
Қазақстандық джиу-джитсу шебері, әлем чемпионы әрі халықаралық төреші Дамир Садыров жаңа техникалық әдіс ойлап тапты. Алдыңғы үшбұрыштан кері үшбұрышқа өту әдісін халықаралық федерацияның өзі мақұлдаған. Бұл әдіс жоғары деңгейдегі жекпе-жектерде Дамир Садыровтың шеберлігін дәлелдеп үлгерген және қазір оны шәкірттеріне де үйретіп жүр. Спортшының айтуынша, ол әдісті бейнематериалдар мен нұсқаулықтар арқылы басқа мектептерге де енгізуді жоспарлап отыр.
Осы орайда Информбюро тілшісі спортшының өзімен сұхбаттасып, бұл әдіс туралы кеңінен сұрап білді.
– Дамир, спортқа қалай келдіңіз?
– Бала кезден спорт өмірімнің ажырамас бөлігі болды. Мектепте жүргенде дзюдоға қатыстым. Бұл олимпиадалық спорт түрі маған тәртіпті, тепе-теңдік ұстауды және күрестің мәнін түсінуді үйретті. Жиырма жасымда алғаш рет джиу-джитсу залына барып, бұл спорттың жай ғана хобби емес, менің өмірлік жолым екенін түсіндім.
Маған жол көрсеткен ұстазым, еліміздегі үздік мамандардың бірі – Рустам Балабаев. Оның қол астында мен ақ белдіктен қара белдікке дейін жетіп, джиу-джитсудың техникалық әрі философиялық қырларын терең меңгердім. Бұл жылдар қажырлы еңбекке, халықаралық сапарларға, жарыстар мен үздіксіз жаттығуға толы болды.
– Спортта қандай жетістіктерге жеттіңіз?
– 2017 жылдан бастап ұлттық және халықаралық турнирлерде белсенді өнер көрсете бастадым. 2019 жылы ACBJJ әлем чемпионы атанып, өз салмақ дәрежемде де, абсолютті категорияда да алтын алдым. 2019 және 2022 жылдары Абу-Дабиде өткен AJP әлем чемпионатында жеңіске жеттім. UWW, JJIF, ACBJJ әлем біріншіліктерінде жүлдегер атандым. Қазақстан чемпионы атанып әрі бірнеше дүркін жүлдегері болдым. 2024 жылы АҚШ-та өткен IBJJF және NAGA турнирлерінде жүлделі орындарға ие болдым. Ең жарқын жеңістерім деп осыларды атар едім.

– Сіз спортшы ғана емес, халықаралық деңгейдегі төрешісіз...
– Спортшы бола жүріп төрешілікке қадам бастым. Қазір JJIF, JJAU, AIGA, IBJJF, AJP және ADCC бағыттары бойынша халықаралық сертификатым бар. Әлем және Азия чемпионаттарында, сонымен қатар Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Сауд Арабиясы мен Қазақстандағы ұлттық біріншіліктерде төрелік еттім.
Бұл – біліміме, әділдігіме және тәжірибеме берілген баға. Мені финалдық жекпе-жектерде төрелік етуге шақырады. Жас төрешілерге де білгенімді үйретемін. Мақсатым – аймақтағы төрешілік деңгейін жаңа биікке көтеру.
– Шәкірт те тәрбиелейсіз бе?
– Иә, менің жұмысым тек татамимен шектелмейді. Жаңа буын спортшыларын тәрбиелеп жүрмін. Олардың ішінде әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Ринат Горбачёв пен Мариан Урдабаева бар. Жаттықтырушы ретінде техниканы ғана емес, тәртіпті, қарсыласты құрметтеуді, ойлау мәдениетін де сіңіруге тырысамын.
Мариан Урдабаева дзюдодан бірнеше дүркін ел чемпионы. Джи-джитсудан Қазақстан чемпионы, әлем чемпионаты және Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері. Ол екі түрлі спорт түрінен медаль алды.
– Джиу-джитсу спортында өзіңіздің авторлық әдісіңізді ойлап тауыпсыз. Бұл қандай техника?
– Иә, күресе жүріп бірқатар техникалық комбинациялар жасадым. Соның ішінде ерекше тәсіл – қарсылас қолын құлыптап тұрған кезде алдыңғы үшбұрыштан кері үшбұрышқа өту әдісі. Бұл әдіс басқа елдердің бапкерлерінің де қызығушылығын тудырды.
Бұл – менің жылдар бойы спаррингтер мен жарыстардағы тәжірибемнің нәтижесі. Алдыңғы үшбұрышқа (front triangle) түскенде қарсылас қолдарын құлыптап, тұншықтыруды бөгейтін жағдай жиі кездесетін. Дәстүрлі әдістер әрдайым нәтиже бере бермейтін, сондықтан мен өзгеше жол іздеуге кірістім.

– Бұл әдіс нақты қалай орындалады?
– Барлығы классикалық алдыңғы үшбұрыштан басталады. Қарсылас қолдарын құлыптағанда мен күшімді артық жұмсамаймын, оның орнына бұрышты өзгертемін. Үшбұрыш ішінде қалған қолды иықтан жоғары, шынтақ тұсынан іштен іліп, бейтараптаймын. Қарсылас басын көтермеуі үшін төменге басамын. Сол сәтте оның қалпын бұзамын. Осыдан кейін бүйірге ығысып, иыққа сүйеніп, аяқтардың орнын ауыстырып, кері үшбұрышқа (reverse triangle) өтемін. Бұл жерде тұншықтыру басқа қырынан жүреді.
Одан кейін қарсыластың әрекетіне қарай сабмишнді аяқтаудың үш нұсқасы бар: классикалық артқы үшбұрышты аяқтарды қыса отырып орындау. Егер қарсылас өте мықты болса, оның қолын шынтақтан жоғары ұстап, өз тіземді қоса қысып, артерия аймағында жоғары қысым жасау. Үшінші нұсқа – қарсыластың аяғын іліп алып, оны "қошқар мүйіз" позициясына орау. Бұл кезде көкетке максималды қысым түсіп, қарсылас тыныс ала алмай қалады да, тұншығады. Бұл оған қауіп төндіріп, қарсылас бағдарын жоғалтады.
– Мұны техникалық тұрғыда орындау қаншалық қиын?
– Бұл әдісті орындау үшін денені жақсы бақылап, тепе-теңдікті сезіну керек. Бірақ басты үш элементті дұрыс қойсаң – басты бақылау, бұрышты өзгерту және қыспақтың тығыздығы – әдіс әсіресе тәжірибелі қарсыластарға қарсы қолданғанда көмектеседі.
– Оны жарыстарда жасап көрдіңіз бе?
– Иә, бірнеше рет жасадым. Бұл әдіс жоғары деңгейдегеі жарыстарда өте жақсы көмектеседі, себебі стандартты тәсілдерді барлығы бұрыннан біледі. Техникалық арсеналын кеңейту үшін өз шәкірттеріме де үйретемін.

– Бұл әдіс ресми оқу құралдарының бір бөлігіне айналуы мүмкін деп ойлайсыз ба?
– Әбден мүмкін. Қазір көп бапкерлер стандарттан тыс шешімдерге қызығушылық танытып жүр. Өзім де бейнематериалдар мен әдістемелік нұсқаулықтар дайындап жатырмын, сонда бұл әдісті әртүрлі мектептерде қолдануға болады.
– Алға қойған қандай мақсатыңыз бар?
– Мен үшін джиу-джитсу – тек спорт емес, үлкен мектеп. Өзімді спортшы, бапкер, төреші әрі жекпе-жек өнерінің тұрақты өкілі ретінде көремін. Мақсатым – джиу-джитсуды дамыту, елдер мен федерациялар, буындар арасында көпір болу. Жарысқа қатысып немесе білгенімді үйретіп қана қоймай жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып жүрмін.