
Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс үдеп барады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Үнді елінің қарулы күштері өткен түні Кашмир өңірінде әскерилер арасында атыс болғаны туралы ақпаратты таратты. Бірақ, Исламабад бұл туралы ешқандай пікір білдірмеді.
Ақпарат құралдарының дерегінше, екі ел арасындағы ұрыс қатарынан 5-ші түн жалғасып жатыр. Ал пәкістандық журналистер Ислам республикасының әскерилері Үндістанға тиесілі ұшқышсыз ұшу құрылғысын атып түсіргенін жазған.
Бұған дейін Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф соғысқа 100 пайыз дайын екендерін мәлімдеген еді. Тіпті, мемлекеттің жойылып кетуіне қауіп төнсе ядролық қаруды қолданбақ. Екі ел арасындағы кикілжің негізі өткен ғасырдан бері басылған емес. Бұған даулы Кашмир аймағы себеп.
Тура осыдан бір апта бұрын сол аумақта болған теракт жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. Үнді елінің бақылауындағы Кашмирдің Пахалгам өңірінде туристерге шабуыл жасалып, 26 адам қаза болған еді.
Мұны Үндістан террорлық шабуыл деп, екі ел арасындағы келісімдерді тоқтатып, Исламабадпен байланысты үзді. Кейін жергілікті билік күдіктілердің үйлерін тас-талқанын шығарды. Ал Пәкістан тарабы әуе кеңістігін жауып, сауданы тоқтатты.