Тариф дауына қарамастан, әлемде жолаушылар мен жүктің әуе тасымалы арта түсті

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Сыртқы экономикадағы саясат пен маусымдық ауытқулар әуе қозғалысының наурыздағы көрсеткішіне кері әсерін тигізген жоқ.

Әуе транспортының халықаралық қауымдастығы (IATA) әлемдік әуе тасымалы нарығы бойынша 2025 жылғы наурыздың мәліметтерін жария етті. Одан жүк және жолаушылар тасымалына сұраныстың төмендемегенін, керісінше 3-5 пайыз көлемінде өсім барын байқауға болады. 

Атап айтқанда, 2024 жылғы наурызбен салыстырғанда жолаушылар тасымалы көрсеткіші 3,3%-ға артық болса, жүк тасымалы саласындағы өсім 5,3%-ды құрады. Сондай-ақ, халықаралық тасымал бойынша өсім 4,9% болса, ішкі тасымалдың үлесі 2,5%-ға артқан. 

"Солтүстік Америкада жолаушылардың әуе тасымалына деген сұраныстың аздап төмендеуін елемейтін болсақ, жалпы жаһандық тұрғыда наурыздағы көрсеткіштер жоғары болды. Бұл әуежайлардың өткізу қабілетін қамтамасыз ету, әуе қозғалысын басқаруды жақсарту сынды мәселелердің өзекті екенін білдіреді", – деді IATA бас директоры Уилли Уолш. 

Ол атап өткендей, жүк тасымалындағы наурыздың көрсеткіштері де жоғары болды. 

"Бұл кей компаниялардың Трамп әкімшілігі 2 сәуірде жаңа тарифтер туралы хабарлағаннан кейін жүк жеткізуді жеделдетуімен байланысты болуы мүмкін. Қалай дегенмен, тарифтер саласындағы белгісіздік, авиаотын бағасының төмендеуі әуе жүк тасымалына қысқа мерзімде оң әсерін тигізді. Алдағы уақытта саяси көшбасшылар сауда дауларын келіссөздер арқылы шешіп, жағдайды реттейтініне үміт артамыз", – деді Уилли Уолш. 

Айта кетейік, соңғы бір жылда авиаотын бағасы тоғыз мәрте төмендеп, құлдырау 17,3%-ды құрады. 


Оқи отырыңыз: Airbus экологиялық таза авиаотынмен ұшатын ықшам ұшақтар өндірісін жоспарлап отыр


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары