Жамбыл облысында 58 жастағы ер адам мен оның 20 жастағы ұлы аса ірі мөлшерде есірткі затын сақтап, тасымалдағаны және өткізгені үшін сот үкімімен жазаланды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Тергеу дерегінше, ер адам өз иелігіндегі шаруа қожалығында аса ірі мөлшерде есірткі сақтап, оны сату мақсатында дайындаған. Ол әр килограмын 180 мың теңгеден, жалпы 12 килограмды 2,16 миллион теңгеге өткізуге келісім жасаған. Сондай-ақ бірнеше күн ішінде тағы есірткі дайындауға уәде берген.
"Әкесі баласына есірткі заттарын сатуға дайындап қойғанын, оның сыртын қаптауға көмектесуін сұраған. Артынан сатып алушылар шаруа қожалығына келіп, 3 дана орамдағы есірткіні 1 млн теңгеге сатып алған. Есірткінің қалған бөлігін сатып алу барысында оларды ҰҚК қызметкерлері ұстады", – делінген сот хабарламасында.
Тінту кезінде 12 720 граммнан астам есірткі және шаруа қожалығы аумағынан табылған 13 қап кептірілген марихуананың жалпы салмағы 185 600 грамнан аса болған. Сот барысында әкесі өз кінәсін жартылай мойындаған, ал баласы айыпты мойындамай, әкесінің заңсыз әрекетін білмегенін айтқан.
Алғашқы сот шешімімен екеуі де жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда апелляциялық сатыда Жамбыл облыстық соты қорғау тарапының шағымын қарап, ұлына қатысты үкімді жазаны 4 жылға дейін шегеру арқылы өзгерткен.
Бұл іс есірткі айналымына қарсы күрестегі кезекті қатаң шаралардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
USD:
539.1 / 541.5
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.51 / 6.63