
1 тамыз күні Астанада америкалық әнші, актриса әрі әлемдік шоу-бизнестің жұлдызы Дженнифер Лопес (J.Lo) алғаш рет Қазақстанда жеке концертін өткізді. Астана Аренада өткен кешке 25 мыңнан астам жанкүйер жиналды. Бұл шоу көпшіліктің есінде ұзақ сақталары анық. Алайда концерттен кейін әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туындап, қоғам екіге жарылды: бірі Джей Лоның кәсіби шеберлігін жоғары бағаласа, енді бірі оның сахналық образдарын сынға алды.
Концерттің жарқын сәттері
Желіде Джей Лоның дауысы, сахналық қойылымы, бишілермен үйлесімділігі мен шоу сапасына, әнішінің еңбекқорлығына тәнті болған қазақстандықтар аз емес.
"25 жыл бұрын Лопес стиль символы еді. Ал бүгінде – еңбекқорлықтың символы. Алдыңғы күні Шарм-эл-Шейхте болды. Бүгін – Астана. Түнде Ереванға ұшады. Біз – оның гастрольдік турындағы 15-ші қаламыз. Демалысы небәрі бір күн. Ұшақта ұйықтау дегеннің не екенін өздеріңіз де білесіздер. Ол мұның бәріне қалай үлгеретінін түсіну үшін "Halftime" деректі фильмін көруге кеңес беремін. Ол – лидер. Барлық жағынан. Жинақы. Сахнаға өзін 1000% арнайды", – деп жазды Динара Сәтжан есімді Instagram қолданушысы.
@dinara.baltabayeva @JLO 🔥🔥🔥 #jlo #jenniferlopez #emirates #abudhabi #etihadarena #jlolivein2025 #almaty #astana #kz #jlopez ♬ оригинальный звук - Dinara
Көпшілік мұндай деңгейдегі шоуды алғаш рет көргенін айтып, шоу-бизнес өкілдеріне үлгі болғанын жазды.
"Бізде әлемдік сахна көрмеген кісілігі басым әншілер көп. Қалтасына он теңге түссе, ойына келгенін істеп, халықтың төбесіне секіреді. Одан қалса, бір-бірінің артын шұқиды. Біздің өнер "иіскетумен, иіскейіннен" ары аса алмай жатыр. Студияда түнімен фонограмма жазғанына масаттанып жүрген әншілерге Джей Ло – сабақ. Сахна – тек шынайы еңбекті ғана көтереді. Шамалары жетсе, сәусілдетіп киетін көйлектерін киіп, Дженнифердің елінде өнер көрсетсін! Көрсетсін де, сол елдің халқын біздікіндей тәнті етсін! Сөздің тоқетері, Джей Ло ешкімді қазақтықтан айырған жоқ. Ол – дамыған елдің өнерін көрсетті. Бар болғаны – сол ғана. Әңгіме біздің саналы түрде оны қабылдауымызда. Ешкімнің мойынынан бұрап қазақ ете алмаймыз. Өйткені, өзіміз қазақ бола алмай жүрміз!", – деп жазды Ажар Момбек есімді Facebook қолданушысы.
Көрермендердің айтуынша, сахна техникасы, дыбыс сапасы және хореография – бәрі халықаралық стандартқа сай болды. Тіпті концерттен соң әйелдер қауымы спортпен шұғылдануға мотивация алғанын жазып жатты.
"Джей Лоны көрген бүкіл қазақ қыздары ертең спорт залға баратын болды ғой", – деп жазды Threads қолданушысы.
Киімге қатысты сын: “Бұл қазақты құрметтемеу”
Сонымен қатар, шоу кезінде Дженнифер Лопестің бірнеше рет сахнаға іш киімге ұқсайтын костюммен шығуы желі қолданушыларының бір бөлігінің наразылығын тудырды.
@bssszh #jlo #jloinastana #astana #jloinkazakhstsn ♬ оригинальный звук - bssszh
"Иә, ол жаста денені уыста ұстап, олай қимыл-қозғалыс жасау - ерен еңбек, маңдай тер. Харизмасы да ұшан-теңіз. Бірақ юбка, шалбармен де шығады ғой, ол әнші. Тек “купальникпен” емес. Келген еліндегі жергілікті халықтың менталитеті ескеріліп, сахналық киімдеріне жабықтау элементтерді қосса, оның да елге деген кұрметінің белгісі болар еді. Бір жерін жарқыратып жүрсе, әрине назар әуелі сол жерге түседі де, “ұлы өнер” соның тасасында қап кетеді", – деп жазды Facebook қолданушысы Ләззат Ахатова.
Желі қолданушылары Дженнифер Лопес пен Димаш Құдайбергеннің өнерін салыстырып жатты.
"Димаштікі гипер вокал яғни адамзат әншілік өнерінің ең шегі. Димаш даусына ешкім шекара қоя алмайды, сондықтан оның өнеріне қай елге барса да кедергі жоқ – есік ашық, өйткені Димаш даусы – жалпы адамзаттық ән салу өнерінің жеткен жетістігі, бағындырған биігі (...) Ал Лопес өнері дауыс атаулыдан жұрдай болғандықтан – мұндай биіктіктен ада. Оныкі – тек тән қоздырушы ғана. Дені стриптиз элементерінен тұратын оның өнері түйсіксіз надан тобырдың төмен талғамын қанағаттандыруға арналған. Сондықтан ол әнді кешіріңіздер, көтпен салады және бұлай айтуды ол өте шебер меңгерген. Әдетте мұндай концерттерге рухани мүгедектер, тирандар, абьюзерлер, коррупционерлер, педофилдер, өз ұлтын жек көретін нигилистер, наркомандар мен арабқұлдар жалпы мұндай комплексін жарияға салмай ішінде сақтайтын "скрытый извращенецтер" құмар келеді. Өйткені мұнда алапат арсыздық, жойқын есіріктік бар. Ал "извращенецтерге" бұдан артық не керек?!", – деп жазды ақын, өнертанушы Ерлан Төлеутай.
Дженнифер Лопестің концертіне барған адамдарды да сынға алғандар болды.
"Сахнаға Джей Ло шыққан жоқ. Сахнаға біздің дүниенің алдында дірілдеген әлсіздігіміз, біздің ұлтсыздыққа деген құмарлығымыз шықты деп ойлаймын. Көп адамдардың әлеуметтік желідегі жазбаларына қарасақ. Көзіміз – жарыққа, құлағымыз – даңғазаға, жанымыз жалаңаш бейнеге байланыпты-мыс... Бірақ, ешкім байқамады. Ол кеште біз Джей Лоны көрген жоқпыз. Біз өз бейшаралығымызды көрдік десек болар? Ол қазақша ән айтқан жоқ. Айтпайды да. Айтуға міндетті де емес. Бірақ біз... Жаппай барып, қол шапалақтауға міндетті болдық па?! Ол шоу үшін келді. Біз шоу үшін рухымызды сатып алдық па?", – деп толғанды Асылхан Дәрібаев есімді желі қолданушысы.
Тіпті Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шаралармен тұспа-тұс келгені үшін Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертіне бойкот жариялағандар да болды.
Бұл пікірлер қоғамда мәдениетаралық қарым-қатынас пен сахнадағы еркіндік мәселесіне қатысты пікірталастың әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Сарапшылар не дейді?
Мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы әлемдік поп мәдениетке қазақ дәстүрлі сахнасының шарттары мен талаптарын қою орынсыз екенін айтады.
– Дженифер Лопестің киімінен, концертінің датасынан қандай да бір диверсия көріп аттандаған адамдарға таң қаламын. Олардың көбі біздің реал өмірден басқа бір кеңістік пен уақытта өмір сүретіндей. Джей Ло не әлемдік поп-мәдениет өкілдерінің өнімдерін тұтынатынымыз құпия емес еді ғой. "Санын жалтыратты" дей ме, "бұтын ашты" дей ме, оның ешқайсысы жаңалық емес: Джей Ло бүгін Джей Ло болған жоқ. Әні мен биін онсыз да теледидар мен интернет арқылы тұтынып өскен ұрпақ та, әлі тұтынатын ұрпақ та жетіп артылады.
Сондай-ақ әлемдік поп мәдениетке қазақ дәстүрлі сахнасының шарттары мен талаптарын қою орынсыз да қисынсыз. Бұл өз заңдылықтары мен этикалық талаптары бар, әр түрлі жазықтықтарда, қатар өмір сүре беретін өнер формалары. Біз кеңістік (география) ғана емес, уақыттың да өніміміз. Сондықтан ұлттық мәдениетіміз бен музыкамызбен қатар өз дәуіріміздің әлемдік мәдениетін тұтынуымыз заңды. Өзіміз аңсайтын демократиялық құндылықтар да, ашық қоғам да әлеммен терезесі тең, ашық байланыста болуды меңзесе керек.
Үшіншіден, поп-мәдениетті онсыз да тұтынамыз, Лопес деңгейіндегі әлемдік жұлдыздарды көру үшін Дубайға, не Батысқа арнайы ұшып барып, басқа елдің экономикасына қаржы тастап келіп жатқан отандастарымыз қаншама. Қайта осындай жұлдыздарды елге тартып, сондай шоулардан ел экономикасына пайда ойлағанымыз қисынды емес пе? Қыруар қаражат жұмсап концерттік залдар салдық, сол табыс әкелмей қаңырап тұру керек пе? Әлде фонограммаға тойғызатын, жалқау пост советтік эстраданың “шығармашылығы” үшін ғана салынды ма? Бұл сияқты бір концертке қанша адам ағылады, соның айналасында қанша бизнес жүреді, сонымен бірге сахнаның артында келешекте өз елімізде осындай шоулар жасауға, әншілерімізді әлемге шығаруға пайдасы тиетін қаншама пайдалы байланыстар орнайды. Ал тыңдарман осындай шоуларды жиірек көрсе, отандық поп-мәдениетке де талабы артады, отандық әртістер де бәсекеге ұмтылады.
Түптеп келгенде, Лопес әлемдік деңгейде мойындалған әртіс, сондай деңгейдегі әртістердің Қазақстанның сахналарына келіп ән салып, шоу жасап жатқаны біздің жаһанның бір бөлігі екеніміздің белгісі.
Өз басым Джей Лоның тыңдарманы емеспін, Қазақстанда болсам концертіне баруым да екіталай, бірақ сол концертке барғандарды жазғыру, немесе "кім ұйымдастырды?" деп кінәліні іздеу қисынсыз. Джей Лоның концертіне де, Абайдың тойына да үлгеретін, дәстүрлі музыканы да, поп музыканы да қатар тыңдайтын ұрпақтың өкілімін деп есептеймін өзімді. Алайда адамдарды біріктіретін, көңілдерін көтеретін концертке өз талғамының ғана өлшемімен қарайтындар, сынайтындар қай буында да (аға буында да, орта буын, не жастар арасында да) бар, және оған да плюрализмнің белгісі деп әсіре эмоциясыз қарай білуіміз керек.
Ал антрополог, мәдениеттанушы Динара Әбілденованың пікірінше, мұндай түрлі пікірлердің туындауы мемлекеттің өзі зайырлы дей тұра біресе дінді, мәдениетті тірек құралы ретінде пайдалана отырып, енді бір жерде оған қарсы шығып отыруының салдарынан екенін айтады.
– Мәдени құндылық, этикалық шекара бұл жазылмаған нормалар категориясына кіреді. Еш жерде жазылмаған ережелер болғандықтан әр адам өзі өсіп, тұрып жатқан шектелген ортасына қарай белгілі бір әрекет, киіну салтын қалыпты деп санауы мүмкін. Біздің қоғамды алсақ, бір ортақ мәдени құндылық бар деп айту қиын. Әлеуметтік, экономикалық, наным-сенім жағынан әртүрлі көзқарасты адамдар бар, әрі ол қалыпты құбылыс. Жекелеген индивидтің, белгілі бір ортаның сенімін басқаларға таңып қою дұрыс емес. Әрі бұл нормалар заңда жазылып, тыйым салынған әрекеттер қатарына жатпайды да.
Жалпы мұндай түрлі пікірлердің болуы – мемлекетіміздің өзі зайырлы дей тұра біресе дінді, мәдениетті тірек құралы ретінде пайдалана отырып, енді бір жерде оған қарсы шығып отыруының салдарынан.