"Өлім – талқылана бермейтін тақырып". Қайтыс болғандар туралы көрменің айтары не

Фото: Almaty Gallery
Фото: Almaty Gallery
Көрме Almaty Gallery-де 29 шілдеге дейін жалғасады. Кіру – тегін.

Алматыда заманауи суретші Мөлдір Қарубайқызы мен коммуникация маманы Дастан Аққожаның бірлескен "Жад жолы" атты партиципаторлық көрмесі өтіп жатыр. Мөлдір мен Дастан инсталляциялар мен экспонаттар арқылы ежелден келе жатқан "жыртыс", "көненің көзі" секілді әдет-ғұрыпты қайта тірілткен. Көрме авторлары 500-ге жуық адамнан өлім мен марқұмның жады туралы естеліктерін жинап, іріктелген 150-ге жуық хикаяны 17 метрлік матаға тігілген құраққа айналдырған. Әр құрақтың айтары бар. Пішініне, матасына, түсіне қарап-ақ кімге арналғанын білуге болады. Атасы не әкесінен қалған көйлектің жағасы да бар.

Осы орайда Информбюро тілшісі Almaty Gallery-де өтіп жатқан "Жад жолы" көрмесін аралап, көрме авторларымен және зерттеушімен сұхбаттасты.

Мөлдір Қарубайқызы, заманауи суретші:

– Көрме жасау идеясын Дастан ұсынды. Мен суретші ретінде формасын бірге жасайық деп келістім. Ата-әжем, ағам, туысқандарым қайтыс болса да бұл тақырыпқа терең үңіле алмадым. Қаза, жад тақырыбы таңсық емес еді, дегенмен жан дүниемнен өткізетіндей болмады. Көрменің эскиздері мен материалдарды жасап жатқан кезде анам қатерлі ісіктен көз жұмды. Сол кезде ғана Дастанның күйін түсіндім. Марқұм әкесі туралы қайта сұрадым. Екінші рет айтқанда ғана жақсы түсіндім. 

Анам қайтқан соң біраз күннен кейін Дастанның әжесі қайтыс болды. Бұл тақырып ауыр болса да көрмені анамның жүзіне, Дастанның әжесінің қырқына қарай жасаймыз деп шештік. Марқұм апамның көзін жасағалы жүрген едім. Апамды соңғы рет моншада көрдім. Жалаңаш болатын. "Арқамды езіп бер" деп отырған кезі есімде қалыпты. Образ іздеп жүргенде анам дүние салды. Анамды соңғы рет қызыл киіммен жүргенін көріп едім. Анама арнап жасаған қызыл көз өзіме сағыныштан гөрі қайғы кейпінде көрінеді. Қызыл түсті біз де жақсы көрмедік. Қатерлі ісік ауруына ем екен, қызыл киімнен қорқады екен деген соң киіндіріп қойдық. 

Мөлдірдің анасының көзі / Фото: Informburo.kz

“Соңғы құшақ” қоштаса алмай қалған жандарға жақынының жылуын сезіну, қоштасып үлгеру үшін қойылды.  Үш құшақ түрі бар: ауыр, орташа, жеңіл. Құшақтың әсері барған сайын әлсірейді. Көрмеге келушілер жақынын еске алып, құшақтап үлгермеп едім деп көрпені ұзақ жамылды. 

Өзгелердің хикаясын оқу қиынға соқты. Әсірсе, бес жасар қызынан айырылған ананың жазғаны жүрегіме дөп тиді. Уақыт өткен сайын қазаны қабылдау ауырлай түседі екен. Көрме жасағанда бәріміздің қайғымыз ортақ екенін түсіндім. Дастан екеуміз тек өз қайғымызды ғана ойламай, басқалардың оқиғасын, естелігін, көзін, жадын оятуды көздедік.  Адамдардың жазғаны осындай формаға айналып, бірге жоқтауға, қайғыға ортақтасуға көмектесті. 

Дастан Аққожа, коммуникация маманы:

– Көрмеге дайындалған кезде концепцияны барынша жұмырлату және мата іздеу қиын болды. Мата атаулары өзгерген екен. Масаты мата деп сұрағанда сатушылар білмейтін болып шықты. Оқиғаларды сұрыптап, соған сай киім іздеу де қиынға соқты. Тіккенге қарағанда мата іздеуге көп уақыт кетті, себебі оқиғасын айтқанмен де, киімін бергендер аз болды. Марқұмның киімдерін көзі қылып сақтап қалғысы келеді. Кейде киімін таратады. Содан қалмай қалуы да мүмкін. 

Көрмені әу баста әкемнің жадын сақтау мақсатында бастадым. Алайда уақыт өте келе тек өзімнің қайғымды көрсеткім келмеді. Себебі бұл тақырып қаншама адамның басын қосады. Әкем қайтқан кезде ғана айналамдағы достарымның әкесінің біразы жүріп кеткенін түсіндім. Ешқашан бұл туралы сөйлеспей, иығымыз қайғының аясында теңескенде ғана осы тақырыпты қозғай бастаған екенбіз. Қоғамымызда бұл тақырып талқыланбайтын, табуланған, жабық тақырып екенін түсіндім. Соны өзгерту үшін осы көрмені жасадық. 500-ге жуық адам оқиғасын бізге аманаттап, өз қайғысын ортаға салып, жақынының жадысын сақтауға үлес қосқаны қатты қуантты. 

"Сандық" / Фото: Informburo.kz

Көрмеге Үндістаннан келген турист ат басын бұрды. Ол 12 жыл бұрын анасын жоғалтқанын, осылай есте сақтауға болатыны ойға келмегенін айтты. Жады тақырыбы, қайғыны еңсеру тақырыбы тек ұлт не ел, болмаса кеңістік пен аймақты қамтымайды. Көрмедегі экспозициялар Үндістанда жүрген адамның көңілін қозғап, еліне қайтқан соң анасына арнап құрақ жасап көретінін айтты. Бұл сөз жаныма дауа болды, себебі бір адамның ғана мойнына түспеген жүк екенін қабылдау әлдеқайда жеңіл екенін түсіндім. 

Үш құшақтан тұратын "Соңғы құшақ" экспонаты адамдарға қатты ұнап жатыр. Көрермендер қазақ мәдениетіне жаңа көзқараспен қарап, мұндай салт-дәстүрдің, практиканың бар екенін білмегенін айтып жатыр. Өнер жанды сипап қана қоймайды. Санаға ой тамызық болса екен деген үмітіміз ақталды. 

Көрмедегі жыртыстардың барлығы талқыланбай, көрінбей жатқан адамдардың сезімдері секілді. Біз сол сезімдердің барлығын ескеріп, елеп, зат жасағымыз келді. Біз үшін құрақ – сол заттың негізгі формасы. Құрақ, жыртыс қазақ санасындағы өмір пәлсапасын жақсы көрсететін секілді. Біз де соны көрсеткіміз келді. Не болса да жақсы, қайғылы сәттер туралы бұйым жасауға болады деген ой салдық.

Камилла Асхат, әлеуметтанушы, зерттеуші:

– Сауалнамада үш негізгі блок болды. Социодемографиялық блок респонденттердің жалпы бейнесін анықтауға көмектесті. Бір блокты қайтыс болған жақындар туралы естеліктерге арнадық: оларды қалай есте сақтағанымызды және өз қайғымызды қалай өткергенімізді сұрадық. Тағы бір маңызды блок – жады/еске алу тәжірибелері: марқұмның заттарын сақтап қалдыңыз ба, мұны саналы түрде жасадыңыз ба, оны "жыртыс" сияқты дәстүр ретінде ұстандыңыз ба деген сұрақтар болды. Басты зерттеу сұрағымыз: "жыртыс" тәжірибесі әдет пе (жеке сипаттағы, белгілі бір аймақтық, жас не этникалық топпен шектелген практика) әлде дәстүр ме (кеңінен таралған тәжірибе)? Талдау барысында біз әсіресе адамдардың осы қырды қалай ой елегінен өткізгеніне назар аудардық: қайғыру тәжірибелеріне қатысты рефлексия бар ма, марқұмның жеке заттарын өзінде қалдыруды қажет әрі маңызды деп санай ма.

Менің міндетім негізінен аналитикалық болды: біз нақты зерттеу сұрағына жауап іздедік. Бірақ сонымен бірге өте сезімтал материалмен жұмыс істедік. Сол себепті мен Мөлдір мен Дастанға арасында біздің ортақ мақсатымыз – нақты сұраққа жауап табу екенін және бұл іске бізден бөлек тағы 450 адамның қатысып отырғанын еске салып отырдым. Өйткені олардың әңгімелері мен үшін – эмпирикалық дерек, ал олар үшін – шығармашылыққа арналған материал.

Зерттеу барысында біз мына негізгі тұжырымдарға келдік: 

  • Жадының (естеліктің) сақтаушылары көбіне әйелдер: олар отбасы мүшесі қайтыс болғаннан кейін қандай заттар кімге берілетінін реттеп, қадағалайды;
  • Жастар марқұмнан кейінгі жады практикалары туралы дерлік ойланбайды. Көпшілігі бұл тақырыпқа қатысты дәстүрлерді де білмеген;
  • Өлім тақырыбы қоғамымызда әлі де табу (стигма) күйінде қалып отыр: респонденттердің айтуынша, сауалнаманы толтыру – жақынын жоғалту тәжірибесін біреумен алғаш рет бөліскен сәті болған;
  • Жиналған 450 оқиға негізінде "жыртыс" – түрлі өңірлерде кең тараған толыққанды дәстүрден гөрі, жекелеген жағдайларда кездесетін әдет-ғұрып екенін байқадық.

Өлім туралы неге сөйлеспейміз дегенге бірнеше себеп бар. Өз өліміміз немесе жақындарымыздың қазасы жайлы әңгіме көбіне қаралы, шамадан тыс ашықтық ретінде қабылданады. Сондай-ақ "өлім туралы айтсаң, оны шақырып аласың" деген ырым-сенімдер кең таралған. Нәтижесінде өлімді түсіну жеке кеңістікке ығыстырылады – өмірдің ақыры туралы ойлану көпшілік алдында емес, оңашада, өз-өзіңмен жүруі керек деп саналады. Тақырып қоғамдық кеңістіктен шеттетілгенде, адамдар нақты өмірде өліммен бетпе-бет келгенде әлдеқайда дәрменсіз болады: жақындарының қазасы немесе өлімге әкеп соғатын дерт оларды моральды тұрғыдан дайын емес кезде қағып түсіреді.

Қоғамда ортақ "өлім тілі" қалыптаспауынан қайғыру үдерісінің өзі күрделене түседі: адам өзін оқшауланғандай, ешкім түсінбейтіндей сезінеді, тіпті ұзаққа созылған қайғысы үшін ұялуы мүмкін. Сол себепті біз өлім мен қайғы туралы әңгімені қалыпты дүние деп санауға тырысамыз – жоғалтуды өмірдің ұялмай айтуға болатын табиғи бөлігі ретінде мойындататын мәдени кеңістік құру маңызды. Дегенмен сенімге негізделген орта пайда болған сәтте-ақ адамдар өлім мен жады туралы сөйлесуге дайын екені көрінді. Бұл өлім тақырыбының табуға айналуы оған қатысты қызығушылық пен эмоциялардың жоқтығын емес, керісінше оларды білдіруге лайық мәдени арналардың жоқтығын көрсетеді.

Зухра Асылбекқызы, өнертанушы:

– Заманауи белсенді суретші Мөлдір Қарубайқызы мен коммуникация маманы Дастан Аққожаның бірлескен жобасы партиципаторлық көрменің үлгісін ұсынады.
Мұнда аворлар бақилық болған жандардың артында қалған заттарын 150-ге таяу адамдардан жинақтап, сұхбат алып, оларды көрме экспозициясына айналдыру барысында оның ұжымдық жадта көрініс табуын материалдандыру арқылы жүзеге асырады. Мұндай естеліктер ұжымдық жад пен ұжымдық мәдениеттің белгісі болмақ. Осылайша көрме көптеген естеліктерден құралған бірнеше инсталляцияларда көркемдік пішінде шешім тауып, сол естелік иелерін еріксіз көрмеге қатысушылардың біріне айналдыру арқылы ерекшеленіп, заманауи сипатты иеленген.

Көрмеге қойылған инсталляциялар мен экспонаттар арқылы жоба авторлары халықтың санасында сонау ерте замандардан қалыптасқан "жыртыс", "көненің көзі" секілді ұғымдардың дәстүрге, ғұрыпқа немесе уақыт өте келе қалыптасқан әдетке жататынын анықтап, шекараларын айқындауға тырысады. Бұл процесс көрмеге қатысушылар мен көрерменнің, суретшілер мен антропологтардың, өнер зерттеушілері мен жоба авторларының қатысуымен өтетін кездесулер, талқылауларда жүзеге аспақ.

Жоба авторлары көрме барысында өнер туындысы мен қоғамды сабақтастыруға талпынып, оларды ортақ диалогқа түсуге, өзінің бірегейлігін табуға, бақилық болған жақынына деген тұншыққан сезімдердің эмоционалдық күйзелісін еңсеруге шақырады.

Өмір – өлімді қабылдаудың тәжірибесін қалыптастыратын мектеп. Ал өнер – соны еңсеруді үйрететін терапия.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары