Қазақстан туралы Travel шоу бірқатар әуе компанияларының бортында көрсетіледі

Фото: Travelpress.kz
Фото: Travelpress.kz
Шоудың премьерасы жаһандық Amazon Prime платформасында болды.

Америкалық Travel by Dart тревел-шоуы жаһандық Amazon Prime платформасында Қазақстанға арналған үш бірдей эпизодты ұсынды. Ауқымды жоба әлемнің түкпір-түкпіріндегі 400 миллионнан астам көрерменге бағытталған және теледидар арналары, стриминг қызметтері мен халықаралық әуе компанияларының борттық жүйелерін қамтиды, деп хабарлады Kazakh Tourism баспасөз қызметі.  

Travel by Dart шоуының форматы бойынша саяхат бағыты әлем картасына түскен дротик арқылы анықталады. Өткен жылы шоудың америкалық продюсерлері Қазақстанда түсірілім ұйымдастыру үшін Kazakh Tourism компаниясына жүгінді. Алматы, Астана қалаларының, Алматы және Ақмола облыстарының әкімдіктері бұл бастаманы қолдап, логистика мен негізгі туристік нысандарға кіру бойынша үлкен қолдау көрсетті.

"Қазақстан америкалық шығармашылық топ үшін табиғи әсемдігі, мәдени мұрасы және халықтың қонақжайлығы үйлесім тапқан мемлекет ретінде нағыз жаңалыққа айналды. Халықаралық медиа платформалармен және жетекші тревел-жобалармен тегін негіздегі әріптестік – Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілету құралдардың бірі. Amazon Prime платформасында елімізге арналған бірнеше эпизодтың жарық көруі – Қазақстанның АҚШ нарығындағы туристік имиджін нығайту жолындағы маңызды қадам", – деді Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.


Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстаннан қай елдерге тікелей ұшып баруға болады? Жаңа бағыттарға шолу


Travel by Dart шоуы Amazon Prime арқылы ғана емес, сонымен қатар әлемнің көптеген тележелілерінде және бірқатар әуе компанияларының бортында көрсетіледі. Тревел-шоу Қазақстанды мәдени мұрасы бай, табиғи ландшафттары алуан түрлі және бірегей дәстүрлері бар перспективалық туристік бағыт ретінде таныстырды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендер Шарын шатқалын, Көлсай көлдерін, "Алтын-Емел" ұлттық паркін, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын, Бәйтерек монументін, Astana Opera театрын, Орталық Азиядағы ең үлкен мешітті, "Сауран" базарын және басқа да көрнекті орындарды тамашалай алды.

Телешоу эпизодтарында Алматы облысындағы Саты ауылы ерекше аталды. Бұл елді мекен 2023 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымы UNWTO тарапынан әлемдегі ең үздік туристік ауылдардың бірі ретінде танылды. Travel by Dart авторлары қазақтың гастрономиясының ерекшеліктеріне де үңілді. Олар ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі асханалармен танысты. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары