленбеу және елге кіргізбеу керек еді.
Жапония – атом бомбасы түскен жалғыз мемлекет. Эйсаку Сато болса премьер-министр қызметін атқарған кезде ядролық қарусыздану саясатын ұстанды.
Ол 1975 жылы қайтыс болды. Жапония тарихындағы ең ұзақ қызмет еткен премьер-министрлердің бірі болды.
Әнуар Садат және Менахем Бегин
1978 жылы АҚШ президенті Джимми Картер Мэриленд штатындағы Кэмп-Дэвид резиденциясына Мысыр президенті Әнуар Садат пен Израильдің премьер-министрі Менахем Бегиндім шақырып, 12 күндік келіссөз жүргізді. Екі елдің басшысы бейбіт келісімшартқа және Синай түбегін Египетке қайтару туралы қол қойды. Осы әрекеті үшін екеуіне Нобель Бейбітшілік сыйлығы берілді.
Кэмп-Дэвид келісімінің арқасында Мысыр мен Израиль арасындағы 30 жылға созылған қақтығыс тоқтады. Осы келісімнен кейін Мысыр Израильді мойындаған алғашқы араб елі болды. Бірақ 1981 жылы Әнуар Садатқа қастандық жасалып, қаза тапты.
Оскар Ариас Санчес
1987 жылы Коста-Рика президенті Оскар Ариас Санчес Орталық Америкадағы азамат соғыстарды, қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған бастамасы үшін Нобель сыйлығын алды.
1980-жылдары Никарагуа, Сальвадор, Гватемала және Гондураста азамат соғыстары болды. Оскар Ариас Санчес Esquipulas II бейбіт келісімін жасап, осы елдердегі қақтығыстарды тоқтатуға күш салып, демократиялық реформаларға шақырды.
Ол екі мерзім бойы Коста-Риканың президенті қызметін атқарды. Қызметінен кеткен соң да бейбітшілік белсендісі ретінде қызметін жалғастырды.
Михаил Горбачёв
1990 жылы Нобель комитеті Михаил Горбачевке "бейбітшілік үдерісіндегі жетекші рөлін ескеру үшін" бейбітшілік сыйлығын табыс етті.
1985 жылы КСРО басшылығына Михаил Горбачев келген соң социалистік лагерьдегі өзгерістер орын ала бастады. Нәтижесінде 1989 жылы шығыс пен батыс қарама-қайшылығының, капитализм мен социализм күресінің белгісі болған 155 шақырымға созылып жатқан бетон қабырға – "Берлин қабырғасы" бұзылды. 1990 жылы қыркүйекте Германия канцлері Гельмут Коль мен КСРО президенті Михиал Горбачев өз әскерін Германиядан шығару туралы келісімге қол қойды. 1990 жылдың 3 қазанында ГДР мен ГФР ресми түрде біріктірілді. Бұл тарихи істі ұйымдастыруда КСРО басшысының рөлі зор.
Ол КСРО басшысы ретінде "қайта құру" және "ашықтық" саясатын енгізді. Бұл Кеңес қоғамын демократияландыруға және сөз бостандығын кеңейтуге жол ашты. АҚШ-пен ядролық қаруды қысқарту жөнінде маңызды келісімдерге қол қойды. Шығыс Еуропадағы коммунистік режимдер бейбіт түрде құлаған кезде КСРО әскерін ұстап отырды. Германияның бірігуіне және Еуропадағы саяси картаның өзгеруіне ықпал етті.
Михаил Горбачёв – Нобель сыйлығын алған соңғы кеңестік көшбасшы. Ресейде оған қатысты көзқарас екіұдай: біреулер оны бейбітшілік үшін еңбегі зор қайраткер десе, енді біреулер Кеңес Одағының ыдырауына жол берді деп сынайды.
Аун Сан Су Чжи
1991 жылы Мьянма демократиялық қозғалысының көшбасшысы Аун Сан Су Чжи демократия жолындағы бейбіт және зорлықсыз күресі үшін Нобель Бейбітшілік сыйлығымен марапатталды. 1988 жылы Мьянмада әскери төңкеріс болған кезде Аун Сан Су Чжи әскери диктатураға қарсы бейбіт оппозициялық қозғалысты басқарды. 1989 жылдан бастап саясаткер 15 жылға жуық үй қамақта отырса да саяси реформаны талап етті. Ол әлемде бейбіт қарсылықтың символына айналды.
2015 жылы Мьянмадағы сайлауда Аун Сан Су Чжидің партиясы жеңіске жетіп, мемлекеттік кеңесші ретінде билікке келді. Алайда 2021 жылы әскери төңкеріс нәтижесінде қайта қамауға алынды.
Ол Мьянманың де-факто лидері саналады. Кейінірек Рохинджа мұсылмандарына қатысты қуғын-сүргін кезінде үнсіз қалғаны үшін халықаралық қысымға ұшырап, беделі түсті.
Нельсон Мандела мен Фредерик Виллем де Клерк
1993 жылы Нельсон Мандела мен Фредерик Виллем де Клерк "апартеид режимінің бейбіт аяқталуына және Оңтүстік Африкада жаңа демократия негіздерін даярлаудағы олардың еңбегі үшін" бейбітшілік сыйлығына ие болды. Виллем де Клерк сол кездегі Оңтүстік Африка Республикасының президенті еді. Ал Мандела Нобель сыйлығын алғаннан кейін президент атанды.
Нельсон Мандела 27 жыл түрмеде отырып, 1990 жылы бостандыққа шықты. Мандела үш жылды Де Клеркпен бірге апартеид құрылымын бөлшектеуге арнап, елдегі демократиялық сайлауға жол ашты. Олар елдің жаңа Конституциясын дайындап, барлық нәсіл өкілдеріне тең құқық берді.
1994 жылы Мандела Оңтүстік Африка Республикасының алғашқы қара нәсілді президенті болып сайланды. Президент ретінде өткізген бес жылында халықаралық және ұлтаралық татулықты насихаттағаны үшін әлемдік құрметке ие болды.
Ицхак Рабин, Шимон Перес және Ясир Арафат
1994 жылы Ицхак Рабин, Шимон Перес және Ясир Арафатқа Нобель сыйлығы берілді.
1993 жылы АҚШ астанасы Вашингтонда Израиль премьер-министрі Ицхак Рабин мен Палестина азат ету ұйымының (ПАЕҰ) жетекшісі Ясир Арафат қол алысып, бейбітшілік жолындағы ниетін жариялады.
Олар Осло бейбіт келісімдерін жасау арқылы Израиль-Палестина қақтығысын реттеуге талпыныс жасады. Келісім бойынша Палестина автономиясы құрылып, тараптар бір-бірін мойындады. Алайда 1995 жылы Рабин Тель-Авивтегі бейбітшілік митингісінде қастандықпен өлтірілді. Тарихи құжаттарға қол қойып, келіссөз жасауға белсене қатысқан Израиль сыртқы істер министрі кейіннен премьер-министр атанды.
Осло келісімдері Палестина автономиясын құруға және Израиль әскерін белгілі бір аймақтардан шығаруға жол ашты. Келісімдер толық орындалмаса да, бұл оқиға Израиль–Палестина бейбітшілік процесіндегі ең үлкен үміт кезеңі болды.
Кейін Осло процесі баяулап, көптеген шарт орындалмай қалды. Бұл марапат Таяу Шығыс дипломатиясының ең маңызды символдарының бірі болып қалды.
Жозе Рамуш-Орта
1996 жылы Жозе Рамуш-Орта шығыс тиморлық белсенді Карлуш Белумен бірге Нобель сыйлығын алды. Оларға Шығыс Тимор жанжалын әділ және бейбіт жолмен шешуде олардың күш-жігері үшін бейбітшілік сыйлығы берілді.
1975 жылы Португалиядан тәуелсіздігін жариялаған Шығыс Тиморды бірнеше күннен кейін Индонезия басып алды. Окупация кезінде ондаған мың адам қаза тапты.
Жозе Рамуш-Орта БҰҰ-да және басқа халықаралық алаңдарда елінің жағдайын көтеріп, Шығыс Тимордағы адам құқықтарының бұзылуын бүкіл әлемге танытты. Ал Карлуш Белу жергілікті халықты бейбітшілікке үндеп, қақтығыстарды тоқтатуға тырысты.
Католик епископы Карлос Белу болса жергілікті халықты бейбітшілікке үндеп, қақтығыстарды тоқтатуға тырысты. Бұл марапат Шығыс Тимор мәселесіне әлем назарын аударды. 1999 жылы БҰҰ бақылауымен өткен референдумда халықтың көпшілігі тәуелсіздікті қолдап дауыс берді. 2002 жылы Шығыс Тимор ресми түрде тәуелсіз мемлекет болды, ал Жозе Рамуш-Орта кейін ел президенті атанды.
Дэвид Тримбл
Солтүстік Ирландияның алғашқы министрі Дэвид Тримбл 1998 жылы Джон Хьюммен бірге Нобель Бейбітшілік сыйлығына ие болды. Оған Солтүстік Ирландиядағы "The Troubles" қақтығысын бейбіт жолмен аяқтауға қосқан үлесі үшін берілді.
Солтүстік Ирландияда протестанттар (британшылдар) мен католиктер (ирланд ұлтшылдары) арасындағы қақтығыс отыз жылға созылды. Дэвид Тримблдің бастамасымен екі тарап 1998 жылғы Белфаст келісіміне (Good Friday Agreement) келді.
Ол Солтүстік Ирландия парламентін қайта құру процесіне қатысты. 2022 жылы қайтыс болғаннан кейін Ұлыбритания саясатында бейбітшілік символы ретінде есте қалды.
Ким Дэ Чжун
2000 жылы Нобель Бейбітшілік сыйлығы Оңтүстік Корея президенті Ким Дэ Чжунға Солтүстік Кореямен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған бастамалары үшін берілді.
Корея соғысынан (1950–1953) кейін екі ел арасындағы қатынас өте шиеленісті болды. Ким Дэ Чжун 1998-2003 жылдары президент болған кезде "Sunshine Policy" яғни "Күн сәулесі саясаты" деп аталған саясатты бастады. Бұл саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды арттыру арқылы бейбітшілік орнату жоспары еді.
Нәтижесінде 2000 жылы Пхеньянда Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ирмен кездесті. Қос Корея арасындағы алғашқы жоғары деңгейлі саммит өтті. Отбасыларды қайта қауыштыру бағдарламасы іске қосылды. Ол қайтыс болғаннан кейін Оңтүстік Кореяда демократия символы ретінде есте қалды.
Джимми Картер
АҚШ-тың 39-президенті Джимми Картер 2002 жылғы Нобель Бейбітшілік сыйлығының иегері атанды. Нобель комитеті оның ондаған жылдар бойы халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу, демократия мен адам құқықтарын ілгерілету және әлеуметтік-экономикалық дамуға қосқан үлесін бағалады.
Джимми Картер 1977-1981 жылдар аралығында АҚШ президенті қызметін атқарды, Нобель сыйлығын президент қызметінен кеткен соң да бейбітшілікке, сайлаулардың әділ өтуіне және кедей елдердегі денсаулық сақтау жобаларына белсенді араласқаны үшін алды.
Ол 1978 жылы Израиль мен Мысыр арасында Кэмп-Дэвид келісімін ұйымдастырды. Бұл келісім Таяу Шығыстағы бейбіт процестің маңызды қадамы болды. Адам құқықтарын қорғау саясатын сыртқы саясаттың басты бағыты етті.
1982 жылы Carter Center атты ұйым құрды. Бұл ұйым сайлауларды бақылау, жанжалды аймақтарда бітімгерлік миссиялар жүргізу, аурулармен күресу сияқты жұмыстармен айналысады. Либерия, Гаити, Босния, Солтүстік Корея сияқты елдерде делдалдық миссияларға қатысты. Гвинеядағы құрт ауруы мен безгекке қарсы халықаралық кампания жүргізді.
Нобель комитеті Джимми Картерді "әлемдегі ең белсенді бейбітшілік қорғаушысы" деп атап, сыйлықты тек президенттік қызметі үшін ғана емес, өмір бойғы бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесі үшін берді.
Элен Джонсон-Серлиф
2011 жылы Нобель комитеті бейбітшілік сыйлығына Элен Джонсон-Серлифті лайық деп тапты. Оған бұл марапат Либериядағы әйелдердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, әйелдердің бейбітшілік құру және демократияға қатысуына жағдай жасау жолындағы күресі үшін берілді.
Элен Джонсон-Серлиф бұл сыйлықты азамат соғысын тоқтатуға үлес қосқан либериялық бейбіт белсенді Лейма Гбови және араб елдерінде демократия мен әйелдер құқығын қорғаушы йемендік журналист және белсенді Таваккул Карманмен бірге алды.
Элен Джонсон-Серлиф Африкада демократиялық жолмен сайланған алғашқы әйел президент атанды. 2006-2018 жылдары президент қызметкен атқарған ол Либерияда азамат соғысы аяқталғаннан кейін елді тұрақтандыру, татуласу және әйелдердің саясаттағы рөлін арттыруға күш салды. Ол БҰҰ-мен және халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп, әйелдерді қақтығыстарды реттеу процесіне қосу тәжірибесін дамытты.
Нобель комитеті Элен Джонсон-Серлифті "әйелдердің бейбітшілік орнатудағы рөлін бүкіл әлемге дәлелдеген көшбасшы" деп бағалады. Оның президенттігі кезінде Либерияда сөз бостандығы кеңейіп, әйелдер үкімет пен қоғамда белсенді бола бастады.
Барак Обама
2009 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы АҚШ президенті Барак Обамаға табысталды. Ол халықаралық дипломатияны нығайту және халықтар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге қосқан ерекше үлесі үшін марапатталды. Нобель комитеті Обаманың ядролық қаруды таратпауға қосқан үлесіне де ерекше назар аударды.
Барак Обама 2009 жылы президент қызметіне кіріскен сәттен бастап әлемді қарусыздануға шақырып, Таяу Шығыс бейбіт процесін қайта жаңғыртты. Ол АҚШ президенті атанған соң бар-жоғы 9 айға жетпейтін уақытта Нобель сыйлығына лайық деп танылды. Осылайша Барак Обама бейбітшілік саласында Нобель сыйлығына ие болған төртінші АҚШ президенті атанды.
Сарапшылар мұны "үміт сыйлығы" деп атады, өйткені бұл марапат Барак Обаманың болашақ әрекеттеріне сенім ретінде берілді.
Хуан Мануэль Сантос
2016 жылы Нобель сыйлығын Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантос жеңіп алды. Нобель комитеті саясаткерге бұл сыйлықты Колумбияда 50 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқан азаматтық соғысты тоқтату үшін бүлікшілерімен бейбіт келісім жасағаны үшін берді.
1964 жылы басталған үкіметтік күш-құрылымдары мен "Колумбияның революциялық қарулы күштері" әскері солшыл радикалды күштері мен түрлі әскерилендірілген радикалды топ өкілдері арасында болған қақтығыстардың салдарынан қаншама адам мерт болып, қаншама адам босқынға айналды. Сантос келісім арқылы елде тұрақтылық орнатуға қадам жасады. 2017 жылдың 27 қыркүйегінде бірнеше жыл қатарынан жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде тараптар арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге келді.
Хуан Мануэль Сантос көтерілісшілердің қаруын тастап, бейбіт өмір сүруін талап етті. Алайда бұл келісімдер халық тарапынан қолдау таппады. Олар референдумда бейбіт келісімге қарсы дауыс бергеніне қарамастан, Колумбияның депутттары өзара бейбіт келісім жөніндегі құжатты мақұлдады.
Абий Ахмед Али
Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмед Али – 2019 жылғы Нобель Бейбітшілік сыйлығының иегері. Оған бұл сыйлық Эфиопия мен Эритрея арасындағы 20 жылға созылған қақтығысты тоқтату және бейбіт келісімге келу үшін жасаған батыл бастамалары үшін берілді. Ел ішінде саяси реформалар жүргізіп, саяси тұтқындарды босату, сөз бостандығын арттыру, әйелдерді жоғары лауазымдарға тағайындау сияқты өзгерістер енгізді.
1998–2000 жылдары Эфиопия мен Эритрея арасында шекара қақтығысы болып, ондаған мың адам қаза тапты. Соғыстан кейін екі ел арасында ресми бейбіт келісім болмай, шекара жабық тұрды. Абий Ахмед 2018 жылы билікке келісімен Эритрея президенті Исайяс Афеверкимен келіссөз жүргізіп, шілде айында "Джибутидегі бейбіт келісі" жасалды. Келісім нәтижесінде елдер арасында дипломатиялық және сауда қатынастары қайта орнады.
2020 жылдан бастап Эфиопияның Тыграй аймағында азамат соғысы басталып, Абий Ахмедтің бейбітшілікке қатысты беделі халықаралық деңгейде дауға ұшырады. Дегенмен, Нобель сыйлығы оған бейбітшілік бастамасы үшін, яғни нақты 2018-2019 жылдардағы жетістіктері үшін берілді.
Дональд Трам Нобель сыйлығын ала ала ма?
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трампты Абрахам келісімдері (АҚШ-тың араб мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынасты қалыптастырудағы бастамасы) үшін биылғы Нобель сыйлығына ұсынды. Республикалық конгрессмен Бадди Картер болса Иран мен Израиль арасындағы қақтығысты тоқтату және Трамптың ядролық қарудың таралуын тежеуге арналған әрекеттерін атап көрсетті. Ал Камбоджа премьер-министрі Хун Манет Трамптың Камбоджа мен Тайланд арасындағы жер шекарасындағы қақтығысты тоқтатуға делдалдық еткенін ерекше атап өтті. Пәкістан үкіметі де Үндістанмен арадағы дағдарыс салмағын азайтуға қосқан үлесі үшін Дональд Трампты сыйлыққа ұсынды.
Армения мен Әзербайжан көшбасшылары да Трамптың бейбіт келісім жасаудағы рөлі үшін Нобель сыйлығына лайық деп таныды.
Дональд Трамп алғашқы президент қызметкен атқарған мерзімде де Нобель сыйлығына ұсынылған болатын. Алайда бұл марапат оған бұйырмады. Норвегиялық саясаткер Кристиан Тибринг-Гедде Трампты 2018 және 2020 жылдары ұсынды. Сол кездегі Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейн арасындағы Абрахам келісімдері Трамптың дипломатиялық жетістігі ретінде көрсетіледі. Иран мен Израиль, Камбоджа мен Тайланд, Үндістан мен Пакістан арасындағы қақтығыстарды азайту мақсатындағы делдалдық әрекеттері де аталады. Алайда кейбір сарапшылар мұндай ұсыныстарды "дәлелденбеген", "өзін-өзі мақтау мақсатында айтылған" деп бағалайды.
The Guardian мақаласында Нетаньяхудың ұсынысы Дональд Трамп туралы халықаралық деңгейде жағымды имидж қалыптастыру мақсатындағы "саяси айла" деп сипатталған. Алайда АҚШ пен кей елдерде бұл әрекеттер Трамптың "бейбітшілік брокері" ретіндегі имиджін нығайтудың бір бөлігі ретінде қарастырылып жатыр.
Әзірге Израиль, Камбоджа, Пәкістан, Армения, Әзербайжан басшылары, АҚШ-тағы демократиялық ұйым мен кей конгрессмендер Дональд Трамптың кандидатурасын қолдап отыр.
Дональд Трамптың өзі Нобель сыйлығына дәмелі, алайда ол Нобель комитеті бұл сыйлықты бермейтінін бірнеше мәрте мәлімдеді.
"Нобель сыйлығын әділетті түрде берген болса, мен көп нәрсеге байланысты алуыма болушы еді, бірақ олар ондай емес. Барак Обама президент бола салысымен сыйлықты қолына ұстатты. Обаманың өзі не үшін Нобель сыйлығын алғанын түсінген жоқ", – деді Трамп.
Трамп жыл басынан бері төрт жанжалды тоқтатуға үлес қосты.
- Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери жанжалды реттеуге араласты;
- Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік әскери қақтығысты тоқтатуға әскери-саяси күш қолданды;
- Руанда мен Конго арасындағы бірнеше айға жалғасқан соғысты доғаруға арағайындық жасады;
- Тайланд пен Камбоджа арасындағы төрт күндік әскери жанжалды реттеуге тырысты.