
АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстан тауарларына 25% баж салығын енгізуіне байланысты ҚР Сауда және интеграция министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
2025 жылғы 7 шілдеде АҚШ президентінен осы жылдың 1 тамызынан бастап бірқатар елге, оның ішінде Қазақстанға қатысты жаңа импорттық баждар енгізілетіні туралы ресми хабарлама келіп түсті. Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдер үшін жеткізілімдердің барлық көлеміне 25 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленген.
Министрлік мәліметінше, қазақстандық экспорттың басым бөлігі – мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар – жаңа тарифтердің қолданыстан алынуына байланысты жаңа бажсыз жеткізілуін жалғастыра береді. Қабылданған шаралар Қазақстан экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейді деп күтіліп жатыр.
"Қазақстандық тауарларға болжамды сауда режимін сақтау мақсатында ҚР Үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамалар жолдады. Қазақстан мақсаты – нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазіргі уақытта Америка тарапы Қазақстан ұсыныстарын қарастыруда және келіссөздерді өткізу күні туралы хабарлайды. Қазақстан ұлттық мүдделерін қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында Америка тарапымен одан әрі келіссөздер жүргізуге дайын", – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 4,2 млрд АҚШ долларын құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға жоғары (4,1 млрд АҚШ доллары). 2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 418,2 млн АҚШ доллары болды.