Ояу жатқан адамға ота жасауға бола ма? Нейрохирургпен ашық әңгіме

Абылай Серікбай ота жасап жатыр. Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы
Абылай Серікбай ота жасап жатыр. Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы
Нейрохирург Абылай Серікбай заманауи технологиялар мен болашақ емдеу әдістері туралы пікірін бөлісті.

Ми – адам бойындағы ең жұмбақ әрі өмірлік маңызы зор мүше. Оның саулығы тек тән саулығы ғана емес, жан дүниеміз бен ой-санамыздың тепе-теңдігіне тікелей байланысты. Ми жұмысын жақсарту, жүйке жүйесі ауруларын емдеу бүгінде медицинадағы ең өзекті бағыттардың біріне айналды. Соның ішінде нейрохирургия саласы – адам миының тылсым сырларын зерттеп, өмір сапасын арттыруға сеп болатын заманауи бағыт. 22 шілде – Дүниежүзілік ми күніне орай ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургі, ми ісіктері мен бассүйек патологияларын емдеуде инновациялық тәсілдерді қолданатын Абылай Серікбаймен сұхбаттастық.

Әңгіме барысында маман тәжірибесімен бөлісіп, озық технологиялардың рөлі мен нейрохирургияның келешегі жайлы ой өрбітті.

Абылай Серікбай ота жасап жатыр. Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы

– Қазіргі таңда өзіңіз ҚР ПІБ МО ауруханасы қабырғасында орындап жүрген ең бірегей немесе инновациялық ота туралы айтып беріңізші. Қайдан үйрендіңіз, қандай елдің мектебі немесе клиникасы әсер етті?

– Қазір мен негізінен бассүйек негізінде орналасқан қолжетімсіз ісіктерді, сондай-ақ ми тереңінде орналасқан ісіктерді және бірнеше анатомиялық аймақтарға таралған (мысалы, краниоорбитальді немесе краниофациалды аймақтарды қатар зақымдайтын) күрделі ісіктерді жоюмен айналысамын. Мұндай жоғары технологиялық операцияларды орындау терең анатомиялық білімді, микронды дәлдікті және мультидисциплинарлық тәсілді талап етеді.

Бұл ота жасау әдістерін Мәскеудегі Н.Н. Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында және Токио медициналық университетінің ауруханасында білім жетілдіру барысында меңгердім. Бұл мектептер маған бассүйек негізі хирургиясындағы заманауи бағыттарды, микрохирургиялық техника мен эндоскопиялық әдістерді үйлестіре отырып қолдануды үйретті. Қазіргі таңда сол тәжірибені Қазақстанда тиімді түрде енгізіп, күрделі нейрохирургиялық көмекті жаңа деңгейге көтеріп келеміз.

Сонымен қатар, біз сирек кездесетін тамыр патологиялары, соның ішінде Мойя-Мойя ауруы сияқты күрделі жағдайларда да хирургиялық араласулар жүргіземіз. Бұл дерт – ми қанайналымының созылмалы окклюзиялы зақымдануына әкелетін сирек ауру, оны емдеудің негізгі тәсілі – реваскуляризация, яғни диаметрі 1 мм шамасындағы қан тамырларын өзара жалғай отырып, миға қосымша қан ағымының жетуін қамтамасыз ету. Мұндай микроанастомоздар жоғары дәлдікті және микроскопиялық техниканы талап етеді.

Қазіргі таңда біз осы инновациялық тәжірибелерді еліміздің клиникалық тәжірибесіне бейімдеп, күрделі нейрохирургиялық патологиясы бар пациенттерге сапалы және қауіпсіз көмек көрсетуге ұмтылып келеміз.

– Кейбір ота кезінде науқастың санасын сақтау (awake surgery) қажет болады, яғни адам ояу жатуы керек. Сіздің тәжірибеңізде мұндай жағдай болды ма? Оның қиындығы неде?

– Иә, науқас ояу кезінде ота жасау тәжірибем бар. Мұндай әдіс көбінесе тіл, қозғалыс немесе көру аймақтарына жақын орналасқан ісіктерді алып тастау кезінде қолданылады. Түсіндіре кетсем, ота басталғанда науқасқа наркоз салынады. Хирургиялық араласу барысында ісікті алар алдында пациентті оятып, сөйлеу, қозғалыс сынды функциялары тексеріледі. Содан кейін бәрі дұрыс болса ғана науқас қайта ұйқыға жіберіледі. 

Ота жасау кезінде нейроанестезиолог пен нейропсихолог біріге отырып жұмыс істеуі керек, бұл – күрделі командалық жұмыс, сонымен қатар науқастың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау маңызды. 

Абылай Серікбай ота жасап жатыр. Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы

– Сіздің ойыңызша, күрделі нейрохирургиялық отаны сәтті аяқтау үшін команда жұмысының рөлі қандай? Ауруханаңыздағы команда туралы айтып берсеңіз.

– Нейрохирургиялық отаның нәтижесі хирургтың біліктілігіне ғана емес, көпсалалы команданың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Біздің командамызда 7 нейрохирург пен 2 невролог-паркинсолог бар, оған қоса тәжірибелі нейроанестезиологтар, нейрофизиологтар, нейрорадиологтар, эпилептологтар және ота жасау кезінде, сондай-ақ отадан кейінгі күтімді қамтамасыз ететін мейірбикелер секілді жоғары кәсіби ұжым жұмыс істейді. Әр маман өз рөлін нақты орындаған жағдайда ғана пациент үшін ең қауіпсіз әрі тиімді нәтижеге қол жеткізе аламыз. 

– Тәжірибеңізде ерекше есіңізде қалған оқиға туралы айтып беріңізші.

– Жасы қырық шамасындағы ер адамға қатысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Оның туыстары алғаш маған қабылдауға келгенде науқас тамақ ішіп, жүре алмайды, когнитивтік функциялары айтарлықтай бұзылып, көру қабілеті кенеттен төмендеп кеткен екен. Тіпті тек жарықты және адамдардың сыртқы сұлбасын ғана ажырата алатын жағдайға жеткен.

Басқа жасалған МРТ зерттеуі кезінде бассүйек негізінде өте үлкен, алып деуге болатын, ми құрылымдарын басып тұрған және ісінуге алып келген ісік анықталды. Науқасқа нейрохирургиялық ем екі кезеңмен жүргізіліп, ісікті толықтай алып тастадық. 

Науқастың ауруханадан өз аяғымен шығып, көру қабілетінің қалпына келгені ең әсерлі сәт болды. Оның жақындарын таныған сәттегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу қиын. Бірақ кейінірек оның өткен бірнеше айдағы оқиғаларды есіне түсіре алмағаны белгілі болды.

Мұндай оқиғалар кәсіби жолда жиі кездесіп жатады. Қалай болғанда да, біз, кейде еріксіз, кейде мақсатты түрде, біреудің өміріндегі қайғысы мен қуанышының куәгеріне әрі кейіпкеріне айналамыз. Бұл дәрігер қызметінің аса жауапты әрі адамгершілікке толы қыры деп білемін.

– Миды зерттеу мен емдеуде нейронавигация, жасанды интеллект және роботтандырудың болашағы туралы не ойлайсыз?

– Бұл технологиялар нейрохирургияның келешегін түбегейлі өзгертіп жатыр деп ойлаймын. Мәселен, нейронавигация нақты анатомиялық құрылымдармен жұмыс істеуде жоғары дәлдікті қамтамасыз етсе, жасанды интеллект ісік диагностикасы мен хирургиялық жоспарлауда деректерді талдаудың жылдамдығы мен дәлдігін арттырады. Ал роботталған жүйелер микроқимылдар мен тұрақтылықты талап ететін операцияларда хирургтің қозғалысын бірнеше есе нақты етеді. Болашақта бұл технологиялар бір-бірімен интеграцияланып, нейрохирургияны қауіпсіз, жылдам, әрі нақты салаға айналдырады деп сенемін.

– Альцгеймер, Паркинсон сияқты генетикалық бейімділік пен нейродегенеративті аурулардың алдын алуда нейрохирургияның рөлі қандай?

– Нейрохирургия қазіргі таңда аталған ауруларды толық емдеуді мақсат етпесе де, олардың кейінгі кезеңдерінде симптомдарды жеңілдету және өмір сапасын жақсарту мақсатында қолданылатын deep brain stimulation сияқты нейростимуляция әдістерімен тікелей айналысады. Сонымен қатар, нейрохирургтар мен молекулярлық нейробиологтар арасындағы ынтымақтастық генетикалық және эпигенетикалық факторлардың клиникалық мәнін тереңірек түсінуге жол ашып отыр. Болашақта профилактикалық нейрохирургиялық араласулар немесе биочиптер арқылы ерте диагностика жасау мүмкіндігі талқыланып жатыр.

– Альберт Эйнштейн "біз миымыздың 10 пайызын ғана пайдаланамыз" деген екен. Шынында солай ма?

– Бұл тұжырым – ғылыми негізі жоқ миф. Қазіргі МРТ, ПЭТ, фМРТ сынды нейровизуализациялық технологиялар адамның миды жүйелі әрі толыққанды түрде қолданатынын дәлелдеп отыр. Тіпті қарапайым тапсырмалардың өзінде әртүрлі ми аймақтары бір мезетте белсенді болады. Сондықтан, адам миының 10 пайызы ғана қолданылады деген пікір – кең тараған қате түсінік. Шындап келгенде, миымыздың барлық құрылымы белгілі бір қызмет атқарып жатады.

– Келешекте ми ауруларына қарсы қандай инновациялық тәсілдерпайда болуы мүмкін деп есептейсіз?

– Болашақта бірнеше бағыт айрықша рөл атқарады деп ойлаймын. Атап айтқанда, нейрорегенерация және стволдық жасуша терапиясы – зақымданған ми тінін қалпына келтіру мүмкіндігін береді; жасанды интеллектке негізделген диагностика – нейродегенеративті өзгерістерді ерте сатыда анықтауға септігін тигізеді; нейроинтерфейстер (мысалы, Brain-Computer Interface) – сал ауруына ұшыраған науқастарға сыртқы құрылғылармен өзараәрекеттесу мүмкіндігін ашады; нанотехнологиялар – дәрілік заттарды дәл қажетті аймаққажеткізуді қамтамасыз етеді.

Бұл инновациялар интеграцияланып, мидың бұзылған функцияларын қалпына келтіру және аурудың алдын алу үшін жұмыс істейді.

Серіктестер жаңалықтары