2026 жылы IATA жиналысы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді

Фото: Airpano
Фото: Airpano
Сексен екінші дәстүрлі жиынды бразилиялық LATAM Airlines Group әуе компаниясы қабыл алды.

Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен IATA акционерлерінің жыл сайынғы жиналысында келесі, 2026 жылғы отырысты Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткізу туралы шешім қабылданды. Оны LATAM Airlines Group әуе компаниясы ұйымдастырады. 

"Оңтүстік Америкада біздің соңғы жиынымыз 1999 жылы өткен болатын. Ол кезде де шара Рио-де-Жанейро қаласында ұйымдастырылды. Бұл 20 жылдан астам уақытта өңірлік авиация саласында болған өзгерістерді қорытындылаудың тамаша мүмкіндігі болмақ. Осы уақыт аралығында футболдан әлем чемпионаты және Олимпиаданың өткізілуіне байланысты өңірде әуе тасымалы күшейгенін білеміз. Ал IATA акционерлерінің 82-ші жиыны қуатты стратегиялық күш ретінде авиацияның әлеуетін одан әрі арттырады", – деп атап өтті IATA бас директоры Уилли Уолш. 

Фото: IATA

Бразилиялық LATAM Airlines Group әуе компаниясы 27 елге жолаушы мен жүк тасымалдайды. Компанияның бас директоры Роберто Альваның айтуынша, LATAM – Оңтүстік Американы бүкіл әлеммен байланыстыратын негізгі әуе тасымалдаушы. 

"Бразилияның және бүкіл Оңтүстік Американың авиация саласын дамытуға қосып жатқан үлесі мен әлеуетін таныстыруға қуаныштымыз. Әлемдегі ең көркем қалалардың бірі Рио-де-Жанейро өз сұлулығымен қонақтарға ерекше әсер сыйлайтынына сенімдіміз", – деді LATAM Airlines Group бас директоры Роберто Альва. 

Сондай-ақ, Нью-Делидегі жиналыс барысында International Airlines Group бас директоры Луис Гальего IATA директорлар кеңесінің жаңа төрағасы болып сайланды. Бұған дейінгі қызмет иесі, IndiGo бас директоры Питер Эльберс директорлар кеңесіндегі жұмысын жалғастырады.

Фото: IATA

Еске салайық, Бразилияда IATA жыл сайынғы жиналысы бұған дейін 1947 жылы (Петрополис) және 1999 жылы (Рио-де-Жанейро) өткен болатын. 

Серіктестер жаңалықтары