
Сауд Арабиясының ішкі істер министрлігі қажылық уақытында Мекке қаласына рұқсатсыз кіруге не қажылық рәсімін рұқсатсыз атқаруға әрекет еткендерге, сондай-ақ, елге туристік визамен келіп, Меккеге кіруге талаптанғандарға айыппұл салынатынын хабарлады.
Айыппұл мөлшері 20 мың сауд риалына тең. Ол шамамен 2,7 миллион теңге. Сондай-ақ, визасының мерзімі өтіп кеткен немесе елге заңсыз жолмен келіп, қажылық өтеуге әрекет еткендерге де жаза қолданылады. Олар елден шығарылып, Сауд Арабиясына кіруге 10 жылға тыйым салынады.
Сауд Арабиясының билігі заңсыздыққа барған жеке тұлғалармен қатар, олардың туристік визамен елге келуіне көмектескен ұйымдармен де күрес жүргізеді. Олардың үстінен сотқа шағым түсіріп, жеке көлікпен келген болса, транспорты тәркіленеді.
Еске салайық, биыл үлкен қажылық сапарына Қазақстаннан 4500 адам барады. Жоспар бойынша, қазақстандықтар 24-31 мамыр аралығында қасиетті сапарға аттанып, 10-15 маусымда елге оралады. Қажылар Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан тікелей рейстер арқылы ұшады. Оларға отандық Air Astana мен SCAT, сондай-ақ Flynas (Сауд Арабия Корольдігі) әуе компаниялары қызмет көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Биыл үлкен қажылық сапарына Қазақстаннан 4500 адам барады