Этностиль – трендте! Қазақтың ұлттық киімдерін қалай сәнге айналдыруға болады?

Фото: ethnostore.kz
Фото: ethnostore.kz
Танымал әнші, этно-мәдени фестивальдің ұйымдастырушысы Динара Сұлтанмен сұхбат.

Бүгінде басына тақия, үстіне ою-өрнекпен көмкерілген киім киген адамдарды көру таңсық жайт емес. Этностиль халық арасында трендке айналды. Ұлттық стильдегі әшекейлер де жаңаша сипат алды. Қазақтың шапаны мен камзолын қазіргі заманға сай тігетін дизайнерлер көбейді. Қазір этнобұйымдарды базардан да, дүкендерден де табуға болады. Адам көп жүретін орындарда жәрмеңкелер де өтіп тұрады. Ал соның ең үлкені – Алматыда жыл сайын өтетін Ethno Pop-Up Store. Дизайнерлер мен қолөнер шеберлерінің басын біріктіретін этно-мәдени фестивальде сауда қызып қана қоймай, төрінде қазақтың ән-күйі күмбірлеп, домбыраның үні естіледі.

Осы орайда Информбюро тілшісі фестивальдің ұйымдастырушысы танымал әнші Динара Сұлтанмен жоба туралы аз-кем сұхбаттасты.

– Бұл жоба қалай дүниеге келді? Жалпы Астана мен Алматыда Pop-Up store көп етеді ғой. 

– Иә, бірақ этно бағытында мұндай жоба болмады. Шетелде ұзақ тұрған соң елге деген сағынышым осындай жобаны жасауға түрткі болды. "Біз өзгелерге еліктейміз деп шетелдің киімін киіп аламыз. Неге біз өзіміздің киімдерімізді кимейміз?" деген сұрақ туды. Араб елдеріндегі адамдар өздерінің ұлттық киімін киіп жүреді. Олардың киімі бізге тән емес. Елге деген сағыныш маза бермей, Қазақстанға оралған соң осы жобаны қалай да болсын жасаймын деп шештім.

Фото: ethnostore.kz

2021 жылы наурыз айында алғашқы Ethno Pop-Up Store өткіздік. Бұл жобаның басты мақсаты – қолөнершілер мен дизайнерлердің басын қосып, қазақтың ұлттық киімдерін көпшілікке таныстыру және оларды Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті киім сияқты киюге болатынын көрсету. Ең бастысы – қазақтың ұлттық киімін трендке айналдыру. Жоба басталғалы үш-төрт жылда ұлттық киімдеріміз бен әшекейлеріміздің танылуына аз да болса үлес қостық деп ойлаймын. Жәрмеңке алғаш өткен жылғы деңгеймен салыстырсақ қазіргі этно бұйымдардың сапасы жоғарылай түсті. Осы жәрмеңкеде қойылған әр бұйымды шетелге шыққанда отандық брендіміз деп мақтанып киіп жүруге болады. 

– Содан бері фестиваль ауқымы кеңейді ме? Қанша бренд қатысып жатыр?

– Алғашқы фестиваль мектебімізде өтті. Сол кезде қолөнершілер мен дизайнерлерді қосқанда әрең дегенде жиырмадай брендті таптық. Өзіміз бұрын-соңды жәрмеңке жасап көрмегенбіз. Көже қайнатып, дәм татқызып, барынша көңілді өткіздік. Келе-келе брендтер саны жүзге жетті.

Фото: ethnostore.kz

Жобаға қатысу үшін өтініш беру қажет. Брендтерге анализ жасап, бұйымдарын өздері жасай ма соны тексеретін команда бар. Сондықтан барлық бренд қатыса алмайды. Талапқа сай келген, көңілден шыққан жобаларды қоладуға әзірміз. Жәрмеңкеге қатысатын дизайнерлер мен қолөнершілердің әрқайсын жеке танимын. Сүйікті брендтерім де бар. Ешқайсын бөліп жармаймын, бәрін бірдей қолдаймын.

Осы жолы 120 бренд өз бұйымдарын әкелді. Былтыр 150-ден астам бренд қатысқанда адам сыймаған соң биыл кішкене азайттық. Былтыр наурызда өткен фестивальге екі күн бойы бес-алты мыңға жуық адам келді. Ендігі мақсатымыз қонақтар қатарын 10 мыңға жеткізу болып отыр. Келер жылғы Ethno Pop-Up Store фестивалінде бірінші күні басқа дизайнерлер, екінші күні басқа дизайнерлер болады. Келушілер саны көбейетін шығар деп ойлаймын.

– Бұл жолғы фестиваль неге "Сабантой" деп аталды?

Алғашқы Ethno Pop-Up Store наурыз мейрамына орай өтті. Фестивальге келіп, бұйымдарды сатып алатын тұтынушылар да, сол бұйымдарды жасайтын ісмерлер мен қолөнершілер де бір жылда бір рет қана өткізу аздық ететінін айтты. Есімізге Сабантой мейрамы түсіп, неге күзде де жасамасқа деген ой келді. Этно деп аты айтып тұрғандай ұлттық киімдерді наурызда ғана киеді деген түсінік бар. Сондықтан біз Қазақстанда тойлана бермейтін, өшіп бара жатқан сабантой мейрамын қайта жаңғыртқымыз келді. Ауыл-аймақта егін егіп, астық жинайтын шаруалар бәлки тойлайтын шығар. Бірақ дәл Наурыздай тойланбаған соң Ethno Pop-Up Store бағдарламасына Сабантойды қостық. Міне, екі-үш жыл қатарынан Наурыз және Сабантой мейрамы қарсаңында жылына екі рет жәрмеңке өткізіп келе жатырмыз.

– Этно-мәдени фестиваль болғандықтан мұнда саудадан басқа тағы не істеуге болады?

– Бұл – жай ғана жәрмеңке емес, отбасылық үлкен фестиваль. Биыл екінші рет Sadu Arena-да өткізіп жатырмыз. Сахнада өзіміз тәрбиелейтін жас өрендер өнер көрсетті. Биыл тосынсый жасап мен де сахнаға шықтым. Далада тамақ әзірленіп жатыр. Бұл жерде сауда қызып жатса да, күні бойы қонақтарға интерактив болып жатады. Балалар қыш бұйымдарын жасауды, киіз басуды үйренеді. Қонақтар дәрістерді тыңдап, ойланарлықтай бірнәрсе түйіп кетеді. Біз кімбіз? Қазақ тілін не үшін дамыту керек? Кімдігімізді қалай танимыз деген сұрақтарға жауап таба алатын алаң жасадық.

Фото: ethnostore.kz

– Этностильдегі киім үлгілері көбейіп жатқаны қуантады. Алайда "алайын десек бағасы қымбат, қалтамыз көтермейді" деген пікірді көп естиміз. Неге қымбат?

– Дизайнерлер матаны Түркиядан, Дубайдан алады. Өкінішке қарай, Қазақстанда мата тұрмақ ине мен жіп шығармаймыз. Бірақ дизайнерлер әкелетін маталар шетелде де қымбат. Қазір қатты инфляция болып жатыр. Материалға қоса машинасы бар, цехты жалдау ақысы бар, тігіншілердің жалақысы бар. Соның бәрін қосқанда бір киімнің бағасы 100 мыңға жетіп қалады. Көбінесе матасына байланысты.

– Алда қандай жоспарыңыз бар?

– Енді бұл жобаны басқа қалаларда жасасам деймін. Алматыда ғана үлкен ауқымда өтіп келеді. Қаржыны жарнамаға салып жатырмыз. Хобби ретінде алып жүрген жобам болған соң бұдан ешқандай табыс таппаймын. Бала күнімнен зергерлік бұйымдарға қатты қызықтым. Бұл жобаға бизнес деп қарамаймын, бірақ неге бизнес жасамасқа. Басқа елге, басқа қалаға шығып жатсақ тәжірибемізді бөлісіп, франшиза қылып сатуға болады.

Серіктестер жаңалықтары