Суицидке бейім баланың мінез-құлқы қалай өзгереді? Психологпен сұқбат

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Маман психологқа бару ұят емес, керісінше, мәдениетті таңдаудың белгісі екенін көрсету қажеттігін айтады.

Бүгінгі күннің ең өткір әрі өзекті мәселелерінің бірі – балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығы. Қоғамдық қысым, оқу жүктемесі, отбасындағы қарым-қатынас, әлеуметтік желілердің әсері мен ішкі дағдарыстар – мұның бәрі бала мен жасөспірімнің ішкі әлеміне терең із қалдырады. Ал бұл күйзелістердің дер кезінде байқалмауы кейде ауыр салдарға, соның ішінде суицидалды мінез-құлыққа алып келуі мүмкін.

Баланың үнін дер кезінде естіп, оның ішкі күйін түсіне алу – тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл сұхбатта біз тәжірибелі психолог, коуч Назира Бурхановадан балалар мен жасөспірімдер психикасындағы өзгерістерді ерте тану, эмоцияны білдіру еркіндігі, психологиялық қолдаудың маңызы, сондай-ақ қазақ қоғамындағы психологиялық мәдениетті дамыту жолдары туралы сұрадық.

– Суицидалды мінез-құлыққа бейім баланы ерте кезеңде қалай тануға болады? Қандай сигналдар ата-аналар мен мұғалімдерді ескертуі керек?

– Суицидалды мінез-құлыққа бейім баланы ерте кезеңде тану – бұл ата-аналар мен педагогтар үшін аса маңызды, бірақ күрделі міндет. Себебі балалар мен жасөспірімдер ішкі күйзелісті ересектер секілді тікелей білдіре алмайды; олардың психологиялық ауыртпалықтары көбіне жанама, вербалды емес белгілер арқылы көрінеді. Психология ғылымында бұндай ерте кезеңдегі сигналдарды тану үшін суицидалды мінез-құлықтың жасырын кезеңін зерттеу маңызды саналады. Ғылыми деректерге сүйенсек, суицидалды ойлар мен әрекеттерге бейімділік көбіне балада психоэмоциялық тұрақсыздықпен, әлеуметтік оқшауланумен және мінез-құлықтағы күрт өзгерістермен қатар жүреді. Мысалы, бала бұрын қуанышты, белсенді болса, кенеттен тұйық, үндемейтін, ешнәрсеге қызықпайтын күйге түссе – бұл психикалық күйдің күрт өзгергенін білдіретін маңызды белгі. Қызығушылықтардың жоғалуы, қуаныш сезіміне деген жауаптың бәсеңдеуі депрессиялық процестің алғашқы көріністеріне жатады.

Тағы бір маңызды белгі – ұйқы мен тәбеттің бұзылуы. Бала жиі шаршаңқы, ұйқышыл не керісінше, ұйқысыз болса, тамаққа тәбеті мүлдем болмаса немесе күрт өзгерсе – бұл да суицидалды дисфункцияның бастапқы физиологиялық көріністері болуы мүмкін. Сонымен қатар, бала өзіне тән емес әрекеттер жасай бастайды: кенеттен жақындарымен қоштасқандай сөздер айтуы, өлім туралы жиі ой қозғауы, тіпті күнделік, өлең немесе сурет арқылы өз ішкі жан күйзелісін білдіруі – мұның бәрі психологиялық көмекке мұқтаждықтың дабылы.

Ғылыми еңбектерде суицидалды бейімділіктің үш негізгі қозғаушы факторы аталады: үмітсіздік сезімі, әлеуметтік қатынастардан үзілу және өзін "артық адам" ретінде сезіну. Мұндай сезімдер балада біртіндеп, көбіне елеусіз қалыптасуы мүмкін. Сондықтан мұғалімдер мен ата-аналар бала мен қоршаған орта арасындағы байланыстың сапасын ұдайы бақылауы тиіс: достармен қарым-қатынасы, өзін ұжымда сезінуі, отбасындағы эмоционалдық климат – бәрі психикалық күйдің көрсеткіші бола алады. Ерекше назар аударарлық тағы бір сигнал – балада өзін-өзі жазалау немесе өзін-өзі жарақаттау әрекеттері. Мұндай әрекеттер – өзін білдіре алмаған эмоцияның физикалық формаға көшуі, яғни бұл – жан айқайының тілсіз көрінісі. Психоаналитикалық тұрғыда бұл құбылыс бейсаналық агрессияның өзіне бағытталуымен түсіндіріледі.

Соңғы деректер көрсеткендей, балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу тек клиникалық белгілерді танумен шектелмеуі керек. Бұл – эмоционалдық қауіпсіз орта құрумен, баланың дауысы естілетін сенімді қарым-қатынас орнатумен тығыз байланысты процесс. Баланың ең алғашқы сигналдары – оның сөзі емес, өзгерген көзі, үні мен мінезі. Ал сол өзгерістерді уақтылы көріп, қабылдай білген ересек – суицидтің алдын алудағы ең маңызды буын.


Оқи отырыңыз: Әр ойынқұмардың орташа қарызы – 10 млн теңге. Құмар ойынның құрбаны болмаудың жолы қандай?


– Психоаналитикалық терапия суицидалды бейімділіктің алдын алуда қандай нәтижелер бере алады?

– Психоаналитикалық терапия суицидалды бейімділіктің алдын алуда терең құрылымдық және ұзақмерзімді нәтижелер бере алатын бағыттардың бірі болып саналады. Бұл терапия түрі адамның мінез-құлқын емес, сол мінездің астарындағы бейсаналық процестерді, бала шақта қалыптасқан психологиялық жараларды және ішкі конфликтілерді тануға, түсінуге және қайта құрылымдауға бағытталады. Суицид көбіне кенеттен қабылданған шешім емес, ұзақ уақыт бойы жинақталған ішкі күйзелістің, өңделмеген эмоциялардың және бейсаналық агрессияның көрінісі болғандықтан, оны тек сыртқы мінез деңгейінде бақылау жеткіліксіз.

Психоаналитикалық тәсіл адамдағы өзіне бағытталған агрессияны, өзін жек көру сезімін, жарақаттан кейінгі кінә мен қорқынышты, қабылданбаған эмоциялар мен символдық ойлауды зерттейді. Терапия барысында клиент өзіне де, өзге адамдарға да деген шынайы эмоцияларын қауіпсіз кеңістікте аша алады. Бұл процесте эмоцияны рационализациялау емес, оны терең сезіну, атау беру және қайта түсіну маңызды. Мұндай жұмыс суицидалды ойдың түпкі себептерін жоюға мүмкіндік береді. Психоанализ негізін қалаушылардың бірі Зигмунд Фрейд суицидті бейсаналық агрессияның өзіне бағытталуы деп түсіндірген. Кейінгі неофрейдшіл бағыттағы зерттеушілер де, мысалы, Карен Хорни немесе Отто Кернберг, ішкі "жақсы" мен "жаман" объектілер арасындағы қақтығысты, өзін-өзі қабылдау мен өзін жек көру арасындағы күресті суицидалды бейімділіктің басты психодинамикалық себептері ретінде атаған. Осы ішкі дағдарысты психоаналитикалық терапия арқылы терең жұмыс істеу – бейсаналық шаблондарды саналы деңгейге шығарып, оларды қайта қарауға мүмкіндік береді.

Клиникалық практикада психоаналитикалық терапия ұзақ уақытты талап етеді, бірақ оның әсері тек симптомдарды жеңілдетумен шектелмей, адамның бүкіл тұлғалық құрылымын қайта қалыптастыруға бағытталады. Мұндай жұмыс барысында адам өз өміріндегі қайталанатын сценарийлерді таниды және олармен жаңа қарым-қатынас орната бастайды.

Сондай-ақ бұл терапия сенімді, құпиялы, қабылдаушы кеңістік ұсынады. Терапевт пен клиент арасындағы трансферлік қатынас – яғни бейсаналық түрде терапевтке маңызды фигуралардың бейнесін жүктеу – суицидалды бейімділігі бар адамның қайта сенім арта алуына, эмоциялық байланысты қалпына келтіруіне жол ашады. Бұл – жалғыздық пен үмітсіздік сезімін әлсіретудің ең тиімді психологиялық тетіктерінің бірі.

– Психолог ретінде сіздің тәжірибеңізде жасөспірімнің өмірге деген қызығушылығын оятқан қандай нақты әдістер көмектесті?

– Жасөспірімдердің өмірге деген қызығушылығын қайта ояту – бұл психологиялық жұмыстың ең нәзік әрі жауапты сәттерінің бірі. Себебі жасөспірім жасы – тұлғалық қалыптасудың дағдарысты кезеңі: бұл кезде адам өзін қоғамда, отбасыда, құрдастары арасында қалай қабылданатынын терең сезіне бастайды. Егер осы үдеріс жеткілікті қолдаусыз өтсе, жасөспірімде үмітсіздік, мағынасыздық, оқшаулану, өзін қажетсіз сезіну секілді күйзеліс күшейіп, өмірге деген қызығушылық өшіп қалуы мүмкін.

Менің тәжірибемде ең алдымен тиімді болған – жасөспірімнің даусын естіп, оның болмысына шынайы қызығушылық таныту. Көп жағдайда олар тек өзін естігенді қалайды, бірақ ересектердің көбісі "ақыл айту" мен "бағалау" стилінен шыға алмай қалады. Қарапайым, бағалаусыз қарым-қатынас – жасөспірімге алғаш рет қауіпсіз байланыс орнатып, оның ішкі қорғанысын төмендетеді. Екінші қолданған әдіс – мағына іздеу жұмысы. Бұл экзистенциалды психология мен логотерапияға тән бағыт. Жасөспірім өз күнінің, сезімінің, әрекетінің мағынасын көре алмай, "неге тұрып жатырмын, не үшін оқып жүрмін?" деген сұрақтарға жауап таппай, психологиялық вакуумға түседі. Осы сәтте мен оларға бірден "өмірдің мәнін" түсіндіруге тырыспаймын. Керісінше, кішкентай жетістіктер, қызығушылық ұшқыны, шығармашылық әрекет арқылы олардың ішкі энергиясын сыртқа шығаруға көмектесемін. Мысалы, сурет салу, музыка тыңдау, фотоға түсіру, табиғатпен болу – мұның бәрі эмоциямен қайта байланыс орнатудың құралына айналады. Тағы бір пайдалы тәсіл – құндылықтармен жұмыс. Көптеген жасөспірім өз таңдауы мен ішкі қалауынан ажырап қалады, өйткені олар көбіне ата-ананың, мұғалімнің, қоғамның күткенін орындауға тырысады. Терапияда мен "сен үшін не маңызды?", "не сені тірі ұстайды?", "қай сәтте сен өзіңді шынайы сезінесің?" деген сұрақтар арқылы оның нағыз ішкі тірегін іздеуге бағыттаймын.

Тәжірибеде бірнеше рет көмектескен тағы бір әдіс – психодрама немесе символикалық рөлдік жұмыс. Бұл тәсілде жасөспірім өзінің ішкі күйлерін кейіпкерлер арқылы бейнелейді: өлім, жалғыздық, үміт, ашу – бұларды сыртқа шығарып, сөйлету арқылы эмоцияны бастан кешіріп, жеңілдетуге болады. Бұл "жансызданған" күйден серпіліс әкеледі. Ең бастысы – жасөспірімнің "өмірлік тарихын" қайта құруға көмектесу. Көп жағдайда олар өз өткенін тек жара, сәтсіздік, қабылданбау арқылы еске алады. Ал мен олармен бірге сол естеліктердің жаңа интерпретациясын жасап, "сен осыған төзе алғансың", "осы жерде сен күшті болдың", "мына сәт саған үміт берді" деген көзқарас қалыптастыруға тырысамын. Бұл – баланың өзінің ішкі күшімен қайта қауышуының негізі. Сондықтан өмірге деген қызығушылықты ояту – бұл мотивация берумен емес, ішкі отты тұтататын өз әлемін қайта құрумен байланысты. Жасөспірім өзінің үні естіліп тұрғанын сезсе, сол сәттен бастап оның ішінде "тірі" сезіну қайта ояна бастайды. Ал бұл – емделудің алғашқы белгісі.

Фото: depositphotos.com

– Қоғамдық деңгейде қандай институционалдық немесе білім беру жүйесіне қатысты өзгерістер суицидтің алдын алуға ықпал ете алады?

– Суицид – бұл тек жеке психологиялық мәселе емес, тұтас қоғамның әлеуметтік, мәдени және институционалдық құрылымдарымен тығыз байланысты көпқабатты құбылыс. Сондықтан оның алдын алу тек психотерапиялық деңгейде емес, қоғамдық және жүйелік деңгейде де жүргізілуі тиіс. Институционалдық және білім беру саласындағы өзгерістер – дәл осы бағытта ұзақмерзімді әрі тұрақты әсер бере алатын негізгі механизмдердің бірі.

Бірінші кезекте, мектеп жүйесінде психологиялық қызметтің маңызын түбегейлі қайта қарау қажет. Көптеген білім беру мекемелерінде психолог қызметі формалды сипатта ғана, ал нақты психоэмоциялық жұмысқа ресурсы да, уақыты да, статусы да жеткіліксіз. Сондықтан білім беру жүйесіне кәсіби, клиникалық тұрғыдан даярланған, эмоционалдық күйзелістермен, суицидалды бейімділікпен жұмыс істей алатын мамандандырылған психологтар институтын енгізу – маңызды қадам. Мұндай мамандар тек "кеңес беруші" емес, нақты алдын алу, диагностика, араласу және бағыттау жұмыстарын жүйелі жүргізе алуы керек.

Екінші – эмоциялық интеллект пен психологиялық сауаттылықты дамытуға бағытталған пәндік және тәрбие бағдарламаларын енгізу. Балалар мен жасөспірімдерге өз эмоцияларын тану, оларды сөзбен жеткізу, ішкі күйді басқару, көмек сұрай білу дағдылары мектептен бастап үйретілуі қажет. Мұндай бағдарламаларда суицид сөзі айтылмай қалмауы тиіс – керісінше, оны табу емес, түсінуге ұмтылу маңызды. Осы арқылы стигмадан арылу мен ашық диалог мәдениеті қалыптасады. Финляндия, Швеция, Канада секілді елдерде мұндай пәндер мен бағдарламалар мектеп қабырғасынан бастап жүйеге енгізілген.

Үшінші – мұғалімдер мен ата-аналарға арналған тұрақты психологиялық білім беру және қолдау жүйесін құру. Суицидалды мінез-құлықтың алғашқы белгілерін тану үшін педагогтарға тек академиялық дайындық емес, эмоциялық сезімталдық қажет. Бұл бағытта профилактикалық тренингтер, семинарлар, дағдарыстық араласу бойынша нұсқаулықтар, супервизиялық қолдау жүйелері қажет. Ата-аналар да бала психикасының дамуы, дағдарыс кезеңдері, өзін-өзі жарақаттау белгілері туралы базалық біліммен қарулануы тиіс.


Оқи отырыңыз: Психолог кітап оқудың пайдасы туралы: Депрессия мен күйзелістен арылтады


Төртінші – институционалдық деңгейде суицидке қарсы ұлттық стратегиялар мен құқықтық негіздердің нақты орындалуы мен бақылауын күшейту. Көптеген елде суицидтің алдын алу бойынша стратегиялар бар, бірақ олардың орындалуы жиі декларативті күйде қалып қояды. Қазақстанда да мұндай стратегиялар болуы қажет, алайда олар жергілікті деңгейде жұмыс істейтін механизмдерге, мектеп, колледж, ЖОО психологиялық қызметтерінің міндеттері мен құқықтарын нақтылауға сүйенуі керек. Сондай-ақ медиа саласындағы реттеу мен жауапкершілік те маңызды. Өкінішке қарай, кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі парақшаларында суицид тақырыбы сенсация түрінде беріледі. Бұл феноменді "Верттер эффектісі" деп атайды – яғни суицидке қатысты ақпарат белгілі бір жастар арасында жұқпалы мінез-құлыққа айналуы мүмкін. Осыған байланысты, БАҚ-та және интернет кеңістігінде жауапты жариялау стандарттарын, яғни суицид тақырыбын кәсіби этикамен беру принциптерін заңнамалық және мәдени деңгейде енгізу қажет.

Жалпылай алғанда, суицидтің алдын алу – бұл тек дағдарыс сәтінде көмек беру емес, күйзелісті болдырмайтын әлеуметтік, мәдени және психологиялық иммунитетті қоғам деңгейінде қалыптастыру. Ол үшін білім беру жүйесі мен институционалдық құрылымдар жеке адамды ғана емес, оның эмоционалдық әлемін, әлеуметтік қолдау желісін және өзін-өзі түсіну кеңістігін дамытуға бағытталуы тиіс. Суицидке қарсы ең мықты қорған – бұл тек көмек көрсету жүйесі ғана емес, тыңдай алатын, қабылдай алатын, түсіне алатын қоғам.

– Біздің қоғамда психологиялық көмекке жүгіну әлі де ұят санала ма? Бұл стигма суицид деңгейін қалай ушықтырады?

– Иә, өкінішке қарай, біздің қоғамда психологиялық көмекке жүгіну әлі де болса әлсіздікпен, "ақыл-есі дұрыс емес адамның ісі" деген түсінікпен байланыстырылады. Бұл – терең әлеуметтік стигма, ал оның салдары өте қауіпті: көмек сұрауға ұялу, ішкі күйзелісті жасыру, ауыр сезімдермен жалғыз қалу – осының бәрі суицидалды тәуекелді арттырады. Адам өз уайымын, күйзелісін бөлісе алмаған сайын, ол эмоциялық оқшаулануға түседі. Бұл психологияда "үнсіз азап шегу" феномені ретінде сипатталады және суицидке апарар ішкі жолдың бірі болып саналады. Егер адам уақытылы кәсіби қолдауға жүгінсе, ол өзін ғана емес, өмірін де сақтап қалуы мүмкін еді. Бірақ қоғамдағы ұят, кінә мен қорқыныш сезімі осы мүмкіндікті жоққа шығарады. Сондықтан стигманы азайту – бұл суицидтің алдын алудағы ең маңызды қоғамдық міндеттердің бірі. Психологиялық көмек сұрау – әлсіздіктің емес, керісінше, саналылық пен жауапкершіліктің көрінісі екенін ұғындыру қажет.

– Сіздің ойыңызша, балалар мен жасөспірімдердің эмоциясын еркін білдіруіне мүмкіндік беру олардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма?

– Иә, балалар мен жасөспірімдерге эмоциясын еркін білдіруге мүмкіндік беру – олардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең негізгі шарттардың бірі. Себебі эмоцияны еркін жеткізе алатын ортада бала өзін қорғалатын, қабылданатын және маңызды сезінеді. Ал бұл сезім – психикалық саулықтың іргетасы. Керісінше, эмоциясын білдіруге тыйым салынған немесе оны ашық көрсету ұят саналатын ортада балада ішкі кернеу жиналып, уақыт өте келе агрессия, тұйықталу, мазасыздық немесе өзіне-өзі зиян келтіру секілді симптомдар пайда болады. Эмоцияны тану, түсіну және оны вербалды түрде жеткізе білу – бала үшін қауіпсіздік шекарасын қалыптастырады.

Эмоцияны еркін білдіру мүмкіндігі тек балаға ғана емес, ата-ана мен педагогке де өзара сенімді қатынас орнатуға жағдай жасайды. Бұл – дағдарысты сәттерде көмек сұрау, қорқынышын айту, шынайы сезімін жасырып қалмау мүмкіндігін береді. Яғни эмоцияны білдіру еркіндігі – психологиялық қорған емес, ішкі тіректің өзегіне айналады.

– Қазіргі қазақ қоғамында психологиялық қолдау жүйесін дамыту үшін қандай нақты қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?

– Бұл саланы тек көмек көрсету құралы ретінде емес, қоғамдық денсаулық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде тану қажет. Бұл үшін біріншіден, психология саласының мәртебесін заңдық және институционалдық деңгейде нақтылау керек. Яғни мектеп, колледж, университет, аурухана, әскери құрылым, тіпті ауылдық деңгейдегі мекемелерде кәсіби психологиялық қызметтің міндетті әрі жүйелі түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, мамандарды даярлау сапасын арттыру – басты мәселе. Психолог тек теория білетін емес, нақты тәжірибе жүргізе алатын, клиникалық дағдыға ие, этикалық ұстанымдары қалыптасқан маман болуы тиіс. Ол үшін психология факультеттерінде тәжірибелік базалар ашылып, супервизиялық қолдау жүйесі енгізілуі керек. Үшіншіден, қоғамдық санада психологиялық көмекке жүгінудің беделін қалыптастыру қажет. Бұл – медиадағы тілдік өзгерістен басталады: психологқа бару ұят емес, керісінше, мәдениетті таңдаудың белгісі екенін көрсету. Танымал тұлғалар мен қоғамдық лидерлердің бұл тақырыпты ашық көтеруі – стигманы бұзудың тиімді жолы. Сондай-ақ ауыл мен қала арасындағы психологиялық қолжетімділік теңсіздігін жою – ерекше назарда болуы тиіс. Онлайн психологиялық платформалар, мобильді кеңес беру орталықтары, мемлекеттік субсидия арқылы қолжетімді көмек жүйесін құру – нақты нәтижеге бастар жол. Яғни психологиялық қолдауды дамыту – бұл тек кәсіби мамандардың емес, бүкіл қоғамның, мемлекеттің, білім мен мәдениет саласының ортақ жауапкершілігі. Сауатты қоғам – психикалық тұрғыдан тұрақты, жауапты және сенімді қоғам.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары