Медеу, Шымбұлақ, Аюсай, Түрген шатқалы: Іле Алатауы туризмі қалай дамып жатыр? Фоторептортаж

Фото: Досжан Балабекұлы
Фото: Досжан Балабекұлы
2024 жылы ұлттық паркке 824 мың турист келген.

Алматыға келген қонақтар Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бас сұқпай қоймайды. Себебі мұнда туристер көп жүретін Медеу, Шымбұлақ, Аюсай, Үлкен Алматы көлі, Бұтақты, Түрген шатқалы орналасқан. Ұлттық парк аумағында жалпы 46 туристік маршрут бар. Туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін соқпақтар абаттандырылып, жаңа маршруттар ашылып жатыр. 

Информбюро тілшісі Алматы қаласының оңтүстігінде, Іле Алатауының (Тянь-Шань) солтүстік беткейінде орналасқан парктің тынысымен танысып қайтты.  

Турист ең көп келетін парк

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1996 жылы құрылған. Жалпы 200 160 гектар жерді алып жатқан парк келер жылы отыз жылдығын атап өтеді. Ұлттық парк құрамына Ақсай, Медеу, Талғар, Түрген филиалдары және Алматы мемлекеттік табиғи қаумалы кіреді. Парктің басты мақсаты – табиғи экожүйелерді, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды сақтау, биологиялық әртүрлілікті қорғау, ғылымизерттеу, экологиялық ағарту және тұрақты экотуризмді дамыту. Парктің аумағы батыстағы Шамалған өзенінен шығыстағы Түрген өзеніне дейін 120 шақырымға созылып жатыр, ені – 30-35 шақырым.

Жыл басынан бері жеті айда Іле Алатауы ұлттық паркіне 507 571 турист келген. Былтыр қонақтар саны 824 мыңға жеткен. Ұлттық парк қызметкерлері биыл келушілер саны миллионнан асады деп отыр.

"Ұлттық табиғи парктің ең негізгі мақсаты – табиғатымызды қорғап, болашақ ұрпаққа қалдыру. Ол үшін орман қорын көбейту, аң-құс пен шөптесін өсімдіктерді, биоәртүрлілікті қорғау, өрт қауіпсіздігін сақтау жұмыстарын жасаймыз. Үлкен Алматы шатқалына туристер көп келеді. Биыл туристер саны миллионнан асады деп жоспарлап отырмыз. Бұрын жаяу жүргіншілер қатары 10-15 пайыз болса, қазір 30-40 пайызға жетті. Тау етегінде демалып қана қоймай, туристік соқпақтармен жүріп, шыңға шығатындар көбейді. Келер жылы ұлттық табиғи парктің құрылғанына отыз жыл болады. 1996 жылдан бері туризм әлеуеті едәуір өсті. Абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары атқарылды. Туризм саласын қолға алсақ экономикамызға да қаржы түседі. Шетелдік туристер көптеп келуі үшін жайлы жағдай жасауымыз керек", – деді Іле Алатауы Ұлттық паркінің бас директоры Елнұр Ахметов.

Іле-Алатауы Ұлттық паркінің директоры Елнұр Ахметов / Фото: Досжан Балабекұлы

Жоғалған, адасқан туристердің қауіпсіздігі үшін парк аумағында бақылау-құтқару бекеттері жұмыс істейді. Ұлттық парк әкімдікпен бірлесе түнде де жанып тұратын маяктар қоюды жоспарлап отыр. 

"Адамдар көбінесе түнде адасады. Күн батареясымен істейтін маяктар түнде жарық шашып, жол көрсетеді. Ал биік шыңдарға жалғыз шығып бара жатқандарды тауға жібермейміз. Топпен шығуы керек деген арнайы бұйрық шығарамыз", – деді Іле Алатауы Ұлттық паркі бас директорының орынбасары Арқау Шантаев.

Туристермен бірге қоқыс та көбейген

Ұлттық парк қызметкерлері үшін ең өзекті мәселе – қоқыс мәселесі. Туристер көбейген сайын парк аумағынан шығарылатын қоқыс көлемі де артқан. 

"Былтыр 700 тоннадан астам қоқыс шығарылса, биыл жеті айдың ішінде 470 тонна қоқыс шығарылды. Ұлттық парк базасында қоқыс шығаратын үш көлік, сұрыптап қоқыс жинайтын 32 орын, қоқыс жинайтын 365 дана контейнеріміз бар.  Оның 70-і – дымқыл фракцияға, қалғаны құрғақ фракцияға арналған.  Арнайы жұмысшыларымыз, инспекторларымыз парктің ластанбауын қадағалайды", – деді Арқау Шантаев.

Елнұр Ахметов та экологиялық туризм өзекті екенін айта кетті. Тауға демалуға келіп, бірақ от жағып, қоқыс тастап кететіндер аз емес. Табиғат аясында демалған соң әр адам айналаны ластамай, қоқысын жинап, артынан ештеңе қалдырмауы керек дейді ол.

"Туристер ереже сақтамайды. Тыйым салынған жерде от жағып, қоқыс тастап кетеді. Парк қызметкерлері арттарынан жинап жүреді. Сондықтан әр турист ұлттық табиғи парк ережесін білуі керек. От жағып, табиғатты ластаушылар заңмен жазаланады", – деді Елнұр Ахметов.

Өрттің алдын алу

200 мың гектар жерді алып жатқан ұлттық паркті өрттен қорғап қалу оңай шаруа емес. Сол себепті өрттің алдын алу және қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қазіргі уақытта 25 км өртке қарсы жол жөнделіп, 78 км жолақ шөбі шабылған.  Сондай-ақ, өрт маусымына дейін және қауіпті кезеңде 60 дана аншлаг, 15 000 ақпараттық парақша, 4766 түсіндіру кездесуі ұйымдастырылған. Жыл басынан бері 7 орман өрті тіркеліп, ереже бұзған 35 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Өртке қарсы қызмет мамандары оқытылып, техникалар мен құрал-саймандар жаңартылды, жанар-жағар май қоры дайындалған. Ұлттық паркте 320 мемлекеттік инспектор қызмет атқарады, соның ішінде 131 айналым (орман) инспекторы бар. Орманды қорғау шаралары екіге бөлінеді: орманды өрттен қорғау және зиянкестерден қорғау. Үлкен Алматы шатқалындағы орман өртін сөндіру станциясы былтыр салынып, биыл іске қосылып жатыр. Бірінші типтегі бірінші станциямыз. Төрт филиалдың әрқайсында осындай нысан салынып жатыр", – деді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Дархан Исабеков.  

Фото: Досжан Балабекұлы

Бұл станцияда өрт сөндіру автомашинасы, төрт трактор, төрт кіші өрт сөндіру кешені бар. Өртті жылдам анықтайтын 17 мұнара бой көтереді. Ол жерде датчик, камералар тұрады. Жоба іске асса парк қызметкерлері парк аумағының жетпіс пайызын камерадан көріп отыра алады. Осылайша қай жерде от тұтанғанын, кім қоқыс тастағанын, аң аулап жүргенін анықтайды.  

Онлайн төлем

Іле Алатауы ұлттық паркі аумағында орналасқан бақылау-өткізу бекеттері автоматтандырылып, онлайн төлем жүйесі енгізіліп жатыр. Ұлттық парк аумағында 10 бақылау-өткізу бекеті жұмыс істейді. Соның төртеуі автоматтандырылды. Бұтақтыдағы бекет толық автоматтандырылған, ал Алма-Арасан – тестілеу режимінде, Түрген және Қаскелеңдегі бекеттерде автоматтандыру құрылғылары орнатылған. 

"Биыл Алма-Арасан шатқалындағы бекет толықтай автоматтандырылды. Енді келушілер экологиялық жарнаны қосымшасы арқылы төлей алады. Тіпті, ерте төлеуге болады. төлемді енді алдын ала жасауға да болады. Бұған дейін кіру ақысын бекетке жеткенде ғана төлеуге болатын. Соның салдарынан кейде кептіліс болып, келушілер кезек күтіп қалатын. Автоматтандырудың басты мақсаты – онлайн төлемге көшу, келушілерге ыңғайлы болуы үшін алдын ала төлеу мүмкіндігін жасау. Автоматтандыру жүйесі Ішкі істер министрілігінің базасына қосылған. Кез келген көлік бекетке келгенде мемлекеттік нөміріне қарап, төлемақы шығып тұрады. Сондықтан азаматтарды қосымша арқылы ертерек төлеуге, кезекке тұрмауға шақырамыз", – деді Іле Алатауы Ұлттық паркі бас директорының орынбасары Арқау Шантаев.

Фото: Досжан Балабекұлы

Жеті айда 298 миллион теңге ұлттық парктің арнайы шотына түскен. Бұл қаржы туристік бағыттарды абаттандыруға, қоқыстарды жинауға жұмсалады. Ал төлем бағасы көлік түріне қарай есептеледі: мотоцикл мен мопедтерге – 786 теңге, 16 орыннан аспайтын жеңіл көлікке – 5100 теңге, 32 орындық автобустарға – 11 мың теңге, одан көп болса 17 500 теңге төлейді. Қарапайым жеңіл көліктер 1179 теңге төлеп өте береді. Ал жаяу жүргіншілер адам басына 589 теңгеден төлейді. Парк аумағынан шығып кірсе тағы да төлеуі қажет.

Үлкен Алматы көліне автокөліктер жіберілмейді, себебі қазіргі уақытта жолдың қауіптілігі өте жоғары. Көліктер соғысты, тас та құлады. Елнұр Ахметовтың айтуынша, "ҚазАвтоЖол" мекемесі мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесе жолды жөндеу, құлап кетуі мүмкін тастарды бекіту жұмыстарын қолға алмақ. Жол қауіпсіз бола түссе электравтобустар қатынап, адамдарды тасымалдайды.

"Жеке электр көліктерін жібермейміз. Табиғатымызды сақтау үшін арнайы компаниялар автобуспен туристерді тасымалдайды", – деді ол.

Жаңа туристік маршруттар

Ұлттық парк аумағындағы 46 туристік маршруттың 80-85%-ы абаттандырылған. Биыл Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе қосымша 100 шақырымдай 11 соқпақты абаттандыру, үш кемпинг аумағын салу және үш бұлақ көздерін қалпына келтіру жұмыстары басталған.  Алма-Арасан – Терра алаңы арасындағы 15 км соқпақты абаттандырылып жатыр. Проходное сайындағы 1 км соқпақ толық реконструкциялануда. Парк қаражаты есебінен 1,5 км жаңа маршрут іске қосу жоспарланып отыр.

"Биыл Алма-Арасан ыстық су көздерінде әртүрлі жағдай болды. Туристерге тас құлады. Адамдардың қауіпсіздігі үшін Алматы қаласының туризм басқармасымен бірлесе 700 метрлік соқпақты абаттандыру жұмыстары аяқталып қалды. Жартастарды арнайы тормен қаптадық. Әлеуметтік желілерде сұранысқа ие болған "Хоббит сарқырамасына" апаратын 1,5 шақырым соқпақты абаттандырамыз. Соқпақ жол жасамасақ топырақ эрозияға ұшырайды. Екінші жобамыз – денсаулыққа пайдалы, табиғатты сезінетіндей жалаң аяқ жүретін алаңдар жасау. Алакөлден тас алып келеміз. Тас қана емес шөп, құммен толтырамыз. Сондай-ақ, балаларға арналған арқан паркін жасап, оларға таудағы қауіпсіздік шараларын үйретеміз", – деді Арқау Шантаев.

Фото: Досжан Балабекұлы

Бұл жобаларға жиналған экологиялық жарнаның қаржысы жұмсалады. Қажет ақшаның қалғанын экологияға жаны ашитын жеке компаниялар береді. 

Түрген филиалы Кузнецов сайында 2025-2026 жылдары жабайы Сиверс алмасына арналған жаңа ғылыми танымдық маршруты іске қосылады. Биыл наурыз айында ұлттық парк пен Helios компаниясы Сиверс алмасын ұлттық бренд ретінде қалыптастыру жобасы туралы меморандумға қол қойды. Сиверс алмасы – Солтүстік Тянь-Шаньдағы ең көне өсімдіктердің бірі және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген бірегей алма. Компания жеке инвестиция есебінен парк аумағында ғылыми визит-орталық пен бақылау алаңын, өмірін алма ағашын зерттеуге арнаған академик Аймақ Жанғалиұлына музей салады.

Жануарлар мен өсімдіктер әлемі

Іле Алатауф паркі аумағында кездесетін 2000-ға жуық өсімдіктің 37-сі Қызыл кітапқа енген. Жануарлар әлемі де ерекше бай. Паркте мекендейтін 47 сүтқоректі жануардың бесеуі Қызыл кітапқа енген. Олар – қар барысы,тянь-шань қоңыр аюы, түркістан сілеусіні, тас сусары, үнді жайрасы. 198 құс түрі тіркелген, оның 11-і қорғалған түрлер қатарында. Сонымен қатар, 5000-нан астам омыртқасыз жануарлар түрі бар.

Парк аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу жұмыстары қолға алынған. 

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманды қорғау, молайту, қалпына келтіру бөлімінің басшысы Райхан Мұхамеджанованың айтуынша, ұлттық паркте орманды қалпына келтіру және молықтыру аясында 42 гектар аумақта 140,1 мың дана ағаш көшеті отырғызылды. Тұқымбақтарда 0,62 гектар жерге орман тұқымдары себілді. Орманды күтіп-баптау жұмыстары 256 гектар аумақта жүргізілді. Биыл тұқым жинау жоспары – 600 кг, оның ішінде: (шырша – 100 кг,өрік – 380 кг, алма – 120 кг).

Фото: Досжан Балабекұлы

"Тауға отырғызатын ағаш көшеттерді бес гектар жерді алып жатқан алты тұқымбағымызда өсіріп, паркімізді толық қамтамасыз етеміз. Оның үшеуі Түрген филилы, Түрген орманшылығында болса, екеуі – Қаскелең шатқалында, біреуі Кіші Алматы орманшылығында орналасқан. Біз тек осы жерде өсетін тұрақты ағаштарды ғана өсіреміз. Олардың тұқымын орманнан жинап алып, осы тұқымбақта, ашық алаңда аялап өсіреміз. Қазір олар орманды молайту жұмыстарында сәтті орындалып жатыр", – деді Райхан Оразханқызы.

Орманшының айтуынша, ұлттық паркте орманды қорғау және сауықтыру жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Мәселен, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 8 мың гектар аумақта орман-патологиялық зерттеу жүргізіліп, 2629,5 гектар жерге зиянкестерге қарсы авиациялық-химиялық өңдеу жасалған.

Алматыда облысында маралдар жайылады

Іле Алатауы ұлттық паркі аумағындағы Қаскелең шатқалында орналасқан "Алатау маралы" атты қожалықтың иесі Кеңес Қайырханұлы марал өсіреді. 2003 жылы Алтайдан 60 бас марал әкеліп, Алатауға жерсіндірген. Содан бері мал басы 150-ге жеткен. 

Фото: Досжан Балабекұлы

Жыл сайын маусымда маралдың мүйізі кесіліп отырады. Егер кеспесе мүйізі кеуіп кетеді де, ішінде қан қалмайды. Жиналған қаннан емдік мақсатта арнайы өнімдер шығарылады. Шатқал ішінде емдеу орталығы да орналасқан.

"Алтай маралын өсіру үшін алдымен жер таңдау керек. Шөбі шығыстыкімен бірдей болуы қажет. Маралды қорада ұстай алмайсың. Жабайы мал орманда жайылады. Сегіз гектар жерді қоршап қойдық. Мемлекеттен ешқандай субсидия алмаймыз. Қонақ үй салуып, инвестиция тарту үшін алдымен газ тарту қажет. Маралдың мүйізі үлкен болса бір литр қан шығады. Ваннаға 15 минут түсу қажет, бір процедура – 15 мың теңге. Шетелдіктер көп келеді, әсіресе, Корея, Қытай, Түркиядан келеді", – деді Кеңес Қайырханұлы. 

Ең биік аспалы көпір

Алматыдағы Іле Алатауы Ұлттық паркі аумағында "Бақыт соқпақтары" жобасы аясында жаңа абаттандырылған тау маршруты мен Қазақстандағы ең биік аспалы көпір ашылды.

Тау бағыты мен көпірді қазақстандық құрылыс компаниясы Алматының танымал тау бағыттарын абаттандыруға арналған "Бақыт жолдары" бастамасы аясында сыйға тартқан. 

Абаттандырылған тау маршруты Проходное шатқалы арқылы Терра алаңына және Алёшкин көпірінен 3330 метр биіктікте орналасқан Космостанцияға дейін жалғасады. Маршруттың жалпы ұзындығы – 13,5 км. Жоба аясында салынып, тау символына айналған Алёшкин көпірі – Қазақстандағы ең биік аспалы көпірлердің бірі. Ұзындығы – 50 метр, ал теңіз деңгейінен биіктігі – 3000 метрден асады. 

"Бақыт жолдары" алдағы уақытта жалғасын табады. 2026 жылы Бұтақты шатқалында 17 шақырымға созылатын төрт маршрутты, 2027 жылы 11 шақырымға созылатын "Жапон жолы – экопост" бағыттарын абаттандыру жоспарланған.

Серіктестер жаңалықтары