Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Судья Ержан Жанұзақов блогерлерге және әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады.
"Құрметті сот отырысына қатысушылар, әлеуметтік желілерде іске мүлдем қатысы жоқ блогерлер мен басқа да азаматтар тергеу әрекеттері мен сот талқылауына қатысты жеке пікірін білдіріп, субъективті баға беріп жатыр. Осыған байланысты ҚР Конституцисының 75-бабының 1 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын, сонымен қатар сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейтінін және ол заңда белгіленген тәртіпте жауапкершілікке әкеп соғатынын естеріңізге саламыз", – деді судья.
Ержан Жанұзақов іс қаралып бітіп, үкім шығып, ол заңды күшіне енгенге дейін сот процессін түсіндіруге, әсіресе оған құқықтық баға беруге жол берілмейтінін ескертті.
Оқи отырыңыз: Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр. Адвокаттар прокурорды ауыстыруды талап етті
"Сот шешімді объективті, даусыз дәлелдер негізінде қабылдайды. Үкім шыққанға дейін сотқа қысым жасауға, негізсіз және дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді. Іске қатысты субъективті пікір таратуға болмайды. Бұл кей жағдайларда сотқа қысым жасау әрекеті ретінде бағалануы мүмкін. Осыған байланысты блогерлер мен басқа да желі қолданушыларына арандатушылық сипаттағы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Сот объективті әрі негізделген үкім шығаратынына кепілдік береді", – деді сот.
Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан көз жұмды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.
21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмыстық істің көлемі – 62 том.
USD:
531.7 / 534.7
EUR:
614.0 / 619.0
RUB:
6.53 / 6.65