Алматыда Макс Корждың концерті өтпеді, бірақ қала оның әндерін бірнеше күн бойы шырқады

Фото: maxkorzh.live
Фото: maxkorzh.live
Әншінің фанаттары Орталық стадионда, Арбат бойында және өзге де жерлерде топтасып, фанклуб кездесулерін өткізді.

6 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтеді деп жоспарланған Беларусь әншісі Макс Корждың концерті болмай қалды. Алматы спорттық құрылымдар дирекциясының түсіндіруінше, бұған ай соңында болатын Лига Чемпиондары матчына дайындық жүргізу қажеттігі себеп болды: концерт стадионның газонына кері әсерін тигізеді. Дегенмен, дирекция концерт ұйымдастырушыларға балама алаң тауып бермеген. 

Кейін Макс Корждың концертін ұйымдастыруға жауапты Concerts Production компаниясы концерттің өтпейтіні туралы өз Instagram аккаунтында жариялады. 

"Біздің есебімізше, әлемнің 45 елінен 17 мың турист келу керек болған. Бұл ел тарихындағы ерекше концерт болып қана қоймай, туристердің Қазақстанға ағылуына әсер етер еді. Алайда жүйе мен инфрақұрылым мұндай шараларға дайын болмай шықты", – деп хабарлады Concerts Production өкілдері. 

Концертті 35 мың адамды тамашалайды деп жоспарланған болатын. Сарапшылардың болжамынша, бұл шоу қала бюджетін шамамен 3 миллиард теңгемен толықтырар еді. Концертке билет алған шетелдік туристердің біразы Алматыға келіп үлгерсе, қалған бөлігі билет алып және қонақүй борньдап қойған. 

Дегенмен, концерттің өтпей қалғанына қарамастан әншінің фанаттары бірнеше күн бойы Алматы аспанын Макс Корждың әндерімен әуелетті. Бұл күндері алматылық жастар мен қала қонақтары Арбатта және Орталық стадион алдында және өзге де жерлерде бас қосып, "халықтық концерттер" өткізді. 

Тіпті, бұл туралы хабардар болған әншінің өзі Instagram аккаунтында: "Мұндайды бірінші рет көруім. Алматы 3 күн бойы ән шырқады", – деп жазды. 

Сондай-ақ, әнші түрлі елдегі фанаттарының Алматыда өз әндерін шырқаған сәттері бейнеленген кадрларды да бөлісті. Айта кетерлігі, мұндай шаралардың бәрі бейбіт түрде өтіп, қоғамдық тәртіп бұзу әрекеттері тіркелмеді. 

Шетелдік меломандар ән шырқаудан бөлек, Қазақстан және Алматының табиғаты мен сұлулығы туралы да ойларын айтып, посттар жариялады. 

"Сүйікті әншімізді көру үшін келгенбіз, бірақ концерт өтпей қалды. Басында көңіл-күйіміз түсті, қанша дегенмен осы шоу үшін арнайы келдік қой. Бірақ, концерт үшін келгендер жалғыз біз емес екенбіз. Түрлі қала мен елден келгендер бар – бәрімізді музыка философиясы біріктірді. Жақсы уақыт өткіздік, көптеген адаммен таныстық. Тауға шығып, Макстың әндерін шырқадық", – деді Санкт-Петербургтен келген ресейлік фанат Павел Семянов. 

Ал Ташкенттік қонақ Мурод Смаиловтың айтуынша, ол достарымен өз кумирінің концерті үшін арнайы келіпті. 

"Өмір бойы Алматы болуды армандадым, бірақ реті келмей жүрген. Концерттің себебімен арнайы келгендіктен, біраз қапаланып қалсақ та, көптеген жаңа дос таптық. Алматы әсем қала екен, біз мұнда кәсіп ашу туралы ойға келдік", – деді ол. 

Еске салайық, Макс Корждың концерті Қазақстанда 2024 жылдың күзінде де өтпей қалған. Ол кезде әнші бұл жағдайды техникалық себептермен түсіндірген болатын. 

 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары