ChatGPT орнына – Oylan, MangiSoz, Beynele және TilSync: Қазақстандық жаңа 4 жаңа жасанды интеллектке шолу

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
ISSAI институты отандық жасанды интеллект өнімдерін таныстырды.

Жасанды интеллект енді қазақша ойлайды. Назарбаев университеті ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) төрт бірдей отандық жасанды интеллект өнімін таныстырды. 

Oylan 2.5  көптілді жасанды интеллект

ISSAI әзірлеген Oylan 2.5 – мультимодальды, яғни мәтін, дауыс және сурет арқылы ақпарат қабылдайтын көптілді көмекші. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлей алады. Ең маңызды жаңалығы – латын әліпбиінде жұмыс істей алу мүмкіндігі.

Жүйе арқылы қолданушылар:

  • сұрақтарын мәтінмен немесе дауыспен қойып, мазмұнды жауап ала алады;
  • сурет (мысалы, есеп, сызба) жүктеп, түсіндірме сұрай алады;
  • қазақша жауапты кириллицада да, латынша да таңдай алады;
  • нақты ақпаратты интернеттен немесе құжаттардан іздей алады;
  • формула мен кодты дұрыс форматта көреді – бұл әсіресе оқушылар мен ІТ мамандар үшін маңызды.
Oylan 2.5 ЖИ сайтынан скрин | Фото: Informburo.kz

ISSAI IT өнім менеджері Әмина Байкенованың айтуынша, Oylan моделі әмбебап жаһандық ЖИ жүйелерінен түбегейлі ерекшеленеді. Себебі бұл модель толықтай Қазақстанда әзірленіп, отандық мәліметтерге негізделіп оқытылған.

"Басқа ірі халықаралық жүйелерден айырмашылығы, Oylan – қазақ тілін басты әрі негізгі тіл ретінде меңгерген модель. Ол қазақ тілінің терең құрылымын, диалектілік ерекшеліктерін, ресми және бейресми сөйлеу стильдерін жақсы түсінеді. ИИН, Kaspi, QR-код сияқты отандық ұғымдарды таниды әрі орынды қолдана біледі. Сонымен қатар, ол қазіргі латын қарпін де қабылдай алады. Сонымен қатар Oylan мәдени тұрғыдан сезімтал және Қазақстан заңнамасына сай, рұқсат етілмеген контенттен автоматты түрде бас тартады", – дейді Әмина Байкенова.

ISSAI командасы 2026 жылдың желтоқсанына дейін Oylan моделін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Жаңа мүмкіндіктер модельдің тек мәтінді ғана емес, сонымен қатар сурет, аудио және видеоны қабылдап, өңдей алуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, модельге "интеллектуалды агент" функциясы енгізіледі. Мысалы, егер сіз "Алматыдан Ақтауға ең арзан әуе рейсін тап" деп сұрасаңыз, Oylan-ның интеллектуалды агенті интернет-ресурстарды шолып, нақты бағаларды, күндерді және рейстерді автоматты түрде тауып береді. Яғни, модель тек жауап беріп қоймай, әрекет ете алатын деңгейге жетеді.

MangiSoz 2.0: Дауыс арқылы сөйлейтін жүйе

MangiSoz 2.0 мәтінді адам даусына ұқсас дауыс арқылы оқи алады және керісінше, сөйлеуді мәтінге айналдырады. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерін қолдайды. Әр тілде ер немесе әйел дауысын таңдау мүмкіндігі бар.

MangiSoz ЖИ сайтынан скрин | Фото: Informburo.kz

IT өнім менеджерінің айтуынша, MangiSoz шешімінің басты артықшылығы – оның дербестігі мен қауіпсіздігі:

"Біз қазақ тілінің аударма сапасына ерекше мән береміз және MangiSoz жүйесі қазақ тілін цифрлық кеңістіктің тең құқықты қатысушысына айналдырып отыр. Қазіргі уақытта бұл шешімді квазимемлекеттік ұйымдар, мемлекеттік білім беру мекемелері мен отандық өнеркәсіп кәсіпорындары белсенді пайдаланып жатыр. Бұл – ең алдымен, аударма кезінде деректердің құпиялығына қойылатын жоғары талаптарға байланысты. Көптеген компаниялар деректердің сыртқа кету қаупіне алаңдайды. Ал бізде ондай қауіп жоқ: MangiSoz Назарбаев Университетінің деректер орталығында орналастырылған, деректер ел ішінде қалады. Біз сұраныстарды өңдейміз, бірақ деректерді сақтамаймыз және не аударылып жатқанын көрмейміз. Біз өз пайдаланушыларымыздың қауіпсіздігіне кепілдік береміз", – дейді Әмина Байкенова.

Beynele: Ұлттық нақышта сурет салатын ЖИ 

Beynele – қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілген мәтіндік сұраныс бойынша визуалды сурет жасайтын генеративті модель. Ерекшелігі – мәдени бейімделуі: суретте қазақтың ұлттық киімдері, ою-өрнектері, табиғаты, символдары бейнеленуі мүмкін.

Әмина Байкенованың айтуынша, Қазақстанда жасалған бұл модель жергілікті мәдени кодтарды, ұлттық ерекшеліктер мен фольклорлық элементтерді ескеруге бейімделген:

"Модель тек жалпыға ортақ ұғымдарды ғана емес, Қазақстанға тән мәдени әрі психологиялық түсініктерді де дәл қабылдайды. Өйткені ол қазақстандық деректер негізінде құрылған. Бұл құрал арқылы ұлттық болмыс пен эстетика цифрлық кеңістікте көрініс табады. Ол жергілікті суретшілер мен педагогтарға өз мәдениетімізге сай контент жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мәдени мұраны сақтап, жаңа оқиғаларды жасанды интеллект көмегімен бейнелеуге жол ашады. Мысалы, дәстүрлі ортада отырып, немерелерімен отырған ата-әжелер бейнесін сұратқанда, Google Gemini батыстық стильде сурет ұсынса, біздің модель ұлттық колоритпен нақты бейнені көрсетті", – дейді ол.

Beynele мен Gemini жасап берген суреттер | Фото: ISSAI

ISSAI атқарушы директоры Ербол Абсалямов жасанды интеллект жүйесін Қазақстанға бейімдеуде ұлттық тіл мен менталитеттің маңызына ерекше назар аударады:

"Біздің басты мақсатымыз – жасанды интеллект модельдерін қазақ тілі мен қазақстандық болмысқа бейімдеу. Себебі, тіпті қазақша жақсы түсінетін халықаралық чат-боттың өзі біздің ойымызға сай нақты жауап бере ала ма – бұл үлкен сұрақ. Ал біз жасап жатқан модель жергілікті мәліметтерге сүйенеді, сондықтан ол ұлттық ерекшеліктерімізді ескере алады. Бұл бағыттағы жұмысымыз екі негізгі қағидаға негізделеді: біріншіден, жасанды интеллект тек игілік үшін қызмет етуі керек (AI for good), екіншіден, ол Қазақстан халқына нақты пайда әкелуге бағытталуы тиіс", – дейді Ербол Абсалямов.

TilSync: Нақты уақытта субтитр және аударма

Бір тілде сөйлеп, бірнеше тілде түсінісуге мүмкіндік беретін TilSync жүйесі реалды уақытта субтитр мен аудиоаударма жасайды. Ол Zoom, YouTube, Teams сияқты платформалармен оңай біріктіріледі.

Мысалы, видеоконференция кезінде қазақ тілінде сөйлеген адамды тыңдаушы бір мезетте орыс немесе ағылшын субтитрімен көре алады. Бұл әсіресе халықаралық жиындар, қашықтан оқу, подкастинг пен стриминг кезінде маңызды.

"Форумдар мен конференцияларда кейде ағылшын немесе орыс тілін білмейтін азаматтар да қатысады. Алайда олар да шетелдік спикерлердің мазмұнын түсініп, қажетті ақпарат алғысы келеді. Дәл осы қажеттілікті өтеу үшін біз TilSync қосымшасын жасадық", – дейді Әмина Байкенова.

TilSync жасанды интеллекті әлі толық қолданысқа енгізілмеген. Жыл соңына дейін кең қолданысқа беру жоспарланған. 

Қазақстандық ЖИ тегін бе?

Oylan және MangiSoz және Beynele жасанды интеллектілерін пайдалану үшін сайтына кіріп, тіркелу қажет. Тіркелгеннен кейін әр қолданушыға үш жасанды интеллектке ортақ 250 мың таңба тегін беріледі. Ол біткеннен кейін сатып алу керек болады. 

Аталған жасанды интеллектілер жазылыммен емес, таңба санына байланысты сатылады. Мысалы, 1 млн таңба – 9 мың теңге, 2 млн таңба 18 мың теңге тұрады. 

MangiSoz ЖИ сайтынан скрин | Фото: Informburo.kz

Mangitas 02: Бұлтсыз, қауіпсіз, жергілікті сервер

Сонымен қатар ISSAI Mangitas 02 технологиясын. таныстырды. Ол отандық жасанды интеллект жүйелерін толықтай Қазақстан аумағында, жергілікті серверлерде орналастыруға арналған заманауи шешім. Бұл құрылғы бірқатар маңызды міндеттерді атқарады. Атап айтқанда:

  • Жергілікті деңгейде қолдануға арналған жоғары өнімді инференс сервер қызметін атқарады;
  • Бұлттық сервистерден толық бас тартуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде құпия және сезімтал деректермен қауіпсіз жұмыс істеуге жол ашады;
  • Жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін мектептерде, жергілікті деректер орталықтарында және мемлекеттік мекемелерде тиімді пайдалануға жағдай жасайды;
  • Іргелі жасанды интеллект жүйелерінің ұлттық инфрақұрылым аясында ғана жұмыс істеуінқамтамасыз етеді;
  • Деректердің қауіпсіздігін толық сақтайды, ұлттық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді және сыртқы онлайн платформаларға тәуелділіктен толық арылуға мүмкіндік береді.

Осылайша, ISSAI тек ғылыми зерттеулермен шектелмей, реалды өмірде қолдануға болатын, экономиканың нақты секторларына ендіруге болатын өнімдер ұсынып отыр.

ISSAI туралы

ISSAI — 2019 жылы құрылған, 2024 жылы автономды мәртебе алған жасанды интеллект саласындағы зерттеу институты. Онда 70-тен астам ғалым мен инженер жұмыс істейді. Институт ғалымдары 120-дан астам ғылыми мақала жариялаған. Ғалымдар ашық бастапқы кодты ЖИ модельдері мен деректер жиынтығын ұсынады және Қазақстандағы тілдік, мәдени және институционалдық ерекшеліктерге бейімделген ЖИ шешімдерін әзірлейді. ISSAI миссиясы – этикалық, инклюзивті және тәуелсіз жасанды интеллект жүйесін қалыптастыру

Серіктестер жаңалықтары