
Әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертіне ресми билет операторы Freedom Ticketon биет сату кезінде болған қателіктер үшін қазақстандықтардан кешірім сұрап, бұл мәселе қалай шешіліп жатқанын хабарлады.
Компанияның бас директоры Виктория Торгунакованың түсіндіруінше, бірнеше мың орынға тапсырыс қайталанып кеткен. Осы орайда, әрбір тапсырыс қазір жеке тексеріліп, олар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Компания сатып алушылардың бәріне қызметтік алымды толығымен қайтарады.
Ал қайталанған билеттерге тап болған тұтынушылармен жеке жұмыс жүргізіліп, көпшілігіне балама ретінде жоғары санаттағы орындар ұсынылған. Мысалы, стадионның шеткі секторларындағы 40 000 теңгелік билет иелері 90 000 теңге тұратын танцпол билеттерін алды. Бұл айырмашылықты Freedom Ticketon компаниясы өз есебінен өтейтініне кепілдік береді.
Алайда, бұған келіспеген жандарға компания үш түрлі шешім ұсынып отыр:
- жаңа берілген орындарды қабылдап, концертке қатысу;
- билетті өткізіп, оның толық құнын қайтарып алу және қосымша 50% бонусын Freedom Ticketon есепшотына алу.
- бағасы сәйкес келетін билет табылмаған тұтынушылар (аз ғана бөлігі) концерттің арзан бағалық сегментіндегі билетке тегін иелене алады. Компания оларға билеттің толық құнын қайтарып береді, сонымен қатар іс-шараға бару құқығы сақталады.
Оқи отырыңыз: Астанада концерт беретін Джей Ло қалаға 6,5 млрд теңге пайда әкеледі − продюсер
"Біз тұтынушыларымыз бен осындай ауқымды іс-шараға билет сатуды сеніп тапсырған концерт ұйымдастырушылары алдындағы жауапкершілікті толық сезінеміз. Туындаған қиындықтар үшін шын жүректен кешірім сұраймыз – бұл жағдайға толығымен Freedom Ticketon жауапты. Сонымен бірге билеттерге қатысты туындаған мәселе шоудың сапасына еш әсер етпейтінін атап өткен жөн. Концертті ұйымдастырып отырған "Астана концерт" компаниясы – мыңдаған көрермені бар іс-шараларды өткізуде өзінің кәсібилігін әлдеқашан дәлелдеген жоғары деңгейлі команда екені сөзсіз", – деді Виктория Торгунакова.
Компания өкілдері билеттерді қайта рәсімдеу жұмыстары алдағы екі жұмыс күні ішінде толық аяқталатынын хабарлады.
Еске салайық, Дженнифер Лопестің концерті 1 тамызда Астанадағы "Астана Арена" стадионында өтеді. Оған билет алғысы келгендердің саны шамадан тыс болып, билеттер бір сағат ішінде сатылып кеткен. Билет сату жүйесіне түскен жүктеме артық болып, көптеген билет бірнеше мәрте сатылған.