Бүгін Талдықорған қаласында Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот процесі басталды. Сот Ержан Жанұзақов тараптардың сот процесін Талдықорғаннан Алматыға ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады.
17 сәуірде сот отырысы адвокат Калиеваның кешігуіне байланысты 35 минутқа кеш басталды. Сот адвокатқа ескерту жасап, келесіде тағы кешіксе, сотқа құрметсіздік көрсеткені үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты.
Осыған байланысты айыпталушылардың бірінің қорғаушысы Абенов сот отырысын Алматыға көшіруді ұсынды:
"Бүгінгі кешігуді өздеріңіз де көріп отырсыздар, уақытымыз босқа кетті. Біз сізге бұл істі Алматыдағы изоляторға көшіру туралы өтініш жазамыз. Өзім сол жақта ірі істерге қатыстым. Алматы – барлық қалалардың ішінде бізге ең жақын орналасқаны. Осы нұсқаны қарастыруыңызды сұраймын", – деді ол.
Ұқсас өтінішті жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев те айтты. Ол Талдықорғанға жол ұзақ екенін алға тартып, егер процесс Алматыға ауыстырылмаса, онлайн қатысуға рұқсат сұрады.
Шерзаттың әжесі де ұзақ жолда қан қысымы көтерілетінін айтып, сотты көшіруді өтінді. Сот оған сот процесіне қатысудан босату туралы өтініш жазуға болатынын айтты.
"Сіздер алты адвокатсыздар. Егер бір-екеуіңіз қатыса алмасаңыздар да, сотты жалғастыра береміз. Онлайн қатысуға мүмкіндік жоқ, өйткені трансляция жүріп жатыр. Онлайнда сіздердің дауыстарыңыз естілмей қалуы мүмкін немесе техникалық ақаулар туындауы ықтимал", – деді Ержан Жанұзақов.
Айта кетейік, процесті сот Ержан Жанұзақов қарайды. Прокурорлар – Ержан Құрақбаев пен Дана Сәрсенбай.
Іс бойынша тоғыз адам айыпты болып танылған. Олардың бірі – кәмелетке толмаған. Оларға "адам өлтіру", "адам өлтіруге оқталу", "ұрлық", "бұзақылық" және "қылмыс туралы хабарламау" фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
А. Шынасыл мен Р. Сакиевке тағылан айыптар:
- Қылмыстық Кодекстің 99-бабы. "Адам өлтіру";
 - 24-бап. "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу",
 - 293-бап. "Бұзақылық".
 
А. Тоқтаубаевқа тағылған айыптар:
- 293-бап. "Бұзақылық";
 - 188-бап. "Ұрлық".
 
Д. Әскентай, Ш. Белғожаев, Н. Ильясов, Н. Тоқтаубаев, Д. Қалиахметке 293-бап "бұзақылық" айыбы тағылған.
Кәмелетке толмаған Д. Ы-ға Қылмыстық Кодекстің 434-бабы "қылмыс туралы хабарламау" бойынша айып тағылды.
Оқи отырыңыз:
- Шерзат Полаттың ісі: Екі күдіктіге ғана "кісі өлтіру" бабы бойынша айып тағылды
 - Талғардағы трагедия: Прокурор Шерзат Полаттың өліміне дейінгі оқиғалар тізбегін баяндады
 - Шерзат Полат ісіндегі адвокат: Айыпталушылардың жазасы шарттыға ауысып кетпеуін талап етеміз
 
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылдың 4 қазанында төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан көз жұмды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.
21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмыстық істің көлемі – 62 том.
USD:
                        524.7 / 527.3
                    
EUR:
                        604.0 / 608.0
                    
RUB:
                        6.39 / 6.51