
Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Қазақстан халқы ассамблеясы ашылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ассамблеяның ХХХІV сессиясында осындай тапсырма берді.
"Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек", – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар прездиент барлық аймақтағы Достық үйін ел азаматтары мен шетелдік қонақтарға ашық туристік бағыттар картасына енгізуді ұсынды. Құзырлы орган басшылары мен әкімдерге ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуді, "Елдесу және татуласу" жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге таратуды тапсырды. Үкімет пен әкімдерді ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауға шақырды.
"Екіншіден, ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды. Бұл – Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет. Салалық министрлік, өңір әкімдері ҚХА журналистер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн", – деді президент.