"Қайтадан Ресей мен Қытайға тәуелді етуі мүмкін". Экономист Трамптың Қазақстанға баж салығын салуы туралы

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Әнуар Нұртазин Қазақстанда дәл қазір бұл жағдайдан шығу бойынша нақты стратегия жоқ деп есептейді.

2025 жылғы 1 тамыздан бастап АҚШ президенті Дональд Трамптың шешімімен Қазақстаннан келетін барлық тауарға 25 пайыздық кедендік баж салығы енгізіледі. Бұл жаңалық халықаралық деңгейде кең талқыланып, сарапшылар арасында түрлі пікір туғызды. АҚШ әкімшілігі мұны экономикалық қажеттілікпен байланыстырса, қазақстандық сарапшылар бұл шешімнің астарында геосаяси мүдде мен күш көрсету элементтері барын жоққа шығармайды.

Осыған орай біз танымал экономист Әнуар Нұртазинмен сұхбаттасып, Трамптың бұл қадамының ықтимал себептері мен Қазақстан экономикасына әсерін, сондай-ақ сыртқы саудадағы болашағымызды талқыладық.

Күш логикасы мен қысым саясаты басым

– Трамп әкімшілігінің бұл шешімі қандай геосаяси немесе экономикалық себептерге байланысты болуы мүмкін?

– Бұл шешім бір қарағанда ресми түрде экономикалық сипатта қабылданғандай көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, АҚШ-та бірқатар экономикалық мәселе ушығып, олар осы мәселелердің шешімін іздеп отыр. Алайда бұл мәселелерді өз есебінен емес, басқа елдердің есебінен шешу күн тәртібінде тұр. Трамп әкімшілігі бұл туралы тұрақты түрде айтып келеді. Дегенмен бұл тек экономикалық теория шеңберіндегі мәселе емес. Керісінше бұл шешімді билік тетіктері мен күш арқылы ықпал ету теориясы тұрғысынан қарастырған жөн. Яғни бұл – америкалық нарықты қорғауға бағытталған протекционистік саясаттың бір көрінісі.

Мұнда АҚШ-тың өзіне жақын емес елдерге, оның ішінде Қазақстанға да қысымды күшейту ниеті анық байқалады. Трамптың ерекше атап өткен тұсы – BRICS елдерімен тығыз экономикалық байланысы бар мемлекеттерге бағытталған саясат. Ал Қазақстан – географиялық орналасуы мен экономикалық байланыстары тұрғысынан бұл топқа кіріп отыр. Географияны өзгерту мүмкін емес, ал экономикалық байланыстар объективті шындық.

Қорыта айтқанда, АҚШ-тың проблемасы – экономикалық, бірақ олар оны билік пен күш теориясы арқылы шешуге тырысып жатыр. Бар мәселе осында. Яғни бұл жерде бірінші кезекте – күш логикасы мен қысым саясаты басым.

– Қазақстан тауарларына 25% кедендік баж енгізу нақты қандай өнімдерге әсер етуі мүмкін?

– Бұл жерде айта кету керек тауарлардың тізімі бар және ол айтарлықтай кең. Алайда көп тауарға бұл баж салығы әсер етпейді, себебі олардың басым бөлігі – ресурстық өнімдер. Ал Қазақстан, шын мәнінде, ресурстан басқа аса көп тауар экспорттамайды. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт көлемі 2 миллиард 270 миллион долларды құрады. Бұл соманың басым бөлігі шикізаттық өнімдерге тиесілі.

Атап айтқанда, шикі мұнай – 1 миллиард 10 миллион доллар, өңделген мұнай өнімдері – 178 миллион доллар, ферроқорытпалар – 271 миллион доллар, мырыш – 126 миллион, қорғасын – 90,7 миллион, титан – 18,1 миллион, тантал – 15,1 миллион, темір құбырлар – 13,8 миллион доллар болды. Қымбат металдар тобы бойынша, күміс – 102 миллион, ал платина, палладий, алтын, иридий, осмий секілді асыл металдарды қамтитын басқа да бағалы металл өнімдері – 164 миллион доллар көлемінде экспортталған. Радиоактивті химиялық өнімдер, соның ішінде уран – 45,5 миллион долларды құрады.

Бұл мәліметтер Қазақстан экспортының құрылымында жоғары технологиялық өнімдер емес, табиғи ресурстар басым екенін көрсетеді. Яғни, Қазақстан АҚШ нарығында негізінен шикізат жеткізуші ел ретінде қалып отыр. Жалпы Қазақстаннан АҚШ-қа бағытталған экспорттың көлемі үлкен емес. Бұл, ең алдымен, географиялық алшақтықпен байланысты – АҚШ біздің елден тым алыста орналасқан. Сол себепті бұл баж салығының тікелей экономикалық әсері айтарлықтай болмайды. Керісінше, бұл жерде экономикалық ықпалдан гөрі – саяси күш немесе позицияны көрсету әрекеті айқын байқалады.

Фото: Observatory of Economic Complexity сайтынан скриншот

Қазақстанға емес, жалпы әлемге бағытталған саяси ескерту

– Бұл АҚШ тарапынан Қазақстанға бағытталған нақты экономикалық қысым ба әлде кең ауқымды протекционизм саясатының бір бөлігі ме?

– Сонымен, бұл мақсатты экономикалық қысым ба? Жоқ, бұл – тікелей экономикалық қысым емес, бұл – билік тетіктері арқылы жасалып отырған күш көрсетудің айқын көрінісі. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше, онда либерализм, еркін сауда, ашықтық сияқты қағидаттар үнемі жарияланып келеді. Алайда, қазіргі жағдай АҚШ-тың шынайы ұстанымын көрсетті: ең бастысы – Америка мүддесі және олар қандай шешім қабылдаса – солай болады. Бұл жағдай – күшті елдің өз тәртібін өзгелерге таңуының мысалы. Бұл жерде тек Қазақстанға емес, жалпы әлемге бағытталған күш көрсету, саяси ескерту жатыр. Қазақстан – бұл ретте жеке дара нысана емес. Мұнда АҚШ "әлсіз, экономикасы шағын, дамушы елдер үлкен державаның айтқанына бағынуы керек" деген ұстаным танытып отыр. Бұл – күштінің диктаты және мәселе – осымен тәмам.


Оқи отырыңыз: Иран мен Израиль соғысы: АҚШ-тың ядролық нысандарға шабуылының Қазақстанға қандай әсері бар


– Осы баж салығы Қазақстанның экспорттық секторы мен жалпы экономикасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Экспорттық секторға тікелей әрі күшті әсері болмауы мүмкін. Негізгі экспорт – бұл уран мен мұнай. Алайда қысқа мерзімде металлургия өнімдерін экспорттау бойынша белгілі бір қиындықтар туындауы ықтимал. Ал нағыз мәселе – ұзақ мерзімді перспективада жатыр. Себебі сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Tengizchevroil кен орнын АҚШ-қа "сыйға берді". Неге "сыйға берді" деп отырмыз? Өйткені келісімшарт құпия күйінде қалып отыр. Егер ол құпия болса, онда сату бағасы жарияланбаған, демек, шартты түрде тегін немесе символикалық сомаға берілген болуы мүмкін.

Сонымен, біз табиғи байлығымызды, яғни Құдай берген ресурстарды Америкаға тегін беріп қойғаннан кейін, енді АҚШ-қа біз қажет болмай қалдық. Осыдан келіп, баж түріндегі шектеулер, экономикалық тосқауылдар енгізіліп жатыр. Бұл жағдай – ресурстарға бағытталған мәміле әрі ол АҚШ пен Украина арасындағы келісімдермен ұқсас, тек Қазақстанға қатысты қатаңдау болуы мүмкін, себебі ол әлі күнге дейін жоғары құпия деңгейінде сақталып отыр. Ал біз АҚШ үшін енді қызықсыз болсақ, онда АҚШ экономикалық және тарифтік шектеулер енгізеді.

Бұл не деген сөз? Бұл Қазақстанда жоғары технологиялық экспорттық өнімдер жоқ әрі жақын арада болмайтыны анық деген сөз. Себебі технология мен капитал экспорттаушы, яғни негізгі инвестор елдердің барлығы АҚШ-тың не істеп жатқанын мұқият бақылайды. Олар өз әрекетін Америкамен келісіп отырып жүзеге асырады. Яғни шартты түрде айтқанда, Германия, Франция, Жапония немесе Ұлыбритания АҚШ инвестиция салмаған елдерге өз қаржысын құймайды. Өйткені олардың ортақ ұстанымы және бірізді инвестициялық саясаты бар. Осылайша басқа елдер де осы жағдайды бақылап, Қазақстанға өндірістік тізбектерін орналастырудан бас тартуы мүмкін, себебі олар америкалық нарыққа тауар жеткізуге мүмкіндік жоқ екенін көреді. Яғни бұл – жанама түрде инвестицияларға тыйым салу дегенді білдіреді.

Біз ұзақ жылдар бойы "бізге шетелдік инвестициялар керек" деп айтып келеміз, ал бұл шектеулер – инвестицияға тосқауыл. 2024 жылы Қазақстанда инвестиция көлемінің айтарлықтай төмендегені байқалды және Орталық Азия елдері ішінде таза инвестициялық ағын бойынша соңғы орынға түстік.

Қазақстанға келетін қаржы ағыны азаяды

– Мұндай кедендік саясат Қазақстандағы кәсіпорындардың (әсіресе экспорттаушы) бәсекеге қабілеттілігіне қалай ықпал етуі мүмкін?

– Шын мәнінде, бізде бәсекеге қабілеттілік жоқ, өйткені экспортқа негізінен шикізат шығарамыз. Ал шикізат – кез келген жағдайда сатып алынатын өнім, себебі оның бағасы аса жоғары емес және қосылған құны өте төмен. Сол себепті қысқа мерзімде айтарлықтай проблема болмайды. Алайда негізгі қиындықтар ұзақ мерзімді болашақта туындауы мүмкін. Билік және геосаяси ықпал теориясы тұрғысынан қарағанда, бұл жағдай – өңірге жаңа инвестициялар салуға және жоғары технологиялық өндірістік тізбектерді құруға тосқауыл ретінде қабылдануы ықтимал. 

Нәтижесінде, біздің нарық біртіндеп тарылып, капитал басқа аймақтарға ауысуы мүмкін. Ол аймақтар дамымаған болса да, инвесторлар үшін геосаяси тәуекелі азырақ. Осының салдарынан Қазақстанға келетін қаржы ағыны азаяды, яғни ұзақ мерзімді перспективада экономикаға түсетін кіріс аз болады.

– Қысқа және ұзақ мерзімді салдарына кеңінен тоқтала аласыз ба?

– Экспорттың АҚШ бағытындағы көлемі физикалық тұрғыда азая қоймайды деп болжауға болады. Тек бағалық жағынан аздаған төмендеу болуы мүмкін. Ал логистикалық есептеулерді қайта бағалау болса – бұл процесс онсыз да үздіксіз жүріп жатыр. Алайда біз үшін басты кедергі – география. Неге десеңіз, Қазақстан Қытай, Ресей, Ауғанстан және Иран секілді елдердің арасында орналасқан. Ал бұл мемлекеттердің барлығы АҚШ тарапынан бұрын-соңды болмаған санкциялық қысымға ұшыраған. Сәйкесінше, бұл елдер Вашингтон үшін "дұшпан елдер" ретінде саналады. 

Ал Қазақстан осы ахуалдың геосаяси тұтқынына айналып отыр. Сондықтан ұзақ мерзімді оң перспективалар туралы айту әзірге қиын. Сыртқы экономикалық байланысты әртараптандыру мәселесіне келсек, Қазақстан бұл бағытта белсенді әрекет етіп отыр – өздеріңіз білесіздер, еліміз көпвекторлы саясат ұстанады, оның ішінде экономикада да. Алайда осы көпвекторлы бағыттың өзі бізді әрбір ірі ойыншыға тәуелді етіп қояды. Соның салдарынан, жауапкершілік көбейіп, ал нақты экономикалық пайда азаяды. Міне, мәселенің түп төркіні – осы.


Оқи отырыңыз: Байлық бар, бейбітшілік қайда? Таяу Шығыстың заманауи портреті


– Мысалы, Қазақстан үкіметі, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) бұл шешімге қандай жауап қайтара алады?

– Шыны керек, Қазақстан – әлсіз әрі экономикасы шағын мемлекет. Бұл – жағымсыз болса да, бүгінгі геосаяси шындық. Сондықтан үкімет тарапынан қандай да бір қатаң жауап немесе қарсы шаралар күтудің өзі шынайы емес. Қуатты державаларға қарсы тұру – әлсіз елдер үшін қиын. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бұл мәселеге ортақ, біртұтас реакция білдіруі екіталай, өйткені бұл шешім бүкіл одаққа қарсы бағытталмаған. Бұл – негізінен BRICS елдеріне жақындасу тенденциясымен байланысты. Яғни бұл жерде Қытай, Ресей, Үндістан алдыңғы қатарда тұр.

Қазақстан аталған елдердің барлығымен шекаралас әрі бұл – географиялық ақиқат, оны өзгерту мүмкін емес. Сонымен қатар, бұл елдермен Қазақстан тарихи тұрғыдан сауда қарым-қатынаста болып келеді – бұл байланыстар соңғы 5-10 жылдың емес, мыңдаған жылдық тарихтың жемісі. Мысалы, Ұлы Жібек жолы да Қазақстан арқылы өткен, сол арқылы біз Қытаймен ежелден-ақ сауда жасағанбыз. Сондықтан бүгінде бұл елдермен экономикалық қатынасты тоқтату мүлде мүмкін емес.

Ал егер олармен байланысты үзбесек – АҚШ-тың көңілінен шығу да мүмкін емес. АҚШ-ты жақсы қатынасқа көндіру үшін не сыйлау, не ымыра ұсыну керек. Бірақ қазір біз бере алатын ештеңе қалмағандай. Бұған дейін беретініміздің бәрін беріп қойдық, енді жаңа "сыйлық" та, жаңа мүмкіндік те жоқ. Сондықтан Қазақстан тарапынан нақты бір жауап немесе қатаң мәлімдеме болмайды. Өйткені әлемдегі №1 экономикамен ашық қақтығысқа бару – біз үшін стратегиялық тұрғыдан тиімсіз

Қысқасы, біздің ұстаным – бейтараптық пен икемділік. Міне, қазіргі ахуал осылай сипатталады.

Қазақстанның бұл жағдайдан шығу бойынша нақты стратегиясы жоқ

– Бұл жағдай екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға кері әсер етуі мүмкін бе?

– Мұны былай түсіндірсек болады: біз – Қазақстан тарапы – АҚШ-пен сауда-экономикалық қатынасымыз бар деп есептейміз, ал АҚШ бұл қарым-қатынасты маңызды деп санамайды. Егер олар бұл байланысты маңызды деп есептеген болса, онда мұндай шешімдерді алдын ала бізбен келісіп, кем дегенде екіжақты келіссөздер жүргізер еді. Ондай процесс мүлде байқалмай отыр. Демек, бұл жағдай Қазақстан үшін теріс үрдістің бастамасы. Қысқа мерзімде бұл аса байқалмауы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді келешекте бұл инвестицияларға жасырын тыйым салу формасына айналуы ықтимал. 

Оның салдарынан іскерлік белсенділік бәсеңдейді, қаржылық ағын тежеледі, Қазақстанға деген сенім азаяды. Осының барлығы Қазақстан үшін ғана кері нәтиже береді, өйткені біз – экономикалық жағынан әлсіз елміз, және мұндай жағдайда құдіретті елдердің билік саясатынан ең алдымен осал елдер зардап шегеді. Бұл жерде мен ешқандай асыра сілтеп отырған жоқпын – бұл геосаяси реализм. 

Демек, бізге не істеу керек? Біз балама серіктестерді – диалогқа дайын, тең дәрежеде сөйлесетін ойыншыларды табуға тиіспіз. Себебі қазіргі таңда АҚШ Қазақстанмен келіссөз жүргізіп жатқан жоқ, ол талап қояды және оның орындалуын күтеді.

– Қазақстан бұл жағдайдан шығу үшін қандай стратегия қолдануы мүмкін?

Қазақстанның бұл жағдайдан шығу бойынша нақты стратегиясы жоқ. Иә, әрине, дипломатиялық белсенділік бар, форумдарға шақыру, кездесулер өткізу, келіссөздер жүргізу, қандай да бір ымыра іздеу, квоталарды қайта бөлу сияқты әрекеттер жасалуы мүмкін. Бірақ ел ішінде өңдеуші салаларды дамытуды ынталандыру – қиын міндет. Неге? Өйткені төлем қабілеті төмен, экономика ауқымы шағын, халық саны аз.

Қазақстанда шамамен 20 миллион адам тұрады, бұл – ішкі нарықты дамытуға жеткіліксіз. Сонымен қатар, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге қажетті технологиялар бізде жоқ. Сондықтан қазіргі таңда қолымыздан келетіні – сыртқы сауданың географиясын кеңейту ғана

Алайда бұл бағыттың да бірқатар шектеуі бар: Ресеймен біз бәсекелеспіз, өйткені екеуміз де негізінен ресурстық тауарларды экспорттаймыз. Қытай нарығында біз бәсекеге қабілетті емеспіз. Үндістан – ірі нарық, бірақ ол бізге Ауғанстан мен тау жоталары арқылы ғана қолжетімді, бұл – табиғи тосқауыл. 

Қалған бірден-бір бағыт – Иран арқылы өтетін "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізі. Бірақ Иран қатаң санкция астында. Сонымен бірге Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (ТМТМ) бар: Ол арқылы жүк алдымен Ақтау мен Баку порттары арқылы теңізбен өтеді. Содан кейін Әзербайжан – Грузия – Түркия арқылы құрлықпен, одан соң тағы да теңізбен тасымалданады. Бірақ бұл бағыт тым көп аралық кезеңнен тұрады: Каспий теңізі, құрлық шекаралары, таулы аймақтар, кедендік рәсімдеу. Бұл – логистика құнының күрт өсуіне алып келеді. Нәтижесінде тауардың соңғы бағасы қымбаттап, бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. 

Осыған байланысты бірден-бір шынайы бағыт – Ресеймен немесе Қытаймен кластерлік өндірістік модель қалыптастыру. Мүмкін Орталық Азия елдерімен де бірлесу қарастырылуы мүмкін, бірақ бұл аймақтың өзі экономикасы шағын, жағдайы ұқсас елдерден тұрады. Осылайша, бұл жағдай бізді қайтадан Ресей мен Қытайға тәуелді етуі мүмкін. 

Жақсы ма, жаман ба – бұл даулы сұрақ. Жаңа өндіріс көздерінің ашылуы – жағымды құбылыс, бірақ бұл Қазақстан ұстанып отырған көпвекторлы саяси-экономикалық бағытқа қауіп төндіреді. Тәуекелдер өседі.

Сыртқы сауданың географиясын кеңейту туралы айтқанда, бізде Парсы шығанағы елдері бар, бірақ бұл да өз ерекшеліктері бар нарық, онда сату көлемі өте төмен. Қазақстаннан экспорт негізінен Еуроодаққа бағытталады, ол да ресурстық сипаттағы – мұнай мен газ, энергетикалық шикізат. Бұл экспорт негізінен Ресей арқылы жүзеге асады. Ал азиялық нарыққа шығу – өте күрделі міндет, өйткені соңғы нүкте – Қытай порттары, ал бұл нарықта біз бәсекеге төтеп бере алмаймыз. Қалған бір ғана жол – ішкі нарықты дамыту. Яғни, халық санын арттыру, халықтың табысын өсіру. Сонда ғана төлем қабілетті сұраныс артып, ішкі тұтыну мен өндіріс жанданады.

Бірақ бұл – теориялық мүмкіндік қана. Неге теориялық? Себебі бұл – аса күрделі стратегиялық шешімдер мен ауқымды мемлекеттік ресурстарды талап етеді. Ал қазіргі жағдайда мұндай қадамдардың жүзеге асу ықтималдығы өте төмен. Басқаша айтқанда – не 0%, не 0,1%.

– Сауданы әртараптандыру, альтернативті нарықтар іздеу қаншалықты шынайы әрі тиімді жол болар еді?

– Тағы да нақты түсіну керек нәрсе – біз үшін "балама нарық" дегеннің нақты не екенін анықтап алу қажет. Іс жүзінде ең ықтимал әрі тиімді бағыт – бұл ішкі нарықты нығайту, яғни: импортты алмастыру саясатын шынайы іске асыру, Қазақстандағы қазақ халқының санын күрт арттыру және ең бастысы – олардың табысы мен төлем қабілетін айтарлықтай көтеру. Ол үшін ресурстық табысты әділ бөлу механизмін қайта қарау, сондай-ақ жалпы ресурстық саясатты ұлттық мүдде тұрғысынан түбегейлі реформалау қажет. Бұл – нақты әрі шынайы қадамдар, бірақ оларды іске асыру үшін саяси ерік-жігер қажет.

АҚШ-тың қазіргі әрекеттері әлемге не көрсетіп берді? Олар либерализм теориясының қате екенін, халықаралық құқықтың шын мәнінде ешқандай салмағы жоқ екенін, ал шын өмірде тек "Кімнің әлеуеті басым – шешім соған қарай бейімделеді" деген қағида үстем екенін анық көрсетті. Қалғанының бәрі – жай ғана "әдемі сөздер", бос әңгіме.

Біз, сарапшылар, бұл шындықты баяғыдан түсініп, біліп отырғанбыз. Бұл жерде ешқандай тосын жайт жоқ. Сондықтан Қазақстан үшін нақты, іске жарамды қадам – жоғарыда айтылғандай: ішкі сұранысты күшейту, халықтың әл-ауқатын арттыру, ресурстық саясатты қайта қарау. Ал "сауданы әртараптандыру" немесе "жаңа нарықтарға шығу" деген ұрандар – іс жүзінде капитализм жағдайында өте шектеулі. Неге? Өйткені капитализмде ең құнды ресурс – бұл нарықтың өзі. Ал бөтен елдің нарығына кіргіңіз келсе – сізден "сен кім едің өзі?" деп сұрайды. Мысалы: Үндістанға қазақтар не үшін керек? Қытайға қазақтар не үшін керек? Шындық – ешкім ешқайда бізді күтіп отырған жоқ. Бұл – қалыпты жағдай. Бұл – капитализмнің заңдылығы.


Оқи отырыңыз: Қазақстан Қытай, Азия және Еуропа арасындағы әуе жүк тасымалының стратегиялық орталығына айналып келеді – Жоан Пелисье


Еске салсақ, 2025 жылдың 2 сәуірінде Дональд Трамп әлемнің түрлі мемлекеттерінен келетін тауарларға жаппай кедендік баж салықтарын енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Сол кезде Қазақстаннан келетін тауарларға 27 пайыздық баж енгізу жоспарланған еді. Алайда, қаржы нарығындағы тұрақсыздықтарға байланысты АҚШ билігі бұл шешімнің күшін уақытша тоқтатып, тараптармен келіссөз жүргізу үшін тек 10 пайыздық баж мөлшерін қалдырған болатын. Аталған тоқтату мерзімі 9 шілдеде аяқталады.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, егер 1 тамызға дейін сауда келіссөздерінде алға жылжу байқалмаса, Вашингтон кедендік баждарды қайта қалпына келтіреді. Ал 7 шілдеде Трамп кез келген ел, егер ол БРИКС-тің антиамерикалық бағытына қосылатын болса, қосымша 10 пайыз көлемінде баж салығына ілігетінін мәлімдеді.

Серіктестер жаңалықтары