Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын еліміздің инвестициялық және технологиялық драйверіне айналдыру бойынша стратегиялық міндет қойды. Мемлекет басшысы бұл жобаның Қазақстан үшін бірегей екенін және оның жүзеге асырылуына кедергі келтіретін кез келген бюрократиялық тосқауылдарға жол берілмейтінін қатаң ескертті.
"Жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс. Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қалыптастыру қажет", – деді ол.
Президент жобаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету барысында Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі тарапынан байқалған түсініксіз қарсылықтарға қатысты өз позициясын ашық білдірді. Мемлекет басшысы мемлекеттік орган басшыларын жауапкершіліктен қашпай, нақты нәтижеге жұмыс істеуге шақырды.
"Осы маңызды мәселе бойынша менің тапсырмаммен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды. Маған Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі бұған қарсылық танытқаны туралы баяндалды. Бұл Конституциялық заң қабылдауға мүмкіндік бермейді. Алайда менің төрағалығыммен өткен жиында мұндай пікір айтылмаған еді. Егер сіздерде қандайда бір қауіп не қарсылық болса, маған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Тиісті тапсырма беремін. Бірақ, менің ойымша, бұл шындыққа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер конференцияларда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман", – деді президент.
Оқи отырыңыз: "Алаяқтық жасалғаны таңғалдырады". Президент үкіметке бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құруды тапсырды
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жобаның сапалы әрі жедел іске асырылуын бақылауға алуды тапсырды. Алатау қаласы басы артық бюрократиядан ада, инвесторлар үшін ең қолайлы аймаққа айналуы тиіс.
"Бұл – еліміз үшін бірегей жоба. Сондықтан Үкімет оның басы артық бюрократиясыз, кідіріссіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз етуі керек", – деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бастама елімізге ірі көлемде инвестиция тартып, жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.
USD:
492.3 / 494.9
EUR:
584.5 / 588.5
RUB:
6.33 / 6.45