Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Қазір куәгер Эльмира Нұрбекова жауап беріп жатыр.
Бұған дейінгі сот отырысына екі әйелдің бірі Эльмира Нұрбекова куәгер ретінде қатысқан еді. Ол орыс тілінде жауап беретінін айтып, аудармашының көмегіне жүгінді.
Бүгін жәбірленушінің өкілі куәгерден Талғардағы қай мектепте оқығанын сұрады. Адвокат сот назарын Эльмира Нұрбекованың бұған дейін тек қазақ тілінде жауап бергеніне аударды. Судья Ержан Жанұзақов куәгерге орыс тілінде жауап беруге рұқсат берілгенін еске салды.
"Мен сотқа дейінгі тергеу барысында орыс тілінде жауап бердім. Сонымен қатар бізден екі күн бойы 100-ге жуық адам жауап алды. Мен тезірек қолымды қойып кетуге асықтым", – деді Эльмира Нұрбекова.
Қазір сотта куәгер Эльмира Нұрбекованың сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабы түсірілген видео көрсетіліп жатыр. Онда ол қазақ тілінде жауап беріп отыр.
Сотта және тергеу кезінде куә ретінде сөз сөйлеген Нұрбекованың берген жауаптары бір-біріне қайшы шықты.
Сот барысында Эльмира Нұрбекованың алдын ала алынған жауабының бейнежазбасы көпшілікке көрсетілді. Онда Нұрбекова Шынасыл Абзалдың Шерзат Полаттың үстіне отырып, жоғарыдан төмен қарай пышақ сұққанын баяндаған. Бейнежазбаны көрсетуге себеп – куәгердің сөздерінде қайшылықтардың анықталуы болды.
Сонымен қатар сотта Эльмира Нұрбекова мен Қаржаубай Нұрымовтың беттестіру кезінде жазылған бейнежазба да көрсетілді. Беттестіру барысында Нұрымов Нұрбекованы алғаш рет 3 қазан күні ғана көргенін айтқан.
Ал Нұрбекова Қаржаубайдың қолында мылтық болғанын және дүкенге кіргенде "шығыңдар, атамын" деп қорқытқанын мәлімдеді. Бұған дейінгі сот отырысында Нұрбекова мылтықты сақалды ер адамның қолынан көргенін айтқан болатын.
Оқи отырыңыз: "Немеремді өлтіргендердің түріне қарау оңай емес". Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді
Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан қаза болды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.
21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды.
Қылмыстық істің көлемі – 62 том.
USD:
530.9 / 533.5
EUR:
613.5 / 618.5
RUB:
6.49 / 6.61