Алматыда өткен "Биологиялық қауіпсіздік пен қорғаныстың болашағы" атты халықаралық конференцияда 20 елден келген 150-ден астам сарапшы ғылым мен технология және жаһандық қауіпсіздік тоғысындағы өзекті мәселелерді талқылады. Соның ішінде биотехнология мен биологиялық тәуекелдерді басқарудағы жасанды интеллект рөлі, синтетикалық биология және "айна өмірі" тұжырымдамасы, биотехнологияның қолжетімділігі мен реттеу тетіктері, климаттың өзгеруі мен ауруларды қадағалау, биоқауіпсіздік саласындағы жалған ақпаратпен күрес, сондай-ақ ғылымдағы этика мен жауапкершілік мәселелері көтерілді.
Коронавирус пандемиясынан соң өзекті бола түсті
ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Арман Байсуанов биоқауіпсіздік тақырыбы COVID-19 пандемиясынан кейін өзекті бола түскенін айтты.
"Бұл мәселе БҰҰ деңгейінде көтеріліп отыр. Орталық Азия Каспий теңізінен Моңғолияға дейін созылып жатқан аймақ болғандықтан Сібір жарасы секілді індеттер еш кедергісіз таралады. Осындай конференцияларда ақпарат пен тәжірибе алмасып, індеттердің таралуымен күрес бойынша жедел әрекет ету жүйесін құру міндеті тұр. Биоқауіпсіздік бойынша Еуропалық Одақтың және ТМД аясында аймақтық платформа, әлемдік деңгейде "Биологиялық қаруға тыйым салу жөніндегі Конвенция" бар. Қазақстанда 2022 жылы биологиялық қауіпсіздік туралы заң қабылданды. Біз барлық шетелдік серіктестермен аймақтық және жаһандық деңгейде ынтымақтастық орнатуға, ақпарат алмасуға дайынбыз", – деді Арман Байсуанов.
ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова Қазақстан кейінгі жылдары ғылыми тәсілдер мен халықаралық принциптерге негізделген заманауи биоқауіпсіздік жүйесін жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
"Биотехнологияларды теріс пиғылда пайдалануы мүмкін"
Шетелдік зерттеушілердің басын біріктірген іс-шарада биотехнологиялар қауіп-қатер көзіне айналмай, адамзаттың игілігі үшін қолданылуға тиіс екені бірнеше рет айтылды.
"Ғылым мен технологиялар қарыштап дамып жатыр. Технология әлдеқайда арзандады. Жасанды интеллект пайда болғалы да биологиялық зерттеу жүргізу жеңілдеп, шығын азая түсті. Алайда мұның екінші жағы бар: маманның пиғылы жаман болса салдары да жаман болады. Биологиялық зерттеулер адамзаттың игілігі үшін де, адамзатқа қарсы да қолданылуы мүмкін. Қазақстанда да, әлемде де зертханалар көптеп ашылып жатыр. Ал биологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары зертханаларды ұстау тым қымбатқа түседі. Әрі зертханаларда жұмыс істейтін мамандар өз қызметінің қандай қауіп-қатерге әкелуі мүмкін екенін бағамдай білуі керек. Сол себепті қауіпсіз орта құрамыз десек кәсіби мамандарды дайындап, оларды оқытуымыз қажет", – деді Халықаралық ғылым және технология орталығының Аға бағдарлама менеджері Хендрик Виссер.
Стратегиялық тәуекелдер жөніндегі кеңестің аға ғылыми қызметкері (АҚШ) Эндрю Вебер биологиялық қауіптерге қалай қарсы тұруға болатынын баяндады. Ол президент Барак Обаманың кезінде АҚШ Қорғаныс министрінің ядролық, химиялық және биологиялық қорғаныс бағдарламалары жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған. Отыз жылдан астам уақыт биоқауіпсіздік саласында еңбек еткен сарапшы Қазақстан мен Грузиядан қару-жарақ деңгейіндегі уранды шығару, сондай-ақ Сирия мен Ливияның химиялық қаруын жою секілді ядролық қаруды таратпауға бағытталған ірі жұмыстарды басқарды.
"1995 жылы маусымда Қазақстанға алғаш келіп, америкалық мамандардан құралған шағын топқа жетекшілік еттім. Степногорск қаласындағы құпия нысанға барып, реакторларды өз көзіммен көрдім. Құпия зертханада Сібір жарасының штаммын өндіріліп, басқа үлгілері сыналды. Бұл сапар өмірімді түбегейлі өзгертті. Тоқсаныншы жылдардан бастап биотерроризм өзекті бола түсті. Неге тарихта ірі биологиялық шабуылдар болған жоқ деген сұрақ туындайды. Биологиялық қаруды жасау қиын дейді, бірақ олай емес. Мемлекеттер мен ұйымдар шабуылдардың алдын алып, биоқару жасау бағдарламаларының жолын кесіп отырды. Биологиялық қаруға тыйым салу Конвенциясын қолдайтын 195 ел бар. Өкінішке қарай, үш-төрт ел биологиялық қару жасауды тоқтатқан жоқ. Мысалы, Солтүстік Кореяда биологиялық қару бағдарламасы өте жақсы дамыған. Кеңес Одағы кезінде Ресейде бес мың адам жұмыс істейтін қауіпті бағдарлама болған. Біз ХҒТО-мен бірге Кеңес Одағы мұрасын жою үшін жұмыс істедік. Десе де Ресейдің биологиялық қару бағдарламасы жалғасып жатыр. Бұл өз кезегінде осы аймақ үшін ғана емес, әлем үшін де үлкен қауіп төндіріп отыр. Сондықтан Ресей, Солтүстік Корея, Иранмен заңсыз қаруларды дамытпау туралы келісімге келуіміз керек", – деді Эндрю Вебнер өз баяндамасында.
"Биологиялық қару жасайтын елдер бар"
Сарапшы әлемдегі зертханалар ғалымдар мен зерттеушілер үшін ашық болғаны дұрыс дейді. Жасанды интеллект дамыған уақытта құпия бағдарлама жасау, мемлекеттік құпияны жасыру қиын, тіпті Солтүстік Кореяның өзі жасыра алмайды.
Төтенше жағдайларға дайындық және әрекет ету орталығының директоры Томоя Сайто Жапониядағы құс тұмауы (H7N9) мен COVID-19 індеттері сияқты қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ірі төтенше жағдайлар кезінде жұмыс істеген. Ол баяндамасында Жапонияның биологияляқ қатерлерге қарсы тұру тәжірибесін бөлісті.
АҚШ-тағы RAND корпорациясының аға ғылыми қызметкері Джеральд Эпштейн – ұлттық және халықаралық қауіпсіздікке қатысты ғылыми-техникалық саясат бойынша жетекші сарапшы. Оның жұмыстары биотехнологиядағы инновацияларды дамыта отырып, биологиялық қауіптерді азайтуға бағытталған.
"Әлі күнге дейін ескі де дәстүрлі қатерлер адамзатқа қауіп төндіріп отыр. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін кейбір елдер биологиялық қару жасаумен айналысты және бұл қатер ешқайда кеткен жоқ. Өйткені жаңа технологиялардың дамуымен биологиялық технологияларды зиянды мақсатта қолдану мүмкіндіктері пайда болып жатыр. Сол себепті дәстүрлі қатерлерден қорғанып қана қоймай, заманауи технологиялардың арқасында пайда болуы мүмкін жаңа қатерлерді болжауымыз керек. Биотехнологияның адамзатқа тигізетін пайдасын да ұмытпауымыз керек. Халықаралық ынтымақтастық өте маңызды рөл атқарады, өйткені аурулар бір елдің шекарасынан өте алмай, тоқтап қала салмайды. Олар ештеңеге қарамай емін-еркін тарала береді. Әлемнің бір шетінде пайда болған кез келген ауру бүкіл әлем үшін қатерлі болуы мүмкін. Барлық ел биоқауіпсіздік мәселесімен бетпе-бет келіп отырған соң ортақ шешім табу үшін күш біріктіру қажет", – деді Джеральд Эпштейн.
"Биотерроризм туралы көпшілік біле бермейді"
Биотерроризмнің пайда болу қаупі және қауіптің жаңа векторлары сессиясында Женева қауіпсіздік саясаты орталығының аға кеңесшісі Марк Финоның айтуынша, коронавирус пандемиясы індеттің қайдан және қалай шыққанына қарамастан халықтың денсаулығына үлкен әсер ететінін, оның алдын алуға және онымен күресуге дайындық жетіспейтінін көрсетті.
"Сондықтан біз одан сабақ алып, қолда бар мехнаизмдерді жетілдіре түсуіміз керек. Болашақта болуы мүмкін кез келген биоқауіптерге дайын боламыз деп үміттенемін. Биоқауіпсіздік – жаһандық мәселе. Ешбір мемлекет, тіпті қуатты мемлекеттердің өзі онымен жалғыз айналыса алмайды. Сондықтан бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек, өйткені вирустар, аурулар мен індеттер шекараға қарамайды", – деді Марк Фино.
Украина ұлттық ғылым академиясының академигі, Палладин атындағы биохимия институтының директоры Сергей Комиссаренконың айтуынша, биоқауіпсіздік кез келген елдің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды бөлігіне айналды. Биологиялық қаруларға тыйым салынса да, әлі күнге дейін бұл мәселе өзекті. Көпшілік біле бермейтін биотерроризм өте қауіпті, өйткені кейбіреулер ауру қоздырғыштарын теріс пиғылы үшін пайдаланып, адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін.
"Биоқауіпсіздік саласын зерттеп жүрген сарапшылар өзекті мәселелерді талқылау үшін Алматыда бас қостық. Біз жоғарыда айтылған мәселелердің шешімін табуға тырысамыз, сонымен қатар ғалымдар, саясаткерлер және қоғам арасындағы көпір боламыз. Қазір әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат тарап жатады. Сондықтан да бұрмаланған ақпаратты жоққа шығарып, сенімді ақпарат тарату өте маңызды болып отыр. Осындай алаңдарда ортақ мәселелерімізді талқылап, ақпарат алмасқымыз келеді. Өзіміздің және халқымыздың өмірін қауіпсіз ету, адамдардың денсаулығын сақтау басты орында қала береді", – деді Сергей Комиссаренко.
Орталық Азия және Кавказ елдерінің Биологиялық қауіпсіздік қауымдастығының президенті Дамира Аширалиева осы аймақтағы биоқауіпсіздік бойынша алаң кеңейіп келе жатқанын тілге тиек етті.
Жасанды интеллект рөлі қандай
Биотехнология саласындағы жасанды интеллект рөлі тақырыбы көтерілген сессияда Назарбаев Университетінде биологиялық және химиялық қауіпсіздік бойынша үйлестіруші Айсұлу Нұржанова автоматтандыру биоқорғау деңгейін көтеріп қана қоймай цифрлық салада тәуекелдер тудыруы мүмкін екенін ескертті.
"Технологиялар дамып, автоматтандырылған жүйелер қолжетімді болған сайын ұйымдар жаңа құрал-жабдықтарды сатып ала алады. Дегенмен ұйымның өзі немесе оның қауіпсіздік мәдениеті бұл автоматтандырылған жабдықты енгізуге және пайдалануға әлі дайын болмауы мүмкін. Екінші маңызды мәселе – қажет дағдылар мен кадрлардың біліктілігі арасындағы айырмашылық. Қауіп-қатер туралы трансшекаралық ақпарат алмасу да өзекті бола түскенле деректер ұрланбауы үшін қауіпсіздікті күшейтуіміз керек", – деді Айсұлу Нұржанова.
Демократияны зерттеу орталығының аға талдаушысы Татьяна Новосиолова жасанды интеллект бұрмаланса немесе дұрыс пайдаланылмаса әсері қандай болатынын айтып, "деректердің улануы" мәселесін көтерді.
"Деректердің улануы" (data poisoning) – құралдарға бұзып кіру немесе араласу. Бұл киберқауіпсіздікке де қатысты, себебі осы жүйелер қаншалық қауіпсіз және зиянды мақсатта пайдаланудың қалай алдын алуға болады деген сұрақтар өзекті болып отыр. Зертханалардағы қауіпсіздік мәселесі қозғалғанда сонда жұмыс істейтін қызметкерлердің қауіпсіздігімен бірге ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қатар тұрады", – деді Татьяна Новосиолова.
Іс-шараны Халықаралық ғылым және технология орталығы (ISTC) мен Орталық Азия және Кавказ Биологиялық қауіпсіздік қауымдастығы (BACAC) ұйымдастырды. Конференция GIZ, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өтті.
Сондай-ақ, конференция Биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияның (BWC) 50 жылдығына және ISTC-ның Қазақстандағы 10 жылдығына орайластырылған.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65