
Соңғы уақытта балабақша тәрбиешілерінің балаларды ұрып-соғу деректері жиілеп, қоғамда үлкен алаңдаушылық туындап отыр. Астанада тәрбиеші бүлдіршінге үш күнде 19 рет қол көтеріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылса, Шымкентте сызғышпен ұрған тәрбиеші 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа міндеттелді. Жезқазғанда тағы бір тәрбиеші балаға күш көрсеткені үшін жазаланды. Осыған орай, Informburo.kz редакциясы Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдап, тәрбиешілердің кәсіби жарамдылығы, жұмыс жүктемесі, кадр тапшылығы және балалардың қауіпсіздігі туралы сұрады. Төменде министрліктің ресми жауабы бойынша дайындалған материалды ұсынамыз.
Жұмысқа қабылдау кезінде тәрбиешілердің психологиялық жарамдылығы тексеріле ме?
Тестілеу педагогтың тек білім деңгейін бағалау мақсатында жүргізіледі. Ал тәрбиешілерге мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеуді, соған психологиялық дайындықты колледждер мен жоғары оқу орындарында үйретеді. Яғни педагог балабақшаға балалармен жұмыс істеуге психологиялық, моральдық тұрғыдан дайын болып келеді.
Оқи отырыңыз: "Үш күнде 19 рет қол көтерген". Астанада балабақша қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Тәрбиешілердің психологиялық жай-күйі қалай бақыланады?
Балабақшалар мен басқа да білім беру мекемелерінде педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер жұмыс істейді. Бұл кеңестер ұжымның адамгершілік-психологиялық ахуалын жақсарту, педагогикалық әдептің бұзылуына байланысты даулы жағдайларды реттеумен айналысады.
Мектепке дейінгі ұйымдардың штатында педагог-психолог маманы қарастырылған. Ол балаларға, ата-аналарға және педагогтерге психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді. Сондай-ақ жағымды психологиялық орта қалыптастыру бағытында түрлі жұмыстар атқарады.
Қазақстанда педагог мәртебесі мен оның кәсіби қызметіне қойылатын талаптар "Педагог мәртебесі туралы" заңмен нақты реттелген. Аталған заңның 7-бабына сәйкес, балалар мен ата-аналар тәрбиешілерге құрметпен қарап, лайықты қарым-қатынас көрсетуі керек. Бұл тәрбиешілердің заңмен бекітілген құқы.
Өз кезегінде балабақша тәрбиешілері де педагогикалық әдеп нормаларын, оның негізгі қағидаттары мен талаптарын ұстануға міндетті.

Бір тәрбиеші қанша балаға қарайды?
Бір топтағы бала саны норматив талаптарымен бекітілген. Ерте жас тобындағы бала саны – 10 болса, келесі топта 20 бала, ал 3-5 жастағы балалар тобында 25 бала болуы керек.
Қанша тәрбиеші жетіспейді?
Қазіргі уақытта республиканың барлық өңірінде мектепке дейінгі ұйымдар саны артып келеді. Халықтың қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында балабақшалар, әсіресе жекеменшік балабақшалар көптеп ашылып жатыр. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда 3-4% педагог жетіспейді. Бұл сұрақты шешу үшін колледждер мен жоғары оқу орындарында тәрбиеші мамандығына грант санын көбейту, жалақыны 100% арттыру, әлеуметтік кепілдіктер беру шаралары қолға алынды.
Оқи отырыңыз: "Қол көтеріп, жылағанды дәретханаға қамаған". БҚО-да балабақша тәрбиешісі мен көмекшісі жұмыстан қуылды
Балабақшалардағы бейнебақылау жүйелеріне қатысты талаптар мен стандарттар қандай?
"Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңға сәйкес Оқу-ағарту министрлігі 2022 жылғы 30 наурызда №117 бұйрықпен "Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты" бекітті.
Нұсқаулыққа сәйкес білім беру объектілері 2 топқа бөлінеді:
- 1-топ – персонал мен тәрбиеленушілердің саны 700 адамға дейінгі ұйымдар;
- 2-топ – саны 700-ден асатын ұйымдар.
Бірінші топтың объектілері жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен, ішкі істер органдарының кезекші бөліміне шығатын дабыл беру құралдарымен жабдықталады. Екінші топтағы ұйымдар бұған қоса домофон жүйесімен қамтамасыз етіледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды талабы – бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталықтарына міндетті түрде қосу.

Ата-аналар тәрбиешінің әрекетіне қалай шағымдана алады?
Егер тәрбиеші педагогикалық әдеп нормаларын бұзса, ата-аналар тиісті органға шағымдана алады. Мұндай кезде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер кәсіпкерлік кодексінің 138-бабына сәйкес, тексеру аша алады. Ол білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға арналған тексеру парағы негізінде жүргізіледі.
Министрлік балабақшадағы зорлық-зомбылықты азайту үшін не істеп жатыр?
Балалардың құқықтарын кешенді қорғау мақсатында 2023–2025 жылдарға арналған "Балалардың зорлық-зомбылықтан, жәбірленуден және оларға қатыгездікпен қараудан қорғалу құқығын іске асыру" бөлімі бар кешенді жоспар іске асырылады.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, оларды тәрбиелеу, дамыту, күтіп-бағу үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. Мемлекеттік тапсырысты орындаушы ұйымдар балаға қолайлы, қауіпсіз, дамытушы білім ортасын құруға және норматив талаптарын сақтауға міндетті. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда мекеме жұмыс жүргізе алмайды.