Қазақстан аспанында екі ұшақ соғыла жаздады. Арнайы комиссия құрылуда

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Көлік министрлігі тергеу бастады.

Қазақстанның әуе кеңістігінде екі халықаралық жолаушылар ұшағы соқтығысып қала жаздады. Оқиға 2026 жылғы 10 қаңтарда Шымкент диспетчерлік орталығының жауапкершілік аймағында тіркелген. Бұл туралы Көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаменті хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Uzbekistan Airways әуе компаниясына тиесілі Airbus A320 ұшағы мен Ресейдің "Победа" әуе компаниясының Boeing 737-800 әуе кемесі бір әуе кеңістігінде қауіпті қашықтыққа дейін жақындаған.

Атап айтқанда, елорда уақытымен 05:42-де Внуково – Самарқанд бағытында ұшып бара жатқан PBD997 рейсі мен Термез – Мәскеу бағытындағы UZB9609 рейсіне қызмет көрсету барысында әуе қозғалысын басқару аймағында күрделі авиациялық жағдай туындаған.

Ведомство бұл жайтты уәкілетті орган міндетті түрде тексеруге тиіс ауыр авиациялық оқиға ретінде бағалап отыр. Қазіргі таңда оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып жатыр.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, егер қосымша сараптама қажет болмаса, тергеу мерзімі үш айдан аспайды. Тергеу барысында диспетчерлік басқару жүйесінің жұмысы мен экипаждардың әрекеттері де жан-жақты қаралады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары