Жездіден – Жеңіске! Гитлер фашизмін күйретуге Қаныш Сәтбаевтың қосқан үлесі қандай

Коллаж: Informburo.kz
Коллаж: Informburo.kz
Геолог ғалым Жезді кенішін 38 күнде іске қосып, алғашқы марганец кенін "майданға жөнелтті".

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс туралы айтқан кезде тек майдан шебінде жаумен бетпе-бет соғысқан жауынгерлердің ерлігін ғана емес, сонымен қатар тылда еңбек еткен жұмысшылар мен ғалымдардың ерен еңбегін де ескеру шарт. 

Ұлы Отан соғысы басталғанда Кеңес Одағы үшін ең маңызды міндеттердің бірі – майдан мен тылға қажетті шикізатпен, әсіресе металл мен көмірмен үздіксіз қамтамасыз ету болды. Бұл күрделі кезеңде Қазақстан бүкілодақтық ірі өнеркәсіптік базаға айналды. Қазақстан байлығын ашуда, игеруде және соғыс қажеттіліктеріне бағыттауда академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың рөлі орасан зор болды.

Марганецтің маңызы

Қаныш Сәтбаев. Фото: Иосиф Будневич

Қаныш Сәтбаев – Қазақстан ғылымының негізін қалаушы, геолог-ғалым, академик. Соғыс жылдары ол бар күшін Отан қорғауға, өндірістік ресурстарды тиімді пайдалануға бағыттады. Солардың ішіндегі ең елеулісі – Жезді марганец кенішін ашуы және оны қысқа мерзім ішінде іске қосуы. Бұл туралы Медеу Сәрсеке "Қаныш Сәтбаев" кітабында жазған.

1941 жылдың тамыз айында Кеңес әскері мен неміс әскерінің арасында болған қиян-кескі шайқас кезінде марганец кенінің негізгі қоймасы Никополь  кеніші жау қолында қалды. Сол кезде Германияның насихат министрі Иозеф Геббельс Кеңес өндірістері қымбат шикізат көзінен біржола айырылғанын айтып, "Демек, бізге айбынды әскерлерге құрыш сауытпен ұрған ең соңғы танкті құрту ғана қалды" деген екен.

Себебі, марганец – тек металл емес, майданның мызғымас тірегі болды. Бұл элементтің әскери өндірістегі орны ерекше еді. Ол қару-жарақ, әскери техника мен оқ-дәрілердің беріктігі мен сапасын қамтамасыз ететін стратегиялық шикізатқа айналды. Оның қоспасы болаттың беріктігін арттырып, төзімділігін күшейтеді және соққыға шыдамды етеді. Бұл қасиеттер танк, зеңбірек, әскери ұшақтар мен кеме корпустарын жасау үшін аса қажет болды. Марганец болмаса, болат сапасыз, морт сынғыш болар еді. Сонымен қатар, марганец темірден болат қорытқанда қалдық күкірт пен оттегіні жояды, яғни қорытпаның химиялық тұрақтылығын жақсартып, оны ұрыс алаңына лайықтайды. Сол себепті соғыс жылдары КСРО үшін марганец – стратегиялық металл саналды.


Оқи отырыңыз: Соғыс бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды – Тоқаев


Соғысқа дейін Кеңес одағындағы марганец шикізатының 91,6 пайызы Никополь мен Чиатура кендерінде өндірілетін. Ал күзге таман неміс әскері Дон бойындағы Ростов қаласын басып алып, Қара теңіз жаңасына шығатын темір жолды да қиып тастады. Бұдан соң Кавказдағы Чиатурадан ферромарганец (марганецтің ғылыми атауы - авт.) тасу да ұзақ мерзімге тыйылды. Ал күн сайын өршіп келе жатқан алапат соғыста миллиондаған тонна құрышқа шымыр қасиет беретін марганец қоспалар қажет. 

Осыған байланысты КСРО Халком кеңесі тамыз айының соңында "Шығыс аудандардан марганец шикізатын өндіруді жедел арттыру керек" деген қарар шығарады.

Жезді кенішінің ашылуы

Осы кезде КСРО ғылым академиясының қазақ фиалиының жетекшісі Қаныш Сәтбаев өзі бұрыннан барлап жүрген Жездіні барлауды мықтап қолға алады. Ол үшін жезқазғандық геолог Иосиф Богданчиковты шақыртады.

Қаныш Сәтбав Жезді тауын 1928 жылдан бастап назарда ұстаған. Сол жылы ол жақтан марганец қорының ізін байқаған. Бұл туралы ғалым 1941 жылы геологқа тапсырма беру кезінде:

"Қарсақбай зауыты үшін флюстік шикізат іздеп жүргенде кездестім. Бұрғы салуға қаражат болмады. 1936 жылы Жезді жағасында бір жаз барлау тобын ұстадық: жеті ұңғыма, он шақты жыра қазылды. Олардың құжатын Қарсақбайдан табасыз. Петуховтың да не бітіргенін өзінен естисіз, ол да құралақан емес. Менің шамалауымша, нақ осы екі өзен түйісетін аңғарда ферромарганецтің сүбелі қоры бар. Ол болса, соғыс өрті күшейіп тұрғанда стратегиялық мәні ерекше шикізат", – деген екен.

Алайда, Жездіні барлау тапысырлған ғалымдар ондағы марганец көлемін нақты көрсетуге қорыққан. Себебі, ол заманда, соғыс кезінде байқаусызда жалған ақпарат беріліп қойса, ғалымға басымен жауап беруге тура келетін. Сол кезде де Қаныш Сәтбаев кен орнының қоры шамамен қанша екенін, қанша бөлігін жерасты әдісімен, қанша бөлігін ашық әдіспен өндіруге болатынына дейін тәптіштеп есептеп берген. Бұл хабар Сталинге жеткенде ол бірден Жезді кенін игеруге тапсырма берді. Өйткені, марганецсіз құрыш құйылмайды.

1942 жылдың қаңтар айында Қаныш Сәтбаевтың Жезді кен орны жайында бүкілодақтық геология бойынша комитет басшысы Малышев пен бүкілодақтық қор комиссиясы төрағасы Шутливке жазылған хаты. Фото: Жезді мұражайының мұрағаты

Оқи отырыңыз: Қаныш Сәтбаев Жезқазған кенін қаржыландыруға қалай қол жеткізді


Осылайша, ғалым 1942 жылдың 12 маусымында құрылыс басталған соң бар-жоғы 38 күнде Жезді кенішін іске қосып, алғашқы марганец кенін майданға жөнелтті. Соның нәтижесінде, соғыс жылдарында КСРО марганец кенінің 70,9 пайызы Жезді кен орнынан алынды. Кеңес Одағы танк шығаруды 2,5 есе өсірді. 

Бұл туралы "Ұлы Отан соғысының тарихы" кітабында": Сайып келгенде бұл үлкен ұрыста жеңісп шыққанға тек зор табыс болды. Сапалы прокат өндіру жедел артты. Магнитогор комбинатын жезді ферромарганецпен дер кезінде жабдықтау броньдық прокат беруді 3 есе өсірді" деп жазылған.

Қаныш Сәтбаев та 1943 жылдың 21 желтоқсанында "Казправда" газетінде жарық көрген "Отан соғысы күндеріндегі Қазақстан интеллигенциясы" атты мақаласында Қазақстандағы өндірістің майданға қосқан үлесін тап көрсетеді: 

"Қазақстан қойнауындағы барлық орасан зор байлықтар қазіргі таңда Отан қорғанысына жұмылдырылды. Қазақстан – ел ішінде қорғасын мен молибден өндіруде алдыңғы орында, ал мыс қорытуда жетекші республикалардың біріне айналды. Гитлершіл жауды жоятын әр 10 оқтың 9-ы – Қазақстанда өндірілген қорғасыннан жасалған. Танктер мен өздігінен жүретін қарулардың жартысынан көбі – құрамында қазақ молибдені бар броньмен қапталған. Патрон мен снарядтардың гильзаларының үштен бірінен астамы, сонымен қатар майдандағы әскердің байланыс құрылғылары да – Қазақстанда өндірілген мыстың қорытпаларынан жасалған. Қазақстанның жоғары сапалы марганец кендері уақытша жоғалған Никополь кен орындарының орнын басты. Бүгінде олар – Кеңес Одағының әскери қуатын қамтамасыз етіп отырған Орал металлургия зауыттарының жұмысын қамтамасыз етіп отыр", деп жазды.

Ғылымның жеңісі

Қаныш Сәтбаев тек Жездімен шектеліп қалған жоқ. Ол геология саласын стратегиялық құралға айналдырып, республиканың түрлі аймағынан қорғасын, мыс, темір, вольфрам, молибден және басқа да пайдалы қазбалардың кен орындарын анықтап, олардың соғыс өндірісіне бағытталуын қамтамасыз етті. Ғалымның ұйымдастыруымен Қарағанды маңындағы Жауыртау мекені зерттелді. Нәтижесінде қазіргі Теміртау қаласы бой көтерді.

Кейін ғалым бұл турасында: "Қазақстан майданды металмен, қару-жарақпен және азық-түлікпен қамтамсыз ететін қуатты арсеналға айналды. Республикадағы табиғи ресурстарды ел қорғанысы үшін тауып, жұмылдыру ісі өте-мөте қатты дамыды", – деп жазды.

Соғыс жылдары Қазақстанда 200-ден астам жаңа өнеркәсіп орны ашылып, олар әскери тапсырысты орындауға жұмылдырылды. Бұған себепкер болған — табиғи байлық пен оны тиімді игере білген ғалымдардың бірлескен еңбегі.

"Меніңше, барлық ғылыми қызметкерлердің, бүкіл кеңес зиялыларының ойы мен сезімін жеткіземін деп ойлаймын: әрқайсымыз бар шығармашылық күш-жігерімізді жұмсай отырып жұмыс істеудеміз және жұмыс істей беретін боламыз, отан игілігі үшін, жеңісті жақындату жолында бар ынтамызбен, табандылықпен еңбек етеміз", – деген еді бұл туралы Қаныш Сәтбаев.


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды


Қаныш Имантайұлының басшылығымен Кеңес ғалымдары ғылыми және техникалық жетістіктердің барлығын Отан қорғанысының мүддесіне бағыттап, аса ірі жеңіске жетті. Ол геологияны әскери стратегиямен ұштастырып, кен орындарын жедел барлау мен игеру тәжірибесін қалыптастырды. Соғыс жылдарында пайдалы қазбаларды іздестіру үшін 350 эскпидициялық отряд құрылды. 1941 жылы олардың саны 38 болатын. 1944 жылы кен байлықтарын зерттейтін 38 ғылыми-зерттеу мекемесі жұмыс істеді. Қазақстан филиалы соғыс жылдарында үкімет пен халық комиссаритарына 160-тан астам пайдалы ұсыныс тапсырды.

Осылайша гитлершілердің Кеңес Одағы Германиямен ғылыми-техникалық тұрғыда бәсекелесе алмайды деген үміті ақталмады. Сол еңбегі үшін ғалым 1945 жылы екінші рет Ленин орденімен және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.

Қаныш Сәтбаев Қазақ КСР Ғылым академиясын ашу туралы мәселені талқылау кезінде, 1946 жыл. Фото: egemen.kz

Қаныш Сәтбаевтың жұмысы тек соғыс кезінде емес, соғыстан кейінгі Қазақстан индустриясының негізін қалауға да себеп болды. Ғалым 1946 жылы жаңадан құрылған Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті болды.

"Қаныш Сәтбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беру қажет"

"Халықаралық Сәтбаев қорының" қамқоршылар кеңесінің төрағасы, сенат депутаты Алтынбек Нухұлының айтуынша, академик Қаныш Сәтбаев – ел тарихына алтын әріппен жазылған ұлы тұлға. Соғыс жылдарында Сәтбаевтың майдан үшін жасаған еңбегі әскери операциямен пара-пар бағаланған.

"Жезді марганец кенішін небары 38 күн ішінде іске қосып, алғашқы стратегиялық маңызды марганец кенін Орал мен Сібірдегі танк зауыттарына жөнелту – бұл тек геологиялық емес, тарихи ерлік. "Ұлы Отан соғысының тарихы" кітабында Жезді кенішінің маңызы турасында: "соғыстағы әр ісі операцияда жеңіспен пара-пар" деп көрсетілуі – соның дәлелі. Соғыс жылдарында Кеңес Одағы армиясы қолданған танктердің 80 пайызы Жезді марганецінен жасалған. Әсіресе атақты Т-34 танкісінің сауытында Жезді марганеці қолданылды. Өйткені болатқа марганец қосылғанда, ол шынайы сауытқа айналып, жау снарядтарын өткізбейтін деңгейге жеткен. Сол секілді соғыста атылған әр он оқтың тоғызы – Қазақстанның қорғасынан, ал әр үшінші снаряд пен гильза – Жезқазған мысынан жасалғаны – Қаныш Сәтбаев ашқан қазба байлықтардың тікелей нәтижесі. Бұл көрсеткіштер ғылым мен геологияның, соның ішінде бір ғалымның – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың – Жеңіске қосқан орасан үлесін дәлелдейді. Осыны ескере отырып, Жеңістің 80 жылдығында Қаныш Сәтбаевқа "Халық қаһарманы" атағы берілуі керек. Бұл марапат Қанышқа емес, қазақ халқына, келер ұрпаққа қажет. Өйткені ол тек қазба байлықты емес, қазақ ғылымын, экономикасын, болашағын қалыптастырды", – деді Алтынбек Нухұлы. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Сәрсеке М. "Қаныш Сәтбаев"
  2. Хасан С. "Қаныш Сәтбаев кім?"
  3. Князев Г.А., Кольцов А.В. "Краткий очерк  истории Академии наук СССР"
  4. Козыбаев М. Из истории деятельности "Комиссии АН СССР по мобилизации ресусров Урала, Западной Сибири и Казахстана на нужды обороны"
  5. Абсеметов М.О. "Россия - Казахстан: вклад ученых в Великую Победу" 
  6. Қазанбаева З. "Қазақстан ғылымы соғыс жылдарында"
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары