
Астана полициясы Перизат Қайраттың "тергеу изоляторы қызметкерлері тарапынан соққыға жығылдым" дегеніне қатысты мәлімдеме жасады.
"9 маусым күні тергеудегі Перизат Қайрат прокуратура органдарына арыз түсіріп, мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, дене жарақатын келтіргенін мәлімдеген. Аталған арыз бойынша жинақталған материалдар Астана қаласы Полиция департаментіне жолданып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу аясында мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынды", – делінген мәлімдемеде.
Астана полициясының хабарлауынша, алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша ПеризатҚайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмайды.
"Бұған Перизат Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптама тағайындалды", – делінген хабарламада.