Шерзат Полат ісі: Нұрымов оқиға болған күні "делайте" деген сөз айтылғанын растады

Сот отырысының трансляциясынан
Сот отырысының трансляциясынан
Қаржаубай Нұрымов оқиға болған күні "делайте" деп кім айтқанын мәлімдеді.

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында куәгерлерден жауап алынды.

Сотта іс бойынша жәбірленуші деп танылған марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен іске куәгер ретінде қатысып жатқан Самат Абдықадыр арасында тергеуде болған беттестіру кезіндегі видео көрсетілді.

Қаржаубай Нұрымов оқиға болған күні жанжалға қатысушыларға Самат Абдықадыр нұсқау жасап, "делайте" деп айтқанын мәлімдеді.

"Дүкеннің алдында төбелес болмастан бұрын Нұрбол, Дархан дегендер жігіттерін шақыра бастады ғой. Сол кезде дүкеннің алдына Accent және кабан көлігі келіп тоқтады. Самат түсті. Оның жанында тағы екі жігіт болды. Екі көлік тоқтап, Самат кабандағы жігіттердің бәрімен амандасты. Нұрбол, Дархан, Нұрқиястармен амандасты. Нұрқанатпен де амандасып, екеуі сөйлесіп тұрып қалды. "Бір жерден көрдім ғой" деген сияқты әңгіме болды. Мен дүкеннің алдында тұрдым. Нұрқанатқа "мен төбелеспеймін ғой, мен шалмын ғой, төбелеспеймін, мен үшін жігіттер сөйлеседі" деген сөз аузынан шықты. Нұрқанаттан "бәрі дұрыс па?" деп сұрап едім, ол маған "дұрыс, танимын ғой" деді. Сосын мынау "делайте" деді. Осы жігіттің аузынан осы сөз шықты," – дейді Қаржаубай Нұрымов видеода. 

Оның сөзіне қарағанда, Самат "делайте" деп қасындағы жігіттерге айтқан. Бірақ Самат Абдықадыр оны жоққа шығарады. 

"Жауаптарымен келіспеймін. Нұрқанатпен сөйлескеннен кейін біз дүкенге кіріп кеттік. Дидар екі сыраны алып келіп еді, сатушы болмады. Сатушы кім деп едік осы кісі кірді. Мен ақшамды алып, төлейін деп едім, сыртта "гүрс" еткен дауы естілді. Сол кезде аға (Қаржаубай) бізді "шығыңдар" деп дүкеннен қуып шықты. Сосын біз көлікке отырып, кетіп қалдық. "Делайте" деп айтқан жоқпын. Себебі ол адамдарды танымаймын. Кабанмен келген жігіттермен де амандасқан жоқпын, ешқайсын танымаймын да", – дейді куәгер Самат Абдықадыр. 

Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан қаза болды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.

21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды.

Қылмыстық істің көлемі – 62 том.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары