
Соңғы үш жылда Қазақстанда қыз алып қашу немесе мәжбүрлеп некеге тұрғызу фактілеріне қатысты полицияға 214 шағым түскен. Оның тек 10-ы ғана сотқа жеткен. Қалған 204 іс тергеу сатысында жабылған. Енді қыз алып қашқандарға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сенат қылмыстық кодекстке осындай өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.
Не өзгерді?
Заңнамалық өзгерістерге сәйкес, енді адамды бопсалау арқылы некеге тұруға мәжбүрлеу — қылмыстық жауапкершілікке жатады. Мұндай әрекет үшін: 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл (шамамен 7,8 млн теңге) немесе дәл осы мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Егер некеге мәжбүрлеу кезінде күш қолданылса, жәбірленуші кәмелетке толмаған болса, материалдық немесе өзге де тәуелділік жағдайы пайдаланылса, алдын ала сөз байласқан топпен бірге жасалса, қызмет бабын пайдалану арқылы жасалған болса, жаза күшейтіледі. Мұндай жағдайда 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл (2025 жылы — шамамен 19,6 млн теңге) немесе бостандығын шектеу, немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ал алып қашу немесе некеге мәжбүрлеу кезінде жәбірленуші ауыр зардап тартса, кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Бұған дейін заңда бір жеңілдік болған: егер ұрланған адам өз еркімен босатылса, кінәлі адам жазадан құтылатын. Енді бұл норма заңнан алынып тасталды. Яғни, күдікті адам жәбірленушіні босатқан күннің өзінде жауапкершіліктен құтыла алмайды.
Осы ретте Informburo.kz құқық қорғаушы, феминист Айгерім Құсайынқызымен және этнограф Бұлбұл Кәпқызымен тілдесіп, жаңа өзгерістерге қатысты пікірін білді.

"Қоғамдық сана өзгермейінше, заңдағы бір бап мәселені шешпейді"
Айгерім Құсайынқызы, құқық қорғаушы, феминист:
– Біз үнемі айтып жүретін және Қазақстан Республикасының Конституциясының бірінші бабында айтылғандай, Қазақстан – құқықтық мемлекет болғандықтан, кез келген әрекет құқықтық тұрғыда шектелуі керек, шешілуі керек. Яғни, кез келген азаматтық-құқықтық қарым-қатынастарда орын алатын әрекеттер – ол қыз алып қашу, қаржылық алаяқтық, хорасмент, сексизм болсын – "ол мәдениет еді", "дәстүр еді", "менталитет еді", "біздің тәрбиемізде бар еді" деген ақтаусыз, тек қана заң мен тәртіп шегінде реттелуі керек. Құқықтық мемлекеттің анықтамасы – осы. Қоғамның барлық саласындағы кез келген қатынас шешілген кезде, оның соңғы қаралатын инстанциясы – әжелердің, аталардың, ардың, ұяттың соты емес, заңның алдында құқықтық жауапкершілік болуы керек.
Қыз алып қашудың құқықтық, заңнамалық бөлек бап болып енгізілуі депутаттардың бастамасымен жүзеге асты деп айта алмаймын. Ол – азаматтық қоғамның, соның ішінде феминистердің еңбегінің жемісі. Оны нақты айту керек. Себебі, 1997 жылы Қазақстан Республикасының сол кездегі Қылмыстық кодексінен қыз алып қашу бабы алып тасталғаннан бері кез келген азаматтық белсенді, адам құқықтары саласында жүрген мамандар осы мәселені айтып келе жатыр. Соның 2025 жылы заңға енгізілгеніне қуану керек пе, білмеймін. Әлбетте, алға басатын қадам. Алайда, егер 1997 жылы соны Қылмыстық кодекстен алып тастамағанда, мүмкін мыңдаған қыздың тағдыры сынбас па еді?! 1997 жыл мен 20225 жылдың аралығында "алып қашу" деген бөлек бап болмағандықтан, Қазақстанда нақты қанша қыздың өзінің еркінен тыс күшпен ұрланғанын, қанша қыздың отбасы содан кейін бүлінгенін біле алмаймыз. Оны ешбір экономист, ешбір статист есептеп бере алмайды.
Қазіргі Қылмыстық кодекстің 25-бабы – "Адам ұрлау" деп аталады. Бірақ, біз қыз алып қашудың Қырғызстандағыдай, Әзербайжандағыдай бөлек бап болуын талап еткен болатынбыз. Дәл қазіргі өзгеріс бойынша бұл бап "Қыз алып қашу" емес, "Некеге тұруға мәжбүрлеу" деп аталады. Яғни "қыз" деген сөз жоқ, адамның жынысы аталмайды. "Қыз алып қашу" деген баптың сипаттамасының болмауынан-ақ бұл жерде акцент "қыз алып қашуға" қойылған деп айта алмаймын. Әлбетте, адам ұрлаудың және қыз алып қашудың объективті, субъективті құқықтық мотивтері әртүрлі болғандықтан, Қазақстанда қыз алып қашу бойынша құқықтық статистика жүргізілмегендіктен және бұл заң қабылданғаннан кейін Қазақстанда қыз алып қашу мынанша пайызға азайды деп айта алмаймыз. Себебі, Қазақстан Республикасының құқықтық қарым-қатынасын тек қана заң реттей алмағандықтан, кейбір өңірде ол әлі де дәстүр, мәдениет, тарих, "атадан қалған із", "әжеміз де солай отбасылы болған" еген сияқты ұғымдармен ақталатындықтан, тек қана бір бапты енгізу арқылы мәселе шешіліп кетеді дей алмаймыз. Ол кешенді түрде әр тарапта жүргізілетін жұмыс.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында алып қашудың құрбаны болған қыз күйеу жігіт пен жолдасына араша сұрады
Қазір ақпараттық-мәдени жұмыстар жүргізілуі керек. Жарнамада болсын, телеарнада болсын – кез келген жерде қыз алып қашу қылмыс екенін айта беру қажет. Бұрын ол атадан қалған дәстүрге баланып келді. Ол дұрыс емес. Ол туралы этнографтар да, тарихшылар да айтқан. Қыз бен жігіттің әке-шешесі үйленуге рұқсат бермеген кезде бірге қашып кетуі – басқа мәселе.
Ал бізде Қазақстанда етек жайған дүние – танымайтын қызды өзінің еркінен тыс алып кетуі немесе сыртынан біліп жүрген жігіттің әйел ету мақсатында қызды күшпен алып кетуі. Қыздардың осыны біле тұра, өзін танымайтын, сүймейтін адамдармен отбасы құрып кетуі, төзіп кетуі қоғамның үлкен дерті болды. Неліктен? Себебі, бізде "қызға қырық үйден тыю", "қыздың жолы жіңішке" деген мақалдарға қарап, біз қыздардың отбасылық өмірі, некесі зорлықпен басталуы қалыпты деп қабылдап келдік. Зорлықпен басталған некеде кейін физикалық, әлеуметтік-экономикалық, сексуалды сипаттағы зорлық болса, соның бәрін біздің қыздарымыз қалыпты жағдай деп қабылдап келді. Соған қарамастан, неге әйелдер зорлық жайлы хабарламайды дейміз. Бұл жауапкершілікті қыздарға жүктеп қоятын, жәбірленуші тарапты аямайтын, өте қатты қысым жасайтын қоғамның пікірі.
Себебі адамдар бала кезден естіп өскен ертегі, аңыздармен өмір сүргісі келеді және сол ертегі мен аңыздардың, дәстүрдің, менталитеттің ішінде "қыз алып қашу – қалыпты жағдай" деген пікір болды. Енді сол пікірді жоққа шығару үшін бізге әлі ондаған жыл керек. Себебі Қырғызстанда "қыз алып қашу" деген жеке бап бұрыннан болса да, статистика бойынша жылына 5 мың қыз қыз алып қашудың құрбаны болады екен. Яғни, қоғамның мәдениеті, әлеуеті, кез келген зорлыққа төзбеушілік, толеранттылық мәдениеті қалыптаспай, бір бап – ешнәрсені шешпейді деген сөз.
"Келісіммен құрылған одақ – қылмыс емес, еркінен тыс алып кету – қылмыс"
Бұлбұл Кәпқызы, этнограф:
– Негізінде, "қыз алып қашу" деген атауы ғана үрейлі естілгенімен, бұрынғы заманда бұл шын мәнінде зорлыққа негізделген әрекет емес еді. Ертеректе қыз бен жігіт өзара келісіп, дәстүр бойынша ғана "алып қашатын". Яғни, бұл жерде қыз да, жігіт те келісіп, ата-анасына айтпай, бірге кете беретін. Бұл бұрыннан бар, келісімге негізделген дәстүр.
Қазіргі заманда той жасау оңай емес. Қыз тұрмысқа шыққысы келсе, ата-анасы ұзату тойын жасап беруі керек. Бірақ көп жағдайда оған мүмкіндігі болмай жатады. Сондай кезде кейбір аналар қызына "үндемей кетіп қалсаңшы" деп өзі-ақ айтады. Қыз солай кетіп қалады, ал сырт көзге бұл да "алып қашу" сияқты көрінеді. Сөйтіп, ата-ананың да жағдайы жария болмайды, қыздың да абыройы сақталады. Бұл шын мәнінде, халқымыздың қарапайым ғана, сабырмен қабылданатын жолы еді. Өзіміз де кезінде дәл солай кеткенбіз. Ешкім зиян шеккен жоқ.
Бірақ, бүгінде "алып қашу" деген сөздің тасасына тығылып, қызды зорлықпен алып кетіп, оны жылатып, есік алдында күштеп көндіру – мүлде басқа, өте өрескел жағдай. Мұндай әрекеттер көбіне оңтүстік өңірлерде жиірек кездесетіні жасырын емес. Бұл ешқандай дәстүр емес, керісінше, адамның өміріне зорлықпен араласу. Сондықтан мұндай әрекеттерге заңмен нақты тыйым салынуы қажет.
Егер қыз өз еркімен барған болса, бұл жағдайда оны "алып қашу" деп атауға болмайды. Ол келісіммен отбасын құру. Мұндай жағдайда тергеу кезінде де қыздан: "Сен өз еркіңмен келдің бе, әлде мәжбүрледі ме?" – деп сұрайды. Қыздың өзі шындықты айтуы маңызды. Бірақ қыз өз еркімен кетіп, кейін жағдайды бұрмалап, "мені алып қашты" десе, әділетсіздік орнайды. Сондықтан әр жағдайды жеке қарап, шынайы мән-жайына үңілуіміз қажет.
Сол себепті заң жүзінде тыйым салғанда мына мәселені ескеру қажет: қыз өз еркімен барды ма, әлде оны мәжбүрледі ме? Егер келісіммен кеткен болса, ол дәстүрдің шеңберіндегі жағдай. Ондайға қатаң жаза қолдану – дұрыс емес. Ал шын мәнінде күш қолданылған болса, онда заң шеңберінде жауапкершілік болуы тиіс.
Қорытқанда, әр жағдайға терең үңіліп, нақты бағалау керек. Келісіммен құрылған одақ – қылмыс емес, ал еркінен тыс алып кету – қылмыс. Осы екеуінің аражігін ажыратып барып, шешім қабылдау маңызды.