Тікелей эфир

Лос-Анджелестегі өртке Джо Байденнің қатысы бар ма? Тілсіз жау туралы ақпараттарға фактчек

Фото әлеуметтік желіден алынды. Бұл сурет шындыққа жанаспайды
Фото әлеуметтік желіден алынды. Бұл сурет шындыққа жанаспайды
Өрт он мыңдаған үйді қиратып, 24 адамның өмірін жалмаған. 

Өрт сөндірушілердің Лос-Анджелестегі орман өртін ауыздықтай алмай жатқанына алты күн болды. Калифорния орман шаруашылығы және өрттен қорғау департаментінің мәліметі бойынша, қаланың батыс бөлігіндегі Пасифик-Палисейд ауданындағы өрт 9596 гектарға жетіп, оның тек 11 пайызы ауыздықталған. Ал шығыстағы "Итон" өрті 5 712 гектар жерді өртеп жіберді, оның тек 27 пайызы бақылауға алынған. Қаланың солтүстігіндегі "Херст" өртінің 11 пайызы қалған. Өрт сөндіруді қатты жел мен құрғақ ауа райы қиындатып отыр, деп жазды Reuters.

Өртті сөндіруге 7 штаттың, сондай-ақ Канада мен Мексиканың өрт сөндірушілері күш салып жатыр. Негізгі назар Брентвуд маңайына және Лос-Анджелестің басқа да тығыз қоныстанған бөліктеріне жақындап келе жатқан Палисейдс өртімен күресуге бағытталған.

Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсомның айтуынша, бұл өрт АҚШ тарихындағы ең ауыр табиғи апат болуы мүмкін. Биліктің хабарлауынша, өрт салдарынан 24 адам қаза тапқан. 100 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тағы 87 мың адам эвакуация туралы ескерту алды. Барлығы 12 300 ғимарат зақымдалған немесе қираған. Мүлкі қирағандар арасында Мел Гибсон, Энтони Хопкинс, Билли Кристал және модель Пэрис Хилтон сынды Голливуд актерлері бар. Қазіргі таңда өрттерден келген шығын 135-150 млрд долларға бағаланып отыр.


Оқи отырыңыз: В Лос-Анджелесе местный житель c посудой в руках спас свою улицу от пожара


"Голливуд" өртеніп кетті ме?

Әлеуметтік желіде Голливуд төбесіндегі әлемге әйгілі "Голливуд" тақтасы отқа оранғаны туралы ақпарат тарап жатыр. 

Фото әлеуметтік желіден алынды

Лос-Анджелестегі орман өрті 8 қаңтар күні Голливуд төбесіне жақындаған еді. Алайда 9 қаңтар күні кешқұрым ол жердегі тілсіз жау ауыздықталған. Hollywood Sign Trust ұйымы тақтаның зардап шекпегенін хабарлады. Тек Голливуд белгісі орналасқан Гриффит саябағы сақтық шарасы ретінде уақытша жабылған. 

Фото: Instagram желісінен скрин

Желіде таралып жатқан кейбір суреттерде Grok жасанды интеллектісінің логотипті бар.

Даунтаун отқа оранды ма?

Фото: Тикток желісінен скрин

Даунтаун – Лос-Анджелес қаласының сауда және ойын-сауық ауданы. Желіде осы ауданның да қызыл жалын астында қалғаны туралы суреттер мен видеолар бар. Алайда, бұл аудан да тілсіз жаудан аман. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер Лос-Анджелес пен оның айналасындағы  Палисейдс, Итон, Херст, Лидия және Кеннетт аудандарында жұмыс істеп жатыр. 

Өрттің өршуіне Байден себепкер ме?

Желіде тараған тағы бір ақпарат – АҚШ президенті Джо Байденнің Лос-Анджелеске іссапары кезінде өрт сөндіріп жүрген ткіұшақтардың жұмысы уақытша тоқталығаны туралы. Соның салдарынан, өрт бақылаудан шығып кеткені жазылған. 

Бұл да жалған ақпарат дейді Reuters. Байден әкімшілігі өрт сөндіруге кедергі келтіріп, Лос-Анджелес әуе кеңістігін жаппады. Жел қатты соғып тұрғандықтан, тікұшақтар 12 сағатқа жуық жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

Дегенмен, АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Калифорниядағы өрттің өршуіне байланысты қазіргі президент Джо Байденді сынға алды. Трамп өзінің саяси қарсыласын біліксіз деп айыптады.

Фото: Truth Social желісінен скрин

Саясаткер Калифорниядағы өрттер экономика тұрғысынан АҚШ тарихындағы ең жойқын өртке айналуы мүмкін деп болжайды. Трамп сақтандыру компанияларының апат шығынын толық жаба алатынына күмәні бар екенін айтты.

Өрттің шығуына не себеп болды?

Өрттің шығуына не себеп болғанын анықтау жұмыстарына 21 маман мен иісшіл ит тартылған. Дегенмен, тергеушілер өрттің найзағайдан шығуы мүмкін емес екенін айтады, себебі соңғы уақытта Палисейдс немесе Итон аудандарында найзағай болмаған. Мамандар тілсіз жаудың өрт қою немесе электр желісіндегі ақаудан шығуына байланысты нұсқаларды қарастырып отыр. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары