"Ғарыш біз ойлағаннан да жақын": Алматы NASA-ның жаһандық хакатонына қосылады

Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Хакатон биыл Қазақстанның жеті қаласында өтеді.

Алматы 4-5 қазанда әлемдегі ең ірі халықаралық хакатондардың бірі – NASA Space Apps Challenge шарасына қатысады. Бұл жоба – АҚШ-тың ғарышты бейбіт мақсатта игеру, аэронавтика саласын дамыту және Жер мен ғалам жайлы ғылыми зерттеулер жүргізуге жауапты мемлекеттік агенттігінің бастамасы.  

Жыл сайын хакатон 160 елден 30 мыңнан астам қатысушының басын қосады. Биыл Алматының жастары алғаш рет жаһандық ғылыми қозғалысқа қатысқалы отыр. 

Хакатон биыл Қазақстанның жеті қаласында: Ақтөбе, Алматы, Павлодар, Петропавл, Өскемен, Орал және Шымкентте өтеді. Алматыда іс-шара American Space Almaty алаңында ұйымдастырылады. Мұнда мектеп оқушылары, студенттер мен жас мамандар екі күн бойы зияткерлік марафонға қатысып, командалық жұмыстарын көрсетеді.

Қатысушылар NASA-ның нақты деректерімен жұмыс істеп, ғаламдық мәселелерге технологиялық шешім табуға тырысады. Бұл – жай ғана идеялар байқауы емес, креативтілік, командада жұмыс істеу және болашаққа жаңаша көзқараспен қарау қабілеттеріне арналған шынайы сынақ. Үздік жобалар жаһандық кезеңге өтеді және оларға NASA, ESA (Еуропалық ғарыш агенттігі), JAXA (Жапония), CSA (Канада) және CNES (Франция) сарапшылары баға береді. 

"NASA Space Apps Challenge – ғарыш пен жаһандық ғылымның біз ойлағаннан да жақын екенін сезінуге мүмкіндік. Алматының осы халықаралық шараны өткізуге атсалысуы – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – жастарға өз идеяларын халықаралық деңгейде көрсетуге берілген бірегей мүмкіндік", – деді NASA Space Apps Challenge жобасының Қазақстандағы жергілікті үйлестірушісі Жанара Умидьярова.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық оқушылардың зерттеулеріне NASA қолдау көрсетеді


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары