
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес басталды.
Президент кеңесте Үкімет пен "Самұрық-Қазына" қорына аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды.
"МАЭК-тің су тұшыту қуаты жеткіліксіз болып тұрғанын білеміз. Соның кесірінен әсіресе, жаз айларында ауыз су тапшылығы қатты сезіледі. Үш қалаға және орталық құбыр желісі бар 59 елді мекенге ауыз су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр. Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр. Кендірлідегі жоба іске қосылған соң, Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады", – деді президент.
Мемлекет басшысы ұл жобаны кешіктірмей, дер кезінде, яғни, мамыр айында аяқтауды тапсырды.
"2023 жылы "Астрахань – Маңғышлақ" магистральді су құбыры жаңғыртылды. Оның су өткізу мүмкіндігі күніне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін артты. Бірақ бұл құбыр батыс аймақтың суға сұранысын толық өтей алмайды. Оның үстіне, құбыр арқылы келетін суды әбден тазарту керек. Сондықтан судың өзіндік құны қымбатқа түседі. Үкімет "Самұрық-Қазына" қорымен бірге осы аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.