Тоқаев: Футбол клубтарын жекешелендіруді жалғастыру керек

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Президенттің айтуынша, мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайды.

Қазақстанда футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында осындай тапсырма берді.

"Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент отандық спортшыларды қолдау жұмысын жалғастыруды тапсырды.

"Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары