Астана тұрғындары соғымды қайдан алады және оның бағасы қанша

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Қалада жарты туша соғымға сұраныс артқан.

Астанада күн салқындаған сайын соғымға деген сұраныс арта түсті. Қала тұрғындары ет базары мен жәрмеңкені жағалап, қыстың қамын ойлай бастады. Бірі – ірі қара мал етін іздесе, енді бірінің таңдауы жылқы етіне түседі. Биыл баға қандай?Соғымды қайдан алған арзан әрі тиімді? Informburo.kz тілшісі зерттеп көрді. 

Жәрмеңкедегі баға

Әр сенбі-жексенбі күні Астанадағы "Қазанат" ипподромының көлік тұрағында әр облыстың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Әдетте, мұнда ет бағасы сәл төмендеу. Мысалы, Абай облысының жәрмеңкесінде сиыр етінің келісі – 3 500 теңгеден, жылқы еті 3 400 теңгеден сатылды. 

Тұрғындардың айтуынша, жәмеңкеге ерте бармасаң, түске қарай еттің құнарлы бөлігі қалмайды. Арзанырақ болғандықтан, кезек те көп, кейде ет алу үшін бір сағатқа жуық күтуге тура келеді.

Жәрмеңкедегі халық. Фото: Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы

"Өзім Абай облысының тумасы болғандықтан, осы жәрмеңкеге арнайы келдім. Біздің топырақтың еті өзімізге ерекше дәмді болып тұрады. 30 келідей ет алдым", – деді Айжан есімді қала тұрғыны. 

Қаладағы ет саудасы

Астанада бірнеше ет базары, шағын дүкен бар.

Ет базарында:

  •  ірі қара мал етінің келісі – 3 400-3 800 теңге шамасында;
  • жылқы етінің келісі – 3 500-4 000 теңгеден сатылып жатыр.
Базардағы ет бағасы. Фото: informburo.kz

"Әсем" базарындағы сатушының айтуынша, қала тұрғындарының арасында сиыр етіне сұраныс көбірек.

"Сиыр еті қолайлы, әртүрлі тағамға жарайды. Ал жылқы етін қыста қазы-қартаға, қонаққа деп сұрайды. Базарда етті келілеп сатамыз, алайда бірден толық туша сұрайтындар да бар. Қазір жарты тушаға да сұраныс көбейді. Себебі қалада шағын отбасылар көп, тоңазытқыш кішкентай болса, бір малдың етін сақтау да қиын", – дейді сатушы.

Ал кей шағын ет дүкендерде 1 келі сиыр еті – 3800 теңгеден, жылқы еті 4200 теңгеден сатылып жатыр.

Соғымды қораптап жеткізу

Астаналықтар соғымды қалаға жақын маңдағы елді мекендерден әкеліп сататындардан да жиі алады. Әсіресе, Павлодар мен Солтүстік Қазақстаннан жеткізілген малға сұраныс жоғары. Сондай-ақ Ұлытау облысы Жаңаарқа өңірінен, тіпті Шымкент, Тараздан тапсырыспен ет әкелетіндер бар. 

Кейбір отбасылар етті туша күйінде алдырса, енді біреулер уақытын үнемдеу үшін бәрін мүшелеп, дайын күйде қораптап алуды жөн көреді.

Етті қораптап жеткізетін дүкеннің 2gis парақшасындағы сурет 

Осыған байланысты кей кәсіпкерлер соғым, соғымның төрттен бірін, жартысын мүшелеп дайындап, тіпті сыйлы мүшелерді табақтап сатуды қолға алған. 

Соғымның құны қанша?

Сонымен орта есеппен:

  • Шамамен 180 келі болатын ірі қара мал еті – 612-684 мың теңге;
  • Шамамен 220 келі болатын жылқы еті – 770-880 мың теңге болады.

Осылайша, Астанада бір туша соғым алу үшін 600 мың теңгеден артық қаражат қажет. Бұл – орта табысты отбасы үшін едәуір шығын. Сондықтан көпшілік қазір жарты тушамен шектелуді немесе етті аз-аздан бөліп алуды жөн көреді.

Серіктестер жаңалықтары