Талдықорғанда Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша басты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова куәлік берді.
Оның айтуынша, қылмыс болған күні ол жұмыстан түнгі 23:00 шамасында үйіне оралған. Шай ішіп отырған кезде келініне – Шерзаттың анасына күйеуі Қаржаубай Нұрымов қоңырау шалып, Шерзат біреуді ұрғанын айтып, Нұрқанат Ғайыпбаевты (Шерзаттың ағасы) оятуды сұраған. Нұрқанат оянып, Қаржаубаймен сөйлескен соң үйден кеткен.
"Шай-тамақ ішіп отыратын уақытым болған жоқ, Себебі Шерзат менің қолымда өсті. Өзмнің бірге тұратын немерем болғаны үшін маған шай да, тамақ та маңызды болған жоқ. Келініме: "Жүр, тез барайық" дедім. Такси тоқтатамын дегенше 10-15 минут немесе 20 минуттай уақыт өтті. Біз дүкенге бардық. Барсақ, екі жерде адамдар топ болып тұр екен. Ондай көп адам болады деп ойламадым. Мен жолды кесіп өтемін дегенше, келінім өтіп үлгерді. Таксиден түсе сала Шерзатты іздедім. Ол жерге барған себебім – Шерзат білеуді ұрып қойса, әжесі ретінде кешірім сұрайын деп бардым. Бірақ балам біреудің жағасына жармасып, қол көтеретін адам емес еді", – деді Жұмабике Қадырова.
Ол немересін таппай қойған. Адамдардың арасына кірмек болғанда, оның сөзінше, айыпталушылардың бірі – Абзал Шынасыл оны бар күшімен итеріп жіберген. Әжесі жерге құлап, телефонын түсіріп алған. Кейін оны итерген адамның Абзал екенін Нұрқанаттан білген.
"Бұл жағдайды еске түсіру де, Шерзатты өлтірген адамдардың түрін көру де оңай емес. Немеремді аяусыз өлтірген адамдарды қорғап жатқан адвокаттарға қарау да оңай емес. Кейін бәрі Шерзатты көріп, оған қарай жүгірді. Мен орнымнан тұра алмадым, бірақ жерге құлаған немеремді ұрып жатқанын көрдім. Ол 16-да еді, не істеп қойып еді оларға? Түнде қыдыратын бала емес, дүкенге тек қуаттағышын алуға шыққан. Әкесінің қолында өскен жоқ, менің қолымда өсті. Оны түнде қыдыруға жібермейтінмін", – деді ол.
Кейін келіні – Шерзаттың анасы – ұлын көріп, оған қарай ұмтылған. Бірақ екі адам оның қолын ұстап жібермеген. Жұмабике Қадырова бірнеше айыпталушының қолынан пышақ байқағанын айтты.
Айта кетейік, бұл сот процесінің барысын Informburo.kz YouTube арнасы арқылы тікелей көрсетіп жатыр.
USD:
530.9 / 533.5
EUR:
613.5 / 618.5
RUB:
6.49 / 6.61