Танымал мәнерлеп сырғанаушы Джейсон Браун қазан айында Алматыда өткен Denis Ten Memorial Challenge турниріне қатысып, қола жүлдеге ие болды. Мәнерлеп сырғанау спорты жасара түссе де өз биігін түспей, жас буынмен қатар тұғырға көтеріліп жүрген америкалық спортшы көрерменді әртістік шеберлігімен, әсем сырғанауымен тәнті етті.
Осы орайда Информбюро тілшісі Қазақстанның жарқ етіп аққан жұлдызы Денис Тенмен бірге жаттығып, талай жарыста өнер көрсеткен замандасы Джейсон Браунмен аз-кем сұхбаттасты.
– Турнирде жүлделі үшінші орынға ие болдыңыз. Нәтижеңізге көңіліңіз тола ма?
– Бұл турнирге бір ай бұрын ғана қатысамын деп шешім қабылдадым. Алматы жылы қарсы алды. Маусымды осылай жеңіспен бастағаныма қуаныштымын. Бүгінгі көрсеткен өнерім өзіме ұнады. Көрерменнің де көңілінен шықты деп ойлаймын.
– Денис Тен екеуіңіз замандас болдыңыздар. 2010-жылдары талай жарыста өнер көрсеттіңіздер. Өкінішке қарай, Денис арамызда жоқ. Денисті еске алу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар келді. Сіз де АҚШ-тан келіп отырсыз. Замандасыңыз Денис туралы естелігіңізді айтыңызшы.
– Ол ғажап адам еді. Дениспен бірге жаттықтық. Жаттыққан кезде де бар жан-тәнімен сырғанайтын. Мұзда сырғанағанда әркез құштарлығы мен қайсар мінезін көрсететін, оны байқамау мүмкін емес еді. Денис әртістік шеберлікке көп күш салатын, сондықтан да оның секіруі әдемі көрінетін. Дениспен бірге жаттыққанда оның артистизм мен атлетизмді ұштастыра алатынына тамсана қарап, шабыт алатынмын. Оның бұл қасиеті мені дәл солай жасауға, дәл сондай деңгейге ұмтылуға итермеледі.
Жаттығу кезінде Денистің күшін көріп қана қоймай, оның өте мейірімді, жақсы адам екеніне көзім жететін. Жаттығу кезінде әрдайым маған қолдау көрсететін. Жарыстарда қарсылас болсақ та, мейірімді болатын. Бірге тамақтансақ, ашық мінезінен танбай емін-еркін сөйлесе беретін.

Қазақстанға, Денис Теннің туған жеріне келуді әрі осы жерде өнер көрсетуді көп уақыттан бері армандадым. Денистің анасын көргеніме қуаныштымын. Міне, арманым орындалып, Қазақстанда Денис Тенді еске алу турнирінде, өзі сырғанаған мұзайдында өнер көрсетіп жатырмын.
– Сонда сіз бұрын Қазақстанда болмадыңыз ба? Денис өзінің шоуына шақырмады ма?
– Жоқ, болмадым. Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Денис бір жылы шоуында өнер көрсетуге шақырды. Бірақ мен белгілі бір себептермен келе алмадым. Бұған аздап қынжыламын.
– 2019 жылы мәнерлеп сырғанаушы Евгения Медведевамен бірге "Халық Арена" кешеніне Денис Теннің атын беруге қатысты петицияны қолдап, видеоүндеу жасаған екенсіздер. Өкінішке қарай, бұл бастама қолдау таппаған секілді. Дегенмен, сіз дәл сол аренада өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріндіңіз. Қызық емес пе...
– Иә, таң қаларлық жағдай. Бәрі ап-анық есімде. Евгения маған келіп, Қазақстанда петиция жасап жатқанын айтты. Мен "не істеуім керек?" деп сұрадым. Денис Тенге қатысы бар болған соң, бастаманы қолдағым келді.
Дәл осы аренада өнер көрсетіп, Алматыдағы Денис Тен ескерткішіне барғаным ерекше күйге бөледі. Қазақстанға сапарым мен үшін ерекше мінге ие.
– Қазақстан туралы әсеріңіз қандай?
– Тамаша. Адамдары сондай жақсы, қонақжай. Жанкүйерлер, еріктілер, қалада серуендеп жүргенде кездестірген адамдар, такси жүргізушілері, бәрі-бәрі тым жақсы адамдар. Жолымда кездескен әр адам өте мейірімді, көмегін аямады. Алматы әдемі қала екен. Мен келгенде ауа-райы да керемет болып тұр.
Биік-биік таулар да көздің жауын алады. Дәл мұндай табиғатты көремін деп күтпеген едім.
Тамақ та дәмді. Жылқының етін әлі жеп көрген жоқпын, бірақ көп адам соны жеуге кеңес берді. Алматыға ата-анаммен бірге келдім. Дәмін татып көріп, ұнағанын айтты. Екеуі "Шымбұлаққа" барып қайтты. Мен жарыста жүрген соң тауға әлі шықпадым.
– Мәнерлеп сырғанау спорты – көп жарақат алатын спорт. Спортшылардың көпшілігі техникалық элементтерді орындаймын деп ауыр жарақат алып жатады. Тіпті, мансабын ерте аяқтайды. Әлі күнге дейін мұзға шығып, жарысқа қатысып жүрген қатарластарыңыз да некен-саяқ. Төрттік элементтерді қиналмай секіретін жас буын келгенде спортты тастамай, керісінше тұғырдан түспей жүргеніңіз таң қалдырады. Өз бабыңызда қалуға не жігерлендіреді?
– Мен спортты, жаттығуды, жарысты қатты жақсы көремін. Сол себепті ешқандай қиындыққа қарамай осы деңгейге жету үшін жаттыға беремін. Техникамды жетілдіру үшін талмай еңбек етемін. Мәнерлеп сырғанау спорты техникалық тұрғыдан дамып, жас буын жаңа элементтер, секірулер орындап жатыр. Артымнан келе жатқан жас спортшылардың өнеріне, техникасына қайран қаламын. Олар секілді секіру оңай емес болса да, артистизм, хореография тұрғысынан өнерімді жетілдіре беремін.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65