Қазақстанда мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтар бұдан былай банк несиелері мен микрокредиттер ала алмайды. Тиісті нормалар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қаулы жобасында көзделген.
Агенттік дайындаған "Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ олардың қызметтен босатылуы, банк қарыздары мен микрокредиттерінің бар-жоғы және төлемдерді кейінге қалдыру туралы ақпарат алмасу қағидалары" атты құжат "Ашық НҚА" порталында 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Бұл жоба 2026 жылғы 16 қаңтарда президент қол қойған "Банктер және банк қызметі туралы" заңды іске асыру аясында әзірленген.
Құжатқа сәйкес, мерзімді әскери қызметтегі азаматтарға қатысты Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасында ақпарат алмасу тәртібі бекітіледі. Бұл:
- әскери қызмет кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыруға,
- азаматтың әскерге шақырылғаны немесе қызметтен босатылғаны туралы ақпаратты кредиттік есепте көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қаулы жобасы банктер мен микроқаржы ұйымдарын несиеге өтінім қабылдау кезінде азаматтың әскери мәртебесін міндетті түрде тексеруге міндеттейді. Егер кредиттік есепте адамның мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқаны анықталса, оған несие беруден бас тартылады.
USD:
494.9 / 497.9
EUR:
584.5 / 588.5
RUB:
6.39 / 6.51