
Ұлттық банк елдегі экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу жолдарын қарастырып жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алматыда ақша-кредит саясаты тақырыбында 5-ші ғылыми конференция өткізіп, қаржы институты өкілдері мен сарапшылар жасаған зерттеулердің нәтижесі талқыланды. ТМД елдерінің орталық банк өкілдері мен қазақстандық мамандар бас қосқан жиында инфляция мен қаржы саясатына қатысты жоспарлар мен өзгерістер пысықталды. Ақша-кредит саясаты күннен-күнге күрделеніп келеді.
Ал Қазақстан мұнай саласына тым тәуелді болғандықтан, қара алтын бағасының жиі өзгеруі – елдегі қаржылық тұрақтылыққа тікелей әсер етіп отыр. Сол себепті жан-жақты зерттелген шешімдер қабылдау керек дейді Ұлттық банк өкілдері. Сөздерінше, экономиканы әртараптандыру, іскерлік ортаны бақылауға бағытталған реформалар шикізатқа тәуелдікті азайтып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға сеп болады.
"Ұлттық банктің негізгі мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Біз үшін инфляция – бүгінде ең өзекті мәселе. Қымбатшылықты төмендетуге бағытталған шаралар жалғасады. Инфляцияның тым жоғары болуы тұтынушылық мінез-құлықты өзгертеді. Бұл экономикаға әсер етеді", – деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Титушкин.
Бүгінде халықтың жұмсайтын ақшасының 45 пайызы азық-түлікке кетеді. Бұл елде экономикалық жағдай тұрақты болғандағы көрсеткіш. Күнделікті асқа кететін шығын дағдарыс жағдайында 50 пайыздан асып кетуі мүмкін. Мұндай мәліметтерді Halyk Finance талдау орталығының сарапшылары жария етті.