Шерзат Полат ісі: айыпталушы Абзал Шынасыл түрін көрсетуге қарсы болмады

Видео скрині
Видео скрині
Шынасыл Абзал Шерзат Полатқа пышақ сұқпағанын, бастапқыда кінәні мойындай салғанын жеткізді.

Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың сотында негізгі айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алу басталды.

21 мамырдағы сот отырысында Абзал Шынасыл өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірмеді. Бұған дейін сотталушылардың барлығы өздерін түсіруге қарсы болған. Сот процесінде ол өзіне тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтты. Сонымен қатар 2024 жылғы 3 қазаннан 4-іне қараған түні не болғанын баяндап берді. 

"Мен Шерзат Полаттың құлағанын көрдім, бірақ неден құлағанын көрмедім. Шалынып құлады деп ойладым. Сосын ол отырып "Жедел жәрдем, жедел жәрдем!" деп айғайлады. Барып тептім, ұрдым. Сол кезде арқамнан біреу тартты. Қарасам, мен танымайтын Дархан Әскентай екен. Оны танымағандықтан екі рет ұрып жібердім", – деді ол. 

Сот отырысында Абзал Шынасыл Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ ұрғанын мойындады. Сөзінше, төбелес кезінде Ғайыпбаев оларға қарсы мылтық атқан.

"Барсам екпетінен жатты. Құймышағы ашық жатыр екен. Содан пышақты екі-үш сантиметр етіп ұстап, жамбасынан ұрып жібердім. Бәрі кеттік-кеттік деді, сосын кетіп қалдық", – деді Абзал Шынасыл.

Одан соң Шынасыл Абзал Шерзат Полатқа пышақ сұқпағанын, бастапқыда кінәні мойындай салғанын жеткізді.

Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан көз жұмды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.

21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмыстық істің көлемі – 62 том.

Серіктестер жаңалықтары