Қазақстанда ел азаматтарына ортақ Әдеп кодексін қабылдау қажет пе

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Сарапшылардың айтуынша, әдеп кодексі әкімшілік құқықтық санкциялармен шатастырылмауы керек.

Қырғызстанда "Ар-намыс кодексінің" жобасы әзірленді. Бұл құжат қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік, өзара құрмет, қоғамдық мораль және отанға адалдық мәселелерін реттеуге бағытталған. Қазақстанда мұндай құжат жоқ, тек мемлекеттік қызметшілерге арналған ар-намыс кодексі қабылданған. Осы орайда, Қазақстанға осындай ұлттық деңгейдегі әдеп кодексі қажет пе? Информбюро тілшісі  сарапшылардың пікірін білді.

Қырғызстан тәжірибесі: Ар-намыс кодексі

Құжат азаматтар, жастар, қоғам қайраткерлері және жалпы халық үшін моральдық стандарттар жиынтығы ретінде қызмет етуге бағытталған. Қырғызстан құжатында негізгі мақсаттар:

  • Ар-намысты сақтау және қадір-қасиетті құрметтеу;
  • Мемлекеттік рәміздер мен тарихи мұраға құрметпен қарау;
  • Үлкендерді сыйлау және кішілерге қамқор болу;
  • Төзімділік, агрессия мен жаулық көріністеріне қарсы тұру;
  • Адалдық, шыншылдық және әділдік;
  • Қоғамдық келісім мен патриотизм.

Кодекс:

  • Білім беру мекемелерінде тәрбие жұмысы;
  • Мемлекеттік және муниципалдық қызметшілердің этикалық мінез-құлқы;
  • Жастар саясаты, әскери-патриоттық тәрбие, БАҚ арқылы ақпараттық жұмыстар;
  • Мәдени іс-шаралар және азаматтық белсенділік сынды салаларда қолданылады.

Қазақстанға осындай құжат қажет пе?

Әлеуметтанушы, PhD докторы Эльмира Отардың пікірінше, Қазақстанға да ұлттық деңгейдегі әдеп кодексі қажет. Ол тек қағазда қалмай, күнделікті өмірде көрінуі тиіс.

"Бұл құжат біздің көпұлтты, көпэтносты, көп дінді мемлекетімізді біріктіруге қызмет етеді. Қырғызстандық кодекс әлемдегі алғашқы құжат емес: Жапонияның моральдық партиясы, Сингапурдың Ұлттық құндылықтар бағдарламасы сияқты құжаттар бар. Жаһандану мен цифрландыру дәуірінде ортақ этикалық нормалар қоғамдағы біртектілікті сақтау үшін маңызды. Қазіргі кезде кей нормалар ұлттық дәстүрге сүйенсе, кейбірі шетелдік мәдениеттен үлгі алады. Бірыңғай бағыт жоқ. Сондықтан қоғамдық моральдық бағдарларды күшейту үшін Қазақстанға осындай кодекс қажет деп есептеймін", – дейді әлеуметтанушы. 

Сарапшы Қазақстанда жас-кәрі, қала-ауыл, орыс тілді-қазақ тілді, консерватор-либерал сияқты әртүрлі топтар бар екенін және олардың арасындағы алшақтық артып келе жатқанын айтады. Ортақ құндылықтар осындай кодекс арқылы қоғамдағы бөлінуді жұмсартуға ықпал етеді.

"Сонымен қатар, көпэтносты мемлекет ретінде ортақ моральдық-этикалық кодекс этностарды ортақ ережелерге, сыйластыққа біріктіре алады. Бұл құжат ұлттық бірлікті нығайтуға қызмет етеді. Сондай-ақ, цифрландыру мен жаһандану кейде әлеуметтік қақтығыстарға және агрессияға себеп болады. Осындай құндылықтық база бұл тәуекелдерді азайтуға көмектеседі. Жұмсақ құрал ретінде кодекс қоғамдағы агрессияны төмендетеді, адамдардың ой-санасын, адалдық, шыншылдық, әділдік, ұлттық мінез-құлықты жоғарылататын құрал бола алады", – деді Эльмира Отар.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда жалпы ұлттық әдеп кодексі қабылданса, оны алдымен жастар, блогерлер, мемлекеттік қызметші емес мамандар, мәдениет және спорт саласының өкілдері сынды қоғамдағы жоғары топтарға бағыттау қажет. 

"Жастар – оқушылар, студенттер, жұмысқа жаңа кірген мамандарға арнаудың маңызы – олар құндылықтарды осы кезеңде қабылдайды. Блогерлер мен инфлюенсерлер әлеуметтік желілерде ақпараттық күн тәртібін қалыптастырады, тіл мен мәдениетке тікелей әсер етеді. Кодекс журналистерге этикалық жауапкершілік мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді, ақпарат сапасын арттырады. Мемлекеттік қызметшілер, азаматтық белсенділер, спортшылар, мәдениет өкілдері – халыққа үлгі болатын тұлғалар. Білім беру мекемелері мен тәрбие орталықтары құндылықтарды балалар мен жастарға жеткізетін басты орта болып табылады. Мәдениет, туризм, қызмет саласындағы тұлғалар күнделікті қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырады", – дейді маман.

Алайда Эльмира Отар моральдық құжат міндетті заңдық құралға айналса, әкімшілік бақылауға ұшырауы мүмкін екенін ескертеді.

"Егер кодекс міндетті заңдық құралға айналса, әкімшілік бақылауға айналу қаупі бар. Моральдық құжат ерікті болып қалуы тиіс, әйтпесе формализм мен цензура күшейуі мүмкін. Заң күшіне енгізілсе, оны бұзғаны үшін жазалау механизмін қосу мүмкіндігі, саяси құралға айналу қаупі де бар. Тек саяси идеология ретінде қызмет етсе, формализмге ұшырауы мүмкін. Цензура күшейуі ықтимал. Сонымен қатар гетерогенді қоғамда әр топтың мүддесі мен ерекшеліктері ескеріліп, теңгерімді болу қажет. Бұл құжаттың пайдасы – ортақ құндылықтарды түсіндіру, қоғамдық поляризацияны жұмсарту, тәрбиелік функция арқылы ұлттық бірегейлікті нығайта түседі", – дейді сарапшы.

Заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліп Қазақстанда әдеп, ар-намыс және қоғамдық мораль мәселелеріне қатысты кейбір нормалар Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінде қарастырылғанын айтады. Бұл ережелер көбінесе нақты құқықтық жауапкершілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Мысалы, қоғамдық тәртіпті бұзу, қоқан-лоққы көрсету сияқты әдепке қарсы әрекеттер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Ал жалпы халық үшін әдеп-ар-намысқа қатысты тікелей заңдық міндет жоқ, тек моральдық және мәдени нормаларға сүйену ұсынылады.

Заңгердің пікірінше, ұлттық деңгейдегі әдеп кодексін енгізу тек қағазда қалмай, қоғамдағы моральдық нормаларды нығайтуға бағытталып, әкімшілік құқықтық санкциялармен шатастырылмауы керек.

"Яғни, мұндай құжат қабылданса, ол ерікті моральдық стандарт ретінде қызмет етуі тиіс. Заңдық міндетке айналдырылса, формализм мен саяси ықпалға ұшырау қаупі бар", – дейді заңгер.

Серіктестер жаңалықтары