Бір палаталы парламент: Қазіргі жүйеден айырмашылығы қандай және әлемдік тәжірибеге шолу

Фото: mazhilis.parlam.kz
Фото: mazhilis.parlam.kz
Қазақстанда 1993 жылдары бірпалаталы Жоғарғы Кеңес жұмыс істеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында екі палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге көшу туралы бастама жасады. Алайда бұл реформаны асығыс жүзеге асыруға болмайтынын, оны бір жыл бойы қоғамда, сарапшылар ортасында және қазіргі Парламентте талқылау керектігін айтты. Егер халық қолдаса, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізіліп, Конституцияға өзгеріс енгізілуі мүмкін.

Бұл бастама нені білдіреді? Бір палаталы және екі палаталы жүйелердің айырмашылығы қандай? Әлемде қай елдер бір палаталы жүйені таңдаған? Informburo.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Қазақстанның қазіргі парламенті қандай?

Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 1993 жылғы Конституция бойынша бірпалаталы Жоғарғы Кеңес жұмыс істеді. Алайда ол саяси тұрақсыздық жағдайында тиімділігін көрсете алмады. 1995 жылғы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін екі палаталы Парламент құрылды. Ол: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.

  • Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың 10 депутатын, оның ішінде 5-ін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды. Қазір Сенатта 50 депутат бар. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір 3 жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 6 жыл.
  • Мәжіліс 98 депутаттан тұрады: 69 депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша, 29 депутат бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. 
Фото: Жаслан Жұмабеков, parlam.kz

Бір палаталы және екі палаталы жүйе: негізгі айырмашылық неде?

Парламент жүйесінің негізгі екі түрі бар: бір палаталы және екі палаталы. Бұл жүйелердің айырмашылығы – заң шығарушы органның құрылымында.

Екі палаталы жүйе: Заң шығарушы орган екі тәуелсіз палатадан тұрады. Әдетте олар Жоғарғы палата (Қазақстанда – Сенат) және Төменгі палата (Қазақстанда – Мәжіліс) деп аталады.

Төменгі палата: Көбіне жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайланады және халықтың мүддесін білдіреді. Заң жобаларына бастамашылық жасау және бюджетті бекіту сияқты негізгі өкілеттіктер осында шоғырланған.

Жоғарғы палата: Құрылу принципі әртүрлі болуы мүмкін: аймақ өкілдерінен, тағайындалған мүшелерден немесе жанама сайлау арқылы жасақталады. Оның басты міндеті – төменгі палата қабылдаған заңдарды тағы бір рет сүзгіден өткізу, аймақтық мүдделерді қорғау және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Заң жобалары екі палатада да мақұлдануы керек. Мысалы, Қазақстанда алдымен заң жобасын Мәжіліс әзірлеп, мақұлдаған соң, Сенатқа жібереді. Сенат заң жобасын мақұлдаған соң ғана, құжат Президенттің қол қоюына жіберіледі. Сенат заң жобасымен келіспесе, кері қайтарып жібере алады. 

Бұл жүйе федералдық немесе үлкен елдерде таралған, өйткені ол түрлі мүдделерді теңестіруге мүмкіндік береді.

Бір палаталы жүйе: Заң шығарушы органның бір ғана палатасы болады. Барлық заң жобалары осы бір палатада талқыланып, қабылданады. Депутаттар әдетте халық санына немесе партиялық тізімге сүйене отырып сайланады. Бұл жүйе кішігірім елдерде немесе унитарлық мемлекеттерде жиі кездеседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев егер Қазақстан бір палаталы Парламентке көшсе, онда Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн екенін жеткізді.

Жүйелердің артықшылықтары мен кемшіліктері

Әр жүйенің өзіндік оң және теріс тұстары бар.

Әлемдік тәжірибе: кімдер бірпалаталы жүйені таңдаған?

Әлемдегі 188 ұлттық парламенттің шамамен 107-сі бір палаталы. 

Еуропа: Даниядағы – Фолькетинг, Швециядағы – Риксдаг, Финляндиядағы – Эдускунта, Грекиядағы – Халық жиналысы, Португалиядағы – Республика ассамблеясы бір ғана палатамен жұмыс істейді. Бұл елдерде парламент саяси тұрақтылыққа сүйеніп, заң қабылдау үдерісін жеделдету үшін қарапайым модельді сақтап отыр.

Азия: Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісі, Сингапур Парламенті, Қытайдың Бүкілқытай халық өкілдері жиналысы, сондай-ақ Израильдегі Кнессет – бір ғана палатадан тұратын заң шығарушы органдар. Бұл елдерде парламенттің күші әртүрлі: мысалы, Түркияда Ұлттық Мәжіліс шешуші рөл атқарса, Қытайда халық өкілдері жиналысы партиялық бақылаудағы символдық институт ретінде жұмыс істейді.

ТМД: Посткеңестік елдер ішінде де бірпалаталы парламенттер бар. Грузия Парламенті мен Қырғыз Республикасының Жогорку Кеңеші бір ғана палата арқылы заң шығару қызметін атқарады. Бұл елдерде қос палаталы жүйе тиімсіз деп танылып, саяси және экономикалық шығындарды азайту мақсатында қайта қаралған.

Қызықты деректер

Әлемдегі ең көне парламент – Исландиядағы Альтинг (Alþingi). Ол 930 жылы құрылған және бірпалаталы орган ретінде жұмыс істеді. ХХ ғасырда екі палаталы жүйеге көшті, алайда 1991 жылдан бастап қайтадан бірпалаталы жүйеге оралды. 

Ең үлкен бірпалаталы парламент: Әлемдегі ең ауқымды бірпалаталы парламент – Қытайдың Бүкілқытай халық өкілдері жиналысы. Оның құрамында шамамен 3 мыңға жуық депутат бар. Бұл орган елдің заң шығару билігін жүзеге асырады, бірақ іс жүзінде Қытай коммунистік партиясының бақылауындағы саяси институт саналады.

Ең кішкентай парламент: Тувалу парламентінде бар-жоғы 16 депутат бар. Депутаттар 4 жылға сайланады. 

Серіктестер жаңалықтары