Қытайдың батыс қақпасы: Шыңжаң өлкесінен шағын репортаж

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Бұл материалда өлкеде туризм, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және жасыл энергетика қалай дамып жатқанын әңгімелейміз.

Биыл Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының құрылғанына – 70 жыл. Бұл жылдар аралығында өңір адам танымастай өзгерсе, соның ішінде соңғы 15 жылдағы экономикалық көрсеткіштер жалпы Қытай бойынша орташа көрсеткіштерден де жоғары болып отыр. Мұны бір ғана дерекпен сипаттаудың өзі жеткілікті. ҚХР бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсімі 5 пайыз болса, Шыңжаң ауданында бұл көрсеткіш 7 пайызға жуықтайды. 

Ал аудан құрылған шақтағы номиналды жалпы ішкі өнім 1 миллиард юаньнан 2 триллион юаньға дейін (1666 есе!) артқан. Ал соңғы 10 жылда ауданның жалпы табысы екі есе өссе, оның жекелеген өңірлері мұндай өсімге бар болғаны 5 жыл ішінде қол жеткізді. 

Фото: Depositphotos.com

Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін, әрине, ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Дегенмен, сарапшылар екі басты екі факторды бөле-жара айтады. 

  • Біріншіден, мемлекеттік қолдау. Экономиканың ауыл шаруашылығы, туризм, өнеркәсіп, құрылыс және өзге де салаларында қолға алынған жобалардың көпшілігі – ұзақмерзімді, мемлекеттің қолдауын қажет ететін жобалар. 
  • Екіншіден, кадрлық қолдау. Серпінді жобалардың табысты жүзеге асуы үшін аудан жоғары білімді, тәжірибелі мамандармен қамтылды. Бұл ретте мәжбүрлеу емес, әлеуметтік қолдау, салықтық жеңілдіктер беру арқылы ынталандыру тәсілі қолданылған. 

Осы реформалық жұмыстардың қандай жеміс беріп жатқанын көру үшін Қытайдың Алматыдағы бас консулдығының мұрындық болуымен қазақстандық бір топ журналист өлкенің бірқатар жерінде болып, қолға алынған бірқатар жобамен танысып қайтты. 

Көлемді материалды оқу жеңіл болуы үшін оны ыңғайлы бөліктерге жинақтап, арнайы мазмұнын әзірледік. 

Қазақстандық балға қызығушылық жоғары

Шыңжаң сапары ауданның орталығы – Үрімжі қаласындағы Еркін сауда аумағынан басталды. Өлкеде мұндай орталықтар бірнешеу (Қашғар мен Алашанькоуда да бар – автор), ал біз барғанымыз Үрімжіде 2018 жылы салынған. Халықаралық әуежай, жоғары жылдамдықты автомагистраль және теміржол контейнер терминалының жанынан орын тебуі еркін сауда аймағының тиімділігін арттырып тұр. Кедендік және салықтық жеңілдіктеріне байланысты орталыққа қызығушылар көп. Қазіргі таңда бұл жерден әлемнің 70 елінің 180 кәсіпорнының тауарларын табуға болады. 

Арасында күнделікті тұтынатын азық-түлік пен киім-кешектен бастап, Африка сынды алыс құрлықтан келетін экзотикалық бұйымдар да бар. Одан бөлек, Еуропа, Моңғолия, Үндістан және Ресейдің тауарлары да көз тартады. 

Ал қазақстандық тауарлар арасында ұнға, балға, сұйық майға және тіпті, минералды сусындарға да сұраныс жоғары екен. Негізінен, Қазақстанның шығыс бөлігіндегі кәсіпорындардың өнімдері шоғырланғанымен (бұған Достық – Алашанькоу кеден бекетінің жақындығы себеп – автор), Алматы мен Қазақстанның оңтүстік облыстарынан келетін тауарларды да байқадық. 

Еркін сауда аймағындағы тауарлардың дені онлайн сатылады. Салықтық және кедендік жеңілдіктерге байланысты бағасы да тиімді. Кәсіпкерлердің өз тауарын жарнамалауы үшін TikTok желісінде онлайн трансляция жасау мүмкіндігі де жолға қойылған. Айтпақшы, мұнда TikTok – жарнаманың ең негізгі көзі саналады. Ал эфирдегі жарнама жасаушылар – виртуалды көмекшілер. 

ДжиЭйСи көліктері Қазақстанда да құрастырылады

Қазақстандықтар соңғы уақытта тізгіндей бастаған GAC (Guangzhou Automobile Group Co) брендінің көліктері бізге осы Шыңжаңнан келеді. Рас, компанияның бас кеңсесі Қытайдың Гуанжоу қаласында орналасқанымен, ірі филиалдарының бірі дәл осы Үрімжі қаласында. Компанияның өзі 1997 жылы ашылса, Үрімжідегі филиалдың негізі 2006 жылы қаланған. Фабрика аумағы – 330 мың шаршы метр. 

Жалпы, GAC өндіретін көліктерінің саны жөнінен Қытайдағы үздік бес автоконцерннің қатарына кіреді. Онда газ-бензинмен жүретін дәстүрлі көліктерден бөлек, электр қуатына не гибридті қуат көзіне негізделген электрокарлар да көп шығарылады. Жылдық өндіріс көлемі – 3 миллион көлікке жуықтайды. 

GAC көліктері Қазақстанда 2023 жылдан бастап қана сатыла бастады. Дегенмен, қазірдің өзінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларында GAC салондары жұмыс істеп тұр. 

Айта кетейік, Үрімжідегі GAC Motor өкілдері тура бір жыл бұрын Қазақстанда болып, біздің елде де өз көліктерінің өндірісін жолға қою туралы ниетін хабарлаған болатын. Қазір бұл ниетті нақты жобаға айналдыру мақсатында жұмыс жүріп жатыр. Жоба іске асқан жағдайда көліктің дайын бөліктерін аз шығынмен Қазақстанға жеткізу есебінен арзан бағадағы көліктерді біздің ел нарығына ұсынатын болады. 

Үрімжідегі Үлкен базар 

Бұл базар расымен де "Үлкен базар" деп аталады. Оның Шығыс базар, Гранд базар немесе ханзуша Эрдаоцяо деген де атаулары бар. Дегенмен, үйреншіктісі – Үлкен базар. Оның жөні бар, өйткені, базар аумағы – 100 мың шаршы метрден астам. 

Базар – сауда орны ғана емес, жергілікті тұрғындар мен туристердің кездесу не сауық құратын орнына айналған. Азық-түлік пен киім-кешек, кәдесыйлар, қолөнер бұйымдары – бәрі-бәрін осы жерден табуға болады. 

Фото: Depositphotos.com

Айтпақшы, дәл осы базарда Нан мұражайы орналасқан. Мұнда жақсы көрген жанға гүл емес, бір құшақ нан сыйлау дәстүрі де бар. 

Үлкен базардың өзге мәдени орындардан тағы бір артықшылығы – бұл жерде қызық пен шу түнде де басылмайды. Қыз-қыз қайнаған түнгі өмір...

Мумиялар мұражайы

Үрімжіде турист қарасы үзілмейтін орындардың бірі – Өлкетану мұражайы. Қай уақыт болмасын, мұражай алдындағы кезек басылмайды. Шығыс Түркістаннан бастап, өлкенің бүгінге дейінгі тарихынан сыр шертетіндіктен, оны халық арасында Шыңжаң мұражайы деп те атайды. Ғимарат ұйғыр архитектурасының стилінде салынғанымен, онда осы өлкені мекендейтін қытай, ұйғыр, қазақ, моңғол және өзге де халықтардың тарихына қатысты экспонаттар көп қойылған. 

Фото: Livejournal.com

Дегенмен, туристер мұнда мумияларды көру үшін көбірек құмартады. Мұражайда бір емес, он мумия бар. Олардың бәрі Үрімжінің айналасынан өткен ғасырда табылған. Бәрінің дерлік жасы 4 мың жылға жуық. Арасында әйелдердің, ерлердің, тұтас отбасының, шақалақ сәбидің, тіпті, еуропалық нәсілге жататын адамның да мумиясы бар. 

Мұражай гидтері бұл мумиялар "Такла-Макан шөлінің әншілері" деп аталатынын айтты. Оның сыры – бәрінің аузының ашылып жерленуінде жатыр. Ал мумиялардың бүгінгі заманға дейін жақсы сақталуын ғалымдар өлкенің құрғақ климатымен және даланың шөлейттігімен байланыстырады. 

Қазақстанда "Әминаға" әзірге сұраныс жоқ

Ақпараттық тур аясында Amina шырын зауытына бас сұғудың сәті түсті. 2000 жылы іске қосылған түрлі жеміс шырынын шығаратын кәсіпорын бүгінде Шыңжаңнан бөлек, ішкі Қытайдың біраз бөлігін дәмді шырынмен қамтамасыз етіп отыр. Одан артылғаны Үндістан, Пәкістан, Өзбекстанға экспортталады. 

Amina жоғары технологиялық компаниясының есепшісі Лю Цяньнің айтуынша, Қазақстан кәсіпкерлерімен де келіссөздер жүргізілген, алайда біздің тараптан сұраныс жоғары болмапты. 

"Қазақстаннан клиенттер келді. Біз олармен сусындарды экспорттау мәселесін талқыладық. Алайда, сұраныс әлі жоғары емес", – деді ол. 

Фабрика жылына 80 мың тонна жеміс шырынын шығаруға қуатты. Қазір шамамен 350 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірістік процесс толықтай автоматтандырылған. Тіпті, шырын құятын бөтелкелердің өзі пластик ұнтағынан осы жерде өндіріледі. 

Amina – біз мақала басында атап өткен мемлекеттік және кадрлық қолдаудың тамаша үлгісі бола алады. Зауыт салуға 50 му (қытайдың өлшем бірлігі – автор), яғни шамамен 34 мың шаршы метр жер беріліп, 50 миллион юань (шамамен 4 миллиард теңгеге жуық) инвестиция құйылған. 

Қазір зауыт жеміс шырынынан бөлек, тез даярланатын кеспе шығаруға да маманданған. 

Сайрам көлінің сұлулығын жылына 500 миллион адам тамашалайды

Сайрам-Нұр көлі Шыңжаңның батыс бөлігінде, Қазақстанның шығыс шекарасынан бар болғаны 30 шақырымдай жерде, Боро-Тала моңғол автономиялық округінде орналасқан. Алакөл мен Сайрамды шекара ғана бөліп тұрғандықтан, жергілікті жұрт екі көлді әңгіме арасында жиі байланыстырады. Дегенмен, Сайрамның ауданы Алакөлдің үштен біріндей ғана және екі көлдің туризмі де түрліше жолға қойылған. 

Айталық, Сайрамда суға түсуге, балық аулауға мүлде рұқсат жоқ. Оның себебі де бар, көл теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан (салыстыру үшін: бұл биіктік Іле Алатауының Бутаков сарқырамасы орналасқан биіктікпен шамалас – автор). Сәйкесінше, шіліңгір шілденің өзінде де көл суы суық, ал балықтар өте тереңде мекендейді. Дегенмен, кәсіби балықшылар балық аулап, туристерге дайындап береді.

Сайрам-Нұр көлі туристік аймағының баспасөз хатшысы Самал Аманқызының айтуынша, көлге жылына 500 миллионға жуық турист келеді. Енді бұл көрсеткішті 800 миллионға дейін жеткізу жоспары бар. Әрине, мұншалықты көп турист қабылдау көлдің экологиялық ахуалына нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан, туристер көлді жағалаудан ғана тамашалай алады. Көлдің периметрі 90 шақырымды құрайтын болса, осы периметр бойынша сапалы тасжол төселген. Туристер белгіленген орындарда ғана тоқтап, көлдің сұлулығын тамашалайды, суретке түседі, тынығады. Тәртіп солай. 

90 демекші, жергілікті тұрғындар көлді үш 90-мен сипаттайды. Көлдің периметрі – 90 шақырым, тереңдігі – 90 метр және Құлжаға дейінгі қашықтық та – 90 шақырым. Көл жағалауында тарихи орындар жеткілікті. Айталық, туристерді қызықтыратын мекеннің бірі – кезінде Шыңғыс ханның әскерін бақылайтын хан тағы да осы жерде болған. 

Шөл дала қалай алма бағына айналды?

Боро-Тала округіндегі қолдан жасалған ғажаптардың бірі – алма бағы. Оның ерекшелігі сол – ол бірден үш – ауыл шаруашылығын дамыту, экологияны қалпына келтіру және туризмді дамыту бағыттарын көздейтін ауқымды жоба. 

Шамамен 1160 гектар аумақты алып жатқан алма бағында негізінен тұз бен суыққа төзімді алма сұрыптары егілген. Одан бөлек, өрік, жабайы шабдалы, шырғанақ, долана және басқа да жеміс ағаштары бар. Ағаштардың дені әлі жас, дегенмен қазірдің өзінде бақтың өнімдері Шыңжаң мен Қытайдың бірқатар өңіріне жеткізіледі. Ал келешекте жемістерді экспортқа шығару жоспарда бар. 

Дегенмен, бақтың ең негізгі рөлі – қуаңшылықпен күрес және экологияны сақтау болып келеді. Қала құрылысы кезінде жиналған қоқыс пен қажетсіз материалдан үйілген төбе бүгінде өнімді топырақ қабатымен жабылып, керемет жотаға айналған. Ол елді мекендерге келетін желді ұстап қалып, тұрғындар жылда әбігерге салатын құм көшкінінен арылған. 

Одан қалды, қаланың оңтүстік бөлігінде жауын-шашын 30 пайызға дейін артып, микроклимат әжептәуір жақсарған. Бұл жоба – әйгілі Такла-Макандағы шөлді тоқтату және көгалдандыру жобасының бір үлгісі іспеттес. 

Әрине, қаланың тынысы ашылып, құм көшіп жатқан дала жасыл белдеуге айналғаннан кейін мұнда жануарлар мен құстар да келіп, туризм қолға алынып жатыр. Қазір бұл төбе мен алма бағы – округтің туристер келетін бір орнына айналған. 2016 жылы бұл жер 3А санатындағы туристік аймақ мәртебесін иеленді. 

Жалпы, Боро-Тала – инвестиция тартуға тартымды аймақтардың бірі. Мемлекет басшылығы бұл аймақта туризм мен логистиканы дамытуға ерекше мән беріп отыр. 

"Алашанькоу шекара бекеті бізді Қазақстанға, одан әрі бүкіл батыс әлеміне бастайтын қақпа. Осы құрлық порты арқылы біз Қазақстаннан ет пен бидайды импорттап жатырмыз", – деді Боро-Тала моңғол автономиялық округі Инвестициялар басқармасының маманы Ли Жи Хан. 

Күн панельдерінің жайлауы

Шыңжаңдағы экономикалық дүмпу мол энергияны қажет ететіні анық. Егер бұрын бұл өлкеде дәстүрлі көмір энергетикасы жақсы дамыған болса, қазір оның орнын бірте-бірте жасыл энергетика басып келеді. Жаңа энергетиканың негізгі көзі – күн мен жел. Бұл ретте қазақстандық журналистер Мулэй қазақ автономиялық уезіндегі күн панельдерінің "жайлауын" тамашаладық.

Жайлау деуге негіз бар, өйткені кең далада орнатылған 500 мыңнан астам күн панелі ұшы-қиыры жоқ көк жайлауды көзге әкеледі. Бұл жайлауды жел станциялары жиектеп тұр. Өндірілген электр энергиясы орталық электр желісі арқылы Шыңжаңның тұрғын үйлері мен кәсіпорындарының қажетіне жөнелтіледі. 

Мамандар күн панельдерінің тағы бір артықшылығына назар аударды. Олар тек энергия өндіріп қоймай, күн ыстығын өзіне жұту арқылы жерге көлеңкесін түсіріп, аптапты дарытпайды. Бұл панельдер астындағы жердің "еркін тыныстауына" мүмкіндік беріп, жасыл желектің өсуіне жол ашады. Осылайша, аймақтың экологиялық микроклиматы да жақсара түседі.  

Айта кетейік, Қазақстанда салынып жатқан бірқатар жел энергетикасы станцияларын Қытай компаниялары жүзеге асыруда. 

Толықтай дерлік автоматтандырылған мақта шаруашылығы

Шыңжаңдағы ауыл шаруашылығының негізгі саларының бірі – мақта шаруашылығы. Қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында жоғары сапалы, өнімділігі жоғары мақта сұрыптары шығарылып жатыр. Өндіріс толықтай дерлік автоматтандырылған: жерді автоматты, жүргізушісіз тракторлар жыртып, дән себеді, плантацияларды дрондар бақылайды. Жасанды интеллектінің көмегімен жерді құнарландыратын қоспалардың мөлшері нақты есептеледі, дәл осылайша мамандарға тек орталық диспетчерлік пунктте отырып процесті бақылау ғана қалады.

"Жерді жырту процесін автоматтандырылған тракторлар жүзеге асырады. Оны адамдар кеңседе отырып басқарады. Мақтаны құрт жемес үшін бақылауды дрондар арқылы жасаймыз. Дәрі дронның көмегімен себіледі", – деді Мақта технологиясы академиясының маманы Сун Мэй Чжин

Ауыл шаруашылығын автоматтандыру мен цифрландыруды Қытайдың Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы қолға алған. Интеллектуалды басқарудың нәтижесінде ғалымдар Жонмиан 113+ деп аталатын мақта сұрыбын шығарған. 100 му (шамамен 67 мың шаршы метр) алқаптан 750 келі өнім алып, бұл – өлкенің жаңа рекорды болып танылды. 


PS. Шыңжаң бір Үрімжімен және Боро-Таламен шектелмейді. Ол – Қытайдың ең үлкен провинциясы. Сәйкесінше, бұл жазба – бір сапар аясында ғана көріп, көңілге түйгендер. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары