Шымкент қаласында аса қатыгез қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы ер адам ұсталды. Ол 21 жастағы жергілікті тұрғынды өлтірді деген күдікке ілінді.
Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіні ұстау үшін қалалық полицияның барлық жеке құрамы жұмылдырылып, қала аумағында ауқымды жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілген. Қаланың кіреберіс және шығаберіс бағыттарында бақылау күшейтіліп, аумақ толық тексерілген.
Нәтижесінде күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық жерде анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті марқұм бойжеткенмен бұрын таныс болған. Қылмыстың себептері мен өзге де мән-жайы тергеу барысында анықталады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, кешенді жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, қанды оқиға Шымкент қаласындағы Толеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында орын алған. Пышақ жарақатын алған 21 жастағы бойжеткен оқиға орнында көз жұмды.
USD:
497.1 / 500.1
EUR:
588.0 / 592.0
RUB:
6.43 / 6.55