
Атырау облысында оқушыларға арналған қоғамдық көлікпен мұғалімдер асқа барған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Директор бастаған ұжымды тұрғынның бірі кездейсоқ көріп қалып, видеоға түсіріпті. Ұстаздардың қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны жазба авторының наразылығын туғызған. Бұл оқиға демалыс күні Құрманғазы ауданында болған.
Сыртында балалар деген жазуы бар сары газельдің ішінде педагогтар отыр. Ауыл тұрғыны мұғалімдерден мән-жайды сұраған.
Ал білім ошағының қызметкерлері жаназаға бара жатқандарын жасырмапты. Олар жанармай ақысын қалтамыздан шығардық деп ақталған. Желіге таралған бейнежазбадан кейін қызметтік тексеріс жүргізілген. Қорытындысына сәйкес, мектеп басшысы жұмысынан босатылды.
"Құрманғазы аудандық білім бөлімімен осы директорға қатысты бұған дейін ҚР еңбек заңнамасына сәйкес, ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шаралар қолданылған болатын. Осы соңғы тексерістің нәтижесінде, сонымен қатар бақылау департаментінің ұсынысы бойынша қазіргі күні директор лауазымынан босатылды", – деді Атырау облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Зүлфия Мағзумова.