
Қыркүйек айында "Dala Cinema" киностудиясы ұсынған әлеуметтік-драма жанрындағы Qaitadan фильмі жарыққа шықты. Бұл фильм көрерменге голливудтық "уақыт ілмегі" (day loop) мотивін қазақы болмыс және өзекті әлеуметтік мәселелермен сәтті үйлестірген бірегей туынды. Түсірілім тобы су тасқыны шынайы шығуы үшін қолдан дамбы тұрғызып, оны жарған. Ауылдың макетін жасап, су басып жатқанын түсірген.
Осы орайда Информбюро тілшісі санаулы қаржыға ауқымды фильм түсірген режиссер Думан Еркімбекпен және бас продюсер Жалын Тілеубергенмен сөйлесті.
Идея қалай дүниеге келді
"Қайтадан" – режиссер Думан Еркімбектің алғашқы толықметражды фильмі. Ол 2020 жылы Алматы облысындағы Күрті ауылында қысқаметраж фильм түсіріп жүрген кезде ауылдың шетіндегі үлкен дамбыны көрген.
"Дамбы жарылса ауылдың түгі қалмай шайылып кетеді ғой" деген ой келді. Бірнеше жыл санада жүрді. Ақыры осы идеяны дамыта келе, 2022 жылы "Қайтаданның" сценарийін Асылбек атты туған ініммен жаза бастадық. Қағаз бетіндегі дүние кинодан бөлек болады. Кейде қаржы жетпей ойдағыдай шықпай жатады немесе актерлер өзінше ойнап, импровизацияға салып кетеді. Десе де бұл фильм өзінше ерекше болып шықты. Ойлағанымызға сәл жетпей қалған кездері тағы да уақыт, тағы да қаражат болса дедік. Бірақ ондай мүмкіндік болмағандықтан осы деңгейге жеткізе алдық", – деді фильм режиссері және сценарий авторы Думан Еркімбек.

Оның айтуынша, фильмде адамдардың басына түскен сынақ, тығырықтан шығу кезіндегі әрекеттер, ой салатын идея бар. Көркем туындыда осындай айтпай келетін апаттардың алдын алу, оқиғаны болдырмау, себебі мен салдары сынды бағыттар қамтылған.
Фильм не туралы
Фильмнің оқиғасы ауыл төңірегіндегі дамбының жарылуына байланысты өрбиді. Дамбыдағы жарық – бүкіл қазақ қоғамына арналған символдық ескерту іспеттес. Ол кез келген ұсақ-түйектің қауіпсіздік пен жауапкершілік тұрғысынан маңызды екенін жеткізеді. "Қайтадан" туындысы – қоғамды төтенше жағдайларға немқұрайлы қарамауға, ескерту сигналдарына дер кезінде үн қатып, бірлікпен әрекет етуге шақырады.
Бас кейіпкер – қала баласы Рауан. Ол ҰБТ-дан сүрінген соң, ата-ананасы сабақ болсын деп шалғайдағы ауылға апарып тастайды. Бірақ тағдыр оны күтпеген сынаққа салады: Рауан бір күннің тұзағына қалады. Әр күннің соңында дамбы қирап, апат болады. Кейіпкер уақыт ілмегінен шығу үшін тек өзін ғана емес, бүкіл ауылды құтқаруы керек екенін түсінеді.
"Апат айтып келмейді. Осы фильм арқылы қандай да бір тосын жағдай болса, еліміздің әрбір азаматы қалай әрекет ету керегін көрсетуге тырыстық. Жалпақ тілмен айтар болсақ, бұл – есею туралы фильм. Қиын-қыстау заманда, ел басына күн туғанда жеке басын ойламай, жауапкершілік алатын батыр, ержүрек жастарымыз болса, бірлесіп жүкті көтеруге үндейді. Еліміз, жеріміз бізге ғана керек екенін сезіндіру мақсатында сценарийге көптеген дүниені сыйдырдық. Бізге уақыттың қымбат екенін көрсеткіміз келді. Кинодағыдай бізге екінші мүмкіндік берілмейді. Бұл фильмде барлығын өзгертуге болады, ал шынайы өмірде бір қате жіберсек, бірнәрсеге бей-жай қарасақ сол нәрсенің зардабын шегеміз. Сондықтан көрермен фильмнің айтарын түсініп, тереңнен бойласа екен", – деді фильмнің бас продюсері Жалын Тілеуберген.
Қолдан тұрғызылған дамбы
Думан Еркімбек дамбы жарылмай тұрып ауыл адамдарын эвакуациялау сахнасы қалай түсірілгенін айтып берді.
"Түсірілім кезінде әр сахна қиын болды, өйткені көп адаммен эвакуация жасадық. Түсірілім болған ауылда күн суық еді. Түнде көп сахна түсірдік. Қаншама ауыл адамын басқару, дамбының жарылғанын түсіру техникалық әрі эмоциялық жағынан қиын болды. Уақыт тапшы еді. Қолайлы ауа райын күттік. Бюджет аз болғандықтан қысқа уақытта көп нәрсе түсіру қажет болды. Соған қарамай соңына дейін жеткізген командаға көп рахмет. Жиналған кәсіби мамандардың ерік-жігерінің арқасында кино ойдағыдай шықты", – деді Думан Еркімбек.
Думан сценарий жаза бастағанда бірден компьютерлік графикадан бас тарту туралы ойлаған, себебі дамбы жарылатын кадр ойдағыдай шықпай қалуы мүмкін еді. Сондықтан түсірілім тобы фильм шынайы шығуы үшін ауылдың макетін жасап, қолдан дамбы тұрғызған.
"Көрермен графикаға сенбейді. Сондықтан дамбыны, ауылды қолдан тұрғызуды жөн көрдік. Дамбыны өзіміз жарамыз деп шештік. Қазақстанда ешкім істеп көрмеген соң қиын болды. Қоюшы суретші Бекен Нарбай іске кірісіп, дамбыны тұрғыздық. Бірнеше рет жарып көрдік. Ауылдың өзін екі-үш ай жасады. Нәтиже көңілден шықты. Классикаға айналған "уақыт ілмегі" элементі әлемдік кинода көп кездеседі. "Қайтадан" фильмінің өзіндік мағынасы, айтар ойы бар. Елімізде қаншама жыл бойы бір мәселе, апат, қате қайталанады. Сондықтан осы элементті таңдап алдық. Адам уақыт ілмегінен шығуы үшін өз-өзімен жұмыс істеп, өз-өзін жеңуі керек. Сол сияқты біз де қоғам ретінде мәселелерді шешу үшін онымен күресуіміз керек", – деді фильм режиссері Думан Еркімбек.
Фильм үшін қоюшы суретшілер бас-аяғы үш ай бойы жай ғана декорация емес, толыққанды ауыл тұрғызған. Екі үлкен түсірілім тобы мен 300-ден астам адам қатысқан эвакуация мен дамбының жарылу сахналарын түсіру қиынға соққан.
"Жалпы, өте ауқымды, техникалық тұрғыдан қиын жоба болғандықтан, әрбір түсірілім күні сынаққа толы болды. Судың, апаттың эффектісін беру өте қиын. Біздің нарығымызда ешкім жасамаған. Қоюшы суретші мен декораторлардың қолынан келді. Оларға алғысым шексіз. Біз мамандардың өте креативті декорацияларды да жасай алатын дәлелдедік деп ойлаймын. Бекен Нарбай бастаған азаматтар үлкен жауапкершілікті мойнына алып, бел шеше кірісті. Ауылды тоғыз масштабта кішірейтіп макетін салып шықты. Дамбы тұрғызып, 250 тонна су жинап, қолдан бассейн жасады. Дамбыдағы суды жарып, судың бағыт-бағдарын реттеу арқылы діттегенімізге жете алдық. Судың эффектісі әлемде де дұрыс жасалмайды. Графика арқылы жасалғаны көрініп тұрады. Халықтың апатқа сеніп жатқаны шынайы су болғандықтан деп ойлаймын. Режиссердің көзі болған, халыққа жеткізе алған, динамикалық кадрларды жақсы түсірген коюшы оператор Мейірлан Ашековтың еңбегін атап өтіп жатыр. "Аз ғана ақшаға мына қиялды қалай түсірейін деп жатыр?" демей, бізге сенген, қолдаған командаға алғыс айтамын", – деді Жалын Тілеуберген.

Фильм неге кеш шықты
Апат туралы тұңғыш қазақстандық фильм прокатқа ертерек шығуы керек болған. Алайда шығармашылық топ кейінге қалдыруды жөн санаған.
"Жанрлық фильмді жайдан-жай көрсете салуға болмайды. Былтыр көктемде су тасқыны болды. Сонымен қатарласып прокатқа шығуды жөн санамадық. Адамдардың эмоциясымен ойнау, хайп қуалап кетпеу деген дүниелерге мән береміз. Сонымен ұштасып, соны жарнамалағандай болмайық деген оймен күзге қалдырдық", – деді Жалын Тілеуберген.
Фильмнің бас продюсері коронавирус пандемиясынан кейін қазақстандық фильмдер жаңа деңгейге көтерілгенін, көрермендердің де талғамы өскенін атап өтті. Көрермен сұранысы болса қазақтың фильмі дамитынын, бұл өз кезегінде кинотеатрлардың ауыл-аймаққа жетуіне ықпал ететінін айтты. Режиссерлер де ойланып, көрермен талғамына сай жанрлық фильмдер көптеп түсіреді дейді ол.
"Қазақстандағы ең ұзақ дайындалған фильмдердің бірі деп ойлаймын. Қалай шығады екен, халық қалай қабылдайды екен деген уайым соғұрлым көбейе береді. Соның барлығы қанша уақыт жүк болды. Мемлекет қолдауымен түсірілген фильм болған соң сұрауы бар. Бетімізден қақпай сценарийге, жастарға сеніп қолдау көрсетті. Сол жауапкершіліктің бәрін арқалап жүргеннен кейін сезім көкіректі кернеп, көзден жас болып шықты. Аядай ғана кеңседе режиссермен бірге қанша уақыт монтаждап, әр бөлшегіне мән беріп, көптеген өзгерту енгізіп, біраз уақыт еңбектендік. Қанша адамның аманаты, қанша адам жұмыс істеді. Бізге сенді. Аядай ғана кеңседе туған дүние елге тарайтын сәт туғанда көзімнен жас шығып кетті", – деді Жалын Тілеуберген.
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілді. Бас рөлдерде отандық жас актерлер Жасұлан Көпберген, Ермек Шынболатов және Шұғыла Ешенова түскен. Екінші планда Алмат Сақатовты, Аида Жантілеуованы, Ержан Нұрымбетовты және Әшім Ахметовты көруге болады.