
Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі қоғамда ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл – жай ғана статистикалық мәлімет емес, терең психоэмоционалдық себептерге негізделген әлеуметтік және рухани дағдарыстың көрінісі. Әсіресе балалық шақтағы психологиялық жарақаттар, отбасындағы қарым-қатынас, әлеуметтік қысым мен цифрлық әлемдегі буллинг – суицидалды ойлардың қалыптасуына әсер ететін жасырын, бірақ қауіпті факторлар.
Осы өзекті тақырып аясында психоаналитик Жанар Оспановамен арнайы сұхбат құрдық. Маманның айтуынша, суицид – бұл әлсіздіктің емес, көбіне естілмей қалған ішкі жанайқайдың көрінісі. Сұхбат барысында суицидалды мінез-құлықтың психологиялық табиғаты, психоанализдегі орны, балалар мен жасөспірімдердегі даму механизмдері және алдын алу жолдары туралы терең түсінік алуға тырыстық.
– Суицидалды мінез-құлықтың психологиялық табиғаты қандай? Балалар мен жасөспірімдерде ол қандай механизм арқылы қалыптасады?
– Суицидалды мінез-құлық – бұл адамның өзіне қасақана зиян келтіру немесе өмірден кетуге ұмтылуы. Ол тек жеке адамның ішкі күйзелісін емес, сонымен бірге әлеуметтік ортадағы шиеленісті қарым-қатынастар мен терең психологиялық жарақаттардың жиынтық нәтижесін көрсетеді. Психоанализге сүйенсек, суицид көбіне бейсаналық агрессияның өзіне бағытталуынан туындайды. Фрейдтің пайымынша, бұл – адам ішіндегі жиналған реніш пен ашуды сыртқа шығара алмай, өзін жазалау арқылы көрсету. Балалық шақтағы махаббат жетіспеушілігі, қабылданбау сезімі мұндай механизмді күшейтеді.
Карен Хорни мен Мелани Кляйн ішкі "жақсы" мен "жаман" объектілердің күресін айтады. Егер бала өзін сүйікті әрі қажетсіз сезінсе, оның бейсанасында өмірдің мәнсіздігі туралы ой қалыптасуы мүмкін. Жасөспірімдер эмоцияны сөзбен жеткізуде қиындық көреді, әсіресе ұят, жалғыздық пен үмітсіздік жағдайында. Бұл ішкі күйзеліс өзін-өзі жарақаттау немесе тұйықталу арқылы көрінеді. Жасөспірімдік дағдарыс кезінде өзін табуға, өмірдің мәнін ұғынуға деген сұраныс жауапсыз қалса, бұл да суицидке апаруы мүмкін. Сонымен қатар, жас ерекшелігіне тән "туннельдік ойлау" – яғни қиындықты мәңгілік трагедия деп қабылдау – балама шешім көруді шектейді. Ал отбасылық жанжал, буллинг, киберқысым сынды сыртқы триггерлер бұл ішкі күйді күшейте түседі. Суицид ішкі қақтығыстардың, мысалы, "жақсы болғым келеді" мен "мен ешкім емеспін" арасындағы шешілмеген көрінісі болуы мүмкін. Бұған қоса, серотонин деңгейінің төмендігі, генетикалық бейімділік пен тұлғалық бұзылыстар да бейсаналық деңгейде суицидалды мінез-құлыққа ықпал етеді.
– Психоанализ тұрғысынан суицидке бейімділіктің бастауын қалай түсіндіреміз? Бұл – саналы таңдау ма әлде бейсаналық күйдің көрінісі ме?
– Психоанализ бұл құбылысты негізінен бейсаналық күйдің көрінісі ретінде түсіндіреді. Зигмунд Фрейдтің теориясы бойынша, суицид – адам бойындағы ішкі агрессияның өзіне бағытталуы. Яғни, бала немесе жасөспірім сыртқы объектіге (мысалы, ата-анаға, қоғамға) ренішін ашық көрсете алмаған кезде, оны ішке жұтып, өзін жазалауға бейім болады. Мұндай бейсаналық импульс көбіне махаббат пен агрессияның қарама-қайшылығынан, өзін кінәлі сезінуден, қабылданбағандықтан туындайды. Сондықтан суицид – саналы шешімнен гөрі, ішкі қақтығыстар мен шешілмеген жарақаттардың бейсаналық әрекетке айналуы. Ол – көмекке деген үнсіз шақыру, өзін түсінуді, тыңдауды, қабылдауды аңсаудың ең шеткі көрінісі.
– Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіштерінің артуына әсер ететін әлеуметтік-психологиялық факторлар қандай деп ойлайсыз?
– Қазақстанда суицид деңгейінің жоғары болуына бірқатар әлеуметтік-психологиялық факторлар ықпал етеді. Ең алдымен – отбасындағы эмоционалдық суықтық, ата-ананың назарсыздығы немесе керісінше, шамадан тыс қатаң бақылауы. Балалар өздерін бағаланбаған, қажетсіз сезінеді. Сонымен қатар, мектептегі қысым, буллинг, мұғалімдер мен қатарластардың түсінбеушілігі де маңызды рөл атқарады. Жасөспірімдік кезеңдегі қабылданбау, жалғыздық, өз орнын таба алмау – суицидке итермелеуші ішкі дағдарыстарға әкеледі. Қазіргі цифрлық заманда әлеуметтік желідегі идеалданған бейнелер, кибербуллинг пен лайк-бағалар арқылы бағалау жүйесі де балалардың психологиялық тұрақтылығына кері әсер етеді. Мұның бәрі – әлсіз өзіндік бағалау мен үмітсіздік сезімін күшейтетін сыртқы қысымдар.

– Психоанализде балалық шақтың адам психикасына әсері өте терең зерттеледі. Бала кезіндегі эмоционалдық жарақаттар кейін суицидалды тенденцияларға әкелуі мүмкін бе?
– Иә, психоанализ бұл байланысты айқын мойындайды. Бала кезінде алған эмоционалдық жарақаттар – мысалы, ата-ананың немқұрайлығы, сүйіспеншілік пен қауіпсіздіктің жетіспеуі – адамның ішкі әлемінде тұрақсыз өзіндік бейне қалыптастырады. Мұндай бала өзін кінәлі, махаббатқа лайық емес, қажетсіз сезінуі мүмкін. Бұл бейсаналық жарақаттар жасөспірім шақта экзистенциалдық дағдарыс кезінде ушығып, өзін-өзі жоюға итермелейтін терең ішкі қақтығыстар туғызуы ықтимал. Демек, балалық шақтағы еленбей қалған психологиялық ауыртпалықтар ересек өмірде суицидалды бейімділіктің негізін қалауы мүмкін.
– Ата-ана мен баланың байланыс стилі суицидалды ойлардың пайда болуына қалай ықпал етеді?
– Ата-ана мен бала арасындағы байланыс стилі – баланың өзін бағалауы мен әлемді қабылдауына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Егер ата-ана эмоционалды қолдау көрсетпесе, баланың сезімдерін елемесе немесе тек талап қойып, сүйіспеншілік білдірмесе, бала өзін маңызды емес, қажетсіз сезінуі мүмкін. Қатаң, бақылаушы байланыс түрі де кері әсер береді: балада дербестік болмаған сайын, ішкі еркіндігі тұншығып, өзін қоғамда көрсетуге сенім азаяды. Ал бейжай, салғырт қарым-қатынас жағдайында бала мүлде елеусіз қалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда балада жалғыздық, үмітсіздік сияқты күйзелісті эмоциялар жиналып, олар суицидалды ойлардың туындауына себеп болуы мүмкін. Яғни, ата-ана мен баланың арасындағы сенімге негізделген, ашық әрі қабылдаушы қарым-қатынас – суицидтің алдын алудың ең маңызды психологиялық негізі.
Оқи отырыңыз: Психоаналитик: Бақытты ақшадан іздеген балалар құмар ойынның құрбаны болады
– Отбасылық динамика (мысалы, шектен тыс бақылау, немқұрайлық, зорлық-зомбылық) суицидке итермелеуші жасырын фактор бола ала ма?
– Иә, бұл факторлар – суицидалды мінез-құлықтың маңызды, бірақ көбіне жасырын триггерлері. Шектен тыс бақылау кезінде бала өзін жеке тұлға емес, ата-ананың "жобасы" сияқты сезінеді, ал бұл дербестіктің жойылуына, ішкі күйзеліс пен қарсылыққа әкеледі. Немқұрайлық – баланың еленбеуі мен бағаланбауын тудырады. Балада "менің бар-жоғым бәрібір" деген ой қалыптасуы мүмкін. Ал отбасындағы зорлық-зомбылық (эмоциялық, физикалық немесе жыныстық) – баланың қауіпсіздік сезімін бұзып, үнемі қорқыныш пен кінә сезімінде өмір сүруге итермелейді. Мұндай деструктивті отбасылық жағдайлар баланың ішкі әлемінде құндылық дағдарысын, өмірдің мәнсіздігін және болашаққа сенімнің жоғалуын туғызуы мүмкін. Бұл – суицидке бейімделудің терең психологиялық негізі.
– Жасөспірімдерде кездесетін экзистенциалды дағдарыстар (өзін-өзі табу, мағына іздеу, қабылданбау қорқынышы) суицидалды мінез-құлыққа қалай әсер етеді?
– Жасөспірімдік кезең – адамның өзін тануға, өмірдің мәнін ұғынуға талпыныс жасайтын аса сезімтал әрі күрделі даму сатысы. Бұл уақытта экзистенциалды дағдарыстар, яғни "Мен кіммін?", "Өмірімнің мәні неде?", "Мені шын қабылдай ма?" деген терең сұрақтар пайда болады. Егер осы ішкі ізденістер түсіністік пен қолдау таппаса, жасөспірім өзін жалғыз, оқшау, мағынасыз күйде сезінуі мүмкін. Қабылданбау, назардан тыс қалу немесе үміттің ақталмауы – өмірдің мәні жоғалғандай әсер қалдырып, суицидалды ойларға жол ашады. Яғни, мағына іздеудегі тығырық пен өз "менін" табудағы сәтсіздік – психологиялық күйзелістің шарықтау шегіне әкеліп, суицидті "шығу жолы" ретінде қабылдатуы мүмкін.
– Дене мен жыныстық даму кезеңі психологиялық тұрғыда қандай ішкі шиеленіс туғызуы мүмкін? Бұл суицидке әкелетін себеп бола ала ма?
– Жасөспірім шақта дене мен жыныстық даму өте қарқынды жүреді, ал бұл өз кезегінде психикаға үлкен жүк түсіреді. Бала өз денесінің өзгерісін түсіне алмай, оны қабылдауда қиындық көруі мүмкін. Әсіресе, қоғамдағы сұлулық стандарттары мен құрдастар тарапынан болатын қысым сыртқы келбетке қатысты мазасыздықты күшейтеді. Жыныстық жетілу кезінде ұят, кінә, қорқыныш, өзін-өзі қабылдамау сезімдері туындайды. Егер бұл процесті ата-ана немесе әлеуметтік орта қолдап, ашық әңгімелеп түсіндірмесе, жасөспірім жалғыздық пен сәйкессіздік күйін бастан кешіруі мүмкін. Мұндай ішкі шиеленістер ұзаққа созылса, олар өзіне деген жиіркеніш, оқшаулану, үмітсіздікке ұласуы мүмкін. Бұл психоэмоционалдық ауыртпалық, әсіресе, әлсіз қолдауға ие ортада, суицидке итермелеуші факторға айналуы әбден мүмкін.

– Қазіргі цифрлық дәуірде әлеуметтік желілер мен кибербуллингтің балалар мен жасөспірімдердің психикасына кері әсері қандай?
– Әлеуметтік желілер – бүгінгі жасөспірімдердің өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда бұл кеңістік реалистік емес стандарттар мен үздіксіз салыстыруға негізделген. Балалар мен жасөспірімдер өзін өзгелермен салыстырып, "мен толыққанды емеспін, мені ешкім қабылдамайды" деген тұжырымға жиі келеді. Ал кибербуллинг – яғни интернет арқылы қорлау, мазақ ету, қысым көрсету – психикаға тікелей зиян келтіретін фактор. Мұндай зорлық түрі көбіне жасырын, үздіксіз әрі ауқымды сипатта өтеді, сондықтан оны бала жалғыз қарсы алады. Нәтижесінде, өзін-өзі төмен бағалау, үрей, әлеуметтік қорқыныш, оқшаулану дамып, бұл жағдай уақыт өте келе десоциализацияға және суицидалды ойларға алып келуі мүмкін. Демек, цифрлық кеңістік – тек байланыс құралы емес, сонымен қатар эмоционалдық қауіп аймағына айналып отыр.
Оқи отырыңыз: Балаға ақша жинау мен жұмсауды қалай үйреткен дұрыс? Психолог кеңесі– Суицидтің қалай алдын алуға болады?
– Суицидтің алдын алу – кешенді әрі жүйелі тәсілді қажет ететін күрделі процесс. Ол тек психологтың жұмысы емес, бүкіл қоғамның, әсіресе отбасының, білім беру мекемелерінің және денсаулық сақтау саласының ортақ жауапкершілігіне жатады.
1. Ерте кезеңде белгілерді тану
Көңіл күйдің тұрақсыздығы, тұйықталу, үмітсіздік жайлы сөздер, бұрынғы қызығушылықтардан бас тарту, өлім жайлы жиі ой қозғау – бұл суицидалды ойлардың алғашқы сигналдары. Мұндай жағдайда баламен ашық, бағалаусыз сөйлесу өте маңызды.
2. Эмоционалдық қолдау көрсету
Бала өзін тыңдайтынын, қабылдантынын сезінуі керек. Оның уайымы "ойыншық" емес, нақты мәселе ретінде қарастырылуы тиіс. Ата-ана мен мұғалімдер арасындағы сенімге негізделген байланыс – қауіптің алдын алатын басты құрал.
3. Психологиялық көмекке қолжетімділік
Мектеп психологының рөлін күшейту, сенім телефондары, онлайн кеңес беру платформалары сияқты қолжетімді ресурстар арқылы кәсіби қолдау ұйымдастырылуы қажет.
4. Ақпараттық қауіпсіздік пен медиа сауаттылық
Балаларды әлеуметтік желідегі зиянды контенттен қорғау, кибербуллингпен күрес жүргізу, медиадағы суицидке қатысты ақпаратты жауапкершілікпен тарату – маңызды профилактикалық шаралар.
5. Құндылыққа бағытталған тәрбие
Өмірдің мәнін, қиындықпен күресу дағдыларын, эмоцияны басқаруды үйрету – баланың ішкі тірегін қалыптастырады. Бұл психологиялық тұрғыда төзімді, бейімделгіш тұлға дамуына жол ашады.
Қысқаша айтқанда, суицидтің алдын алу – балаға жай ғана жанашырлық таныту емес, жүйелі қамқорлық пен нақты әрекетті талап ететін маңызды процесс. Суицид – әлсіздік емес, белгі.