
Қазақстанда мемлекеттік қызметтер саласында Aitu мессенджерін ұлттық деңгейде бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл қадам азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдетіп, бірқатар цифрлық сервистерді бір платформада біріктіруді көздейді.
Жоспар бойынша, Aitu арқылы мемлекеттік органдардың хабарламалары, қызмет көрсету өтінімдері және электрондық құжат алмасу жүзеге асырылады. Сарапшылардың пікірінше, ұлттық мессенджер отандық ІТ-инфрақұрылымды дамытуға және деректер қауіпсіздігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Дегенмен, оның тиімділігі мен қолданысқа ену деңгейі қолданушылардың жаңа платформаға бейімделуіне және ұсынылатын мүмкіндіктердің тартымдылығына байланысты болмақ. Осы орайда мессенджердің болашағы, оның айналымға енуі үшін не қажет екені және Telegram мен WhatsApp деңгейіне жете алу-жетпеу мүмкіндігі жөнінде сарапшылардан сұрап көрдік.
Журналист әрі жасанды интеллект пен ІТ-технологиялар саласының сарапшысы Мейіржан Әуелханұлы жаңа мессенджердің қолданысқа ену мерзімі мен бәсекеге қабілеттілігі туралы пікірін бөлісті. Ол алдымен бұл процестің уақытын атап өтті.
"Жаңадан жасалған мессенджердің қолданысқа ену мерзімін алсақ, егер ол бүкіләлемдік деңгейде танылса – шамамен бір-екі жыл жеткілікті болуы мүмкін. Ал егер тек аймақтық деңгейде қалса, онда уақыт әлдеқайда ұзағырақ қажет болады", – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қазіргі қолданыстағы WhatsApp пен Telegram секілді мессенджерлердің орнына шығу оңай емес.
"Мысалы, Қытайдағы WeChat-ты алсақ, ол тек хабар алмасу құралы ғана емес, түрлі қызметтерді біріктірген толыққанды экожүйе. Сондықтан, жаңа мессенджердің оларды нарықтан ығыстыруы екіталай", – деп түсіндірді Әуелханұлы.
Дегенмен, ол жаңа мессенджердің артықшылықтары болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
"Мысалы, қазіргі жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы ерекше мүмкіндіктер жасауға болады. Егер Қазақстанда бір мессенджер іске қосылса, мен аудио хабарлама жазып отырмын делік – ол автоматты түрде мәтінге айналдыруы керек. Немесе, керісінше, мәтінді дауыстап оқып беру сияқты функциялар енгізілсе, бұл үлкен артықшылық болар еді", – дейді сарапшы.
Оқи отырыңыз: Мықты табыс табатын IT маман болу үшін не істеу керек? Бағдарламашымен сұхбат
Әуелханұлының пікірінше, жасанды интеллектпен байланыстырылған жаңа деңгейдегі мүмкіндіктер мессенджерді өзгелерден ерекшелендіріп, халықтың қызығушылығын арттыра алады. Ал егер жаңа өнім қазіргі қолданылып жүрген мессенджерлерден ешқандай айырмашылығы болмаса және олардың функцияларын ғана қайталаса, көпшілік оны пайдаланбайды. "Ондай жағдайда адамдар қолданыстағы қосымшалардан артық пайда көрмейді", – деп нақтылады ол. Сарапшы сондай-ақ болашақтағы ықтимал сценарийлерді де атап өтті.
"Мысалы, Telegram немесе WhatsApp секілді шетелдік мессенджерлерде бір айқын кемшілік пайда болып, оның орнына балама ұсынылса, 4-5 жыл ішінде жаңа мессенджерді халық кеңінен қолдануы мүмкін. Бірақ, егер әлемдік деңгейде орныққан ірі компаниялар өз аудиториясын ұстап қалу үшін қызметтерін үздіксіз дамытса, олардың орнын басу қиын", – дейді ол.
Әңгіме соңында ол WhatsApp-тың тегін болғанымен, пайдаланушылардың деректерін жинап, нысаналы жарнамаға қолданатынын еске салды.
"Сондықтан мұндай платформалар өз қызметін жетілдіріп, нарықтағы басымдығын сақтап қалуға бар күшін салады", – деп түйіндеді Мейіржан Әуелханұлы.
Экономист Арман Байғанов ең алдымен ұлттық мессенджердің технологиялық даму қарқынына тоқталды.
"Меніңше, ол бәрібір технологиялық тұрғыдан артта қалады. Себебі WhatsApp, Telegram және өзге де мессенджерлердің даму қарқыны әлдеқайда жоғары, олардың қаржылық мүмкіндігі мол, технологиялық базасы мықты және жоғары білікті мамандары бар. Сондықтан олар үнемі алда болып, дамуын жалғастыра береді, ал ұлттық мессенджер бәрібір артта қалуы ықтимал", – дейді Байғанов.
Сарапшы Қытайдағы тәжірибеге де назар аударды. Оның айтуынша, Қытайда өз мессенджерінің болуы – сол елдің ауқымды ресурстары мен үлкен халқының арқасы.
"Бізде ондай мүмкіндік шектеулі. Мұндай жобаны жасау және оны тұрақты түрде қолдау мемлекет үшін қосымша жүктеме болады. Бұл үшін арнайы компанияны тарту, ресурстар бөлу керек, әрі оны жасау мен қызмет көрсету қымбатқа түседі", – деп түсіндірді ол.
Арман Байғановтың болжамынша, бұл мессенджер халық арасында аса жоғары сұранысқа ие бола қоймайды.
"Экономика тұрғысынан алғанда, қазірдің өзінде бар нәрсені қайтадан жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазақстанның қаржылық мүмкіндіктері мен техникалық әлеуетін ескерсек, біз WhatsApp пен Telegram сияқты мессенджерлердің даму қарқынын қуып жете алмаймыз. Сондықтан, бұл идеяны Қазақстанда дамытуға жеткілікті негіз жоқ", – деді экономист.
Оқи отырыңыз: Цифрлық Қазақстан: IT-салаға 187 мыңнан астам маман жұмылдырылды
Сарапшы сонымен бірге бәсекеге қабілеттілік мәселесін де атап өтті.
"Кез келген адам мессенджер жасай алады, бірақ ол қаншалықты бәсекеге қабілетті бола алады? Егер бастапқы кезеңде оның функционалы WhatsApp-пен бірдей болса, онда WhatsApp-ты толықтай бұғаттап, тек Қазақстан ішінде жаңа мессенджерді қолдануға тура келеді. Ал мұның қаншалықты дұрыс болары – бөлек мәселе", – деп түйіндеді Арман Байғанов.
Белгілі PR маманы, журналист Айбар Олжай ұлттық мессенджер тақырыбында өз пікірін білдірді. Ол ең алдымен жобаның артықшылығы мен шектеулеріне тоқталды.
"Менің ойымша, оның негізгі принципі түсінікті. Яғни, басты артықшылығы – серверлерінің Қазақстанда орналасуы. Бұл тұрғыдан алғанда, кейбір қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін бұл, әрине, жақсы қадам. Бірақ мәселе оның қаншалықты кең таралатынында. Өйткені адамдардың барлығы бірдей Aitu-ға көшпесе, ол толыққанды байланыс құралы бола алмайды", – дейді Айбар Олжай.
Ол әрі қарай адамдардың жаңа платформаны қолдану мәселесіне тоқталды.
"Егер халықтың жартысы көшіп, жартысы көшпесе, бәрібір адамдар байланыс үшін бұрынғы WhatsApp пен Telegram-ды пайдалана береді. Ал тағы бір маңызды жайт – Aitu негізінен ішкі, яғни Қазақстан аумағындағы байланысқа арналған. Шетелдегі адамдармен, мысалы, халықаралық байланыс үшін бәрібір халықаралық мессенджер керек болады", – деп түсіндірді ол.
Айбар Олжайдың пікірінше, бұл жағдай ұлттық мессенджердің толық алмастырушы рөлін атқаруына кедергі келтіреді.
"Бұл тұрғыдан алғанда, менің ойымша, WhatsApp немесе Telegram сияқты платформаларды толық алмастыру қиын. Өйткені олар көп жылдан бері қалыптасқан аудиториясы бар, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін жүйелер", – деп қорытындылады ол.
Оқи отырыңыз: Электрондық үкімет қызметі Aitu қосымшасымен біріктірілді
Бағдарламалық қамтамасыз ету инженері (Software Engineer) Арсен Өжетов ең алдымен өз тәжірибесін бөлісті.
"Шынымды айтсам, Aitu мессенджерін қолданып көрмедім. Бірақ егер ол тек жай хабар алмасу құралы болса, оны қолданатындар аз болады деп ойлаймын. Өйткені халықтың басым бөлігі Telegram мен WhatsApp-қа үйреніп қалған", – деді маман.
Оның сөзінше, жаңа мессенджердің табысты болуы үшін ол тек чат қосымшасы болып қалмауы керек.
"Егер Kaspi, eGov, тауар жеткізу сервистері, такси қызметтері сияқты қосымшалармен интеграция жасалса, нағыз super app қалыптасар еді. Мысалы, Қытайдағы Alipay секілді бір қосымша арқылы төлем жасау, мемлекеттік қызметтерді алу, тауарға тапсырыс беру және такси шақыру мүмкіндігі болса – дәл сол кезде ғана адамдардың қызығушылығы артады", – деп түсіндірді ол.
Арсен Өжетовтың пікірінше, қазіргі заманда адамдарға тек байланыс құралы жеткіліксіз.
"Қолданушы уақытын үнемдеп, күнделікті қажеттіліктерін бір жерден шеше алатын платформаны қалайды. Егер технология күнделікті өмірдің барлық саласын қамтитын болса, оны жаппай қолдану мүмкіндігі жоғары", – деп қорытындылады маман.